Денсаулық сақтау

Шолпандағы жағдай тұрақталды

Шолпандағы жағдай тұрақталды


Құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бар арнайы республикалық комиссия Үржар ауданы Шолпан ауылындағы балалардың жаппай сары аурудың «а» түріне шалдығуына байланысты тексерісті аяқтады. Нәтижесінде, өткен жылдың қыркүйек айынан бері сары аурудың бұл түрін 12 баланың жұқтырғаны анықталды.

Республикалық комиссияны облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Нұрланғазы Ибраев басқарған көрінеді. Комиссия құрамына еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары, атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басқармасының басшысы Роза Қожапова, Қазақстан ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі комитетінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының инфекциялық және паразитарлық ауруларға эпидемиологиялық мониторинг департаментінің директоры Манар Смағұл, сонымен қатар, Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті Марина Головенко енген. Сондай-ақ, республикалық комиссиямен бір мезгілде Шолпан ауылында облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы да жұмыс істепті. Оны аталған басқарма басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова басқарған. Комиссия жұмысы барысында Үржар ауданындағы орталық аурухананың бас дәрігері Ж.Тлеуберлиннің БАҚ өкілдеріне ауру жұқтырған балалардың саны туралы қате ақпарат бергені анықталған. Комиссия 2017 жылдың қыркүйек айы мен биылғы қаңтар айы аралығында Шолпан ауылында сары аурудың «а» түріне шалдыққан 12 баланың ресми тіркелгенін анықтап отыр. Осы балалармен аралас-құралас болған 46 бала тексерістен өткізіліп, оның 25-і аудандағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған екен. Сөйтіп, осы 25 баланың 12-сінен сары аурудың «а» түрі анықталыпты. Десе де республикалық және облыстық комиссияның жұмысы барысында Шолпан ауылында тұратын тағы да 19 баланың дәрігерлік амбулаторияның медициналық қызметіне жүгінгені белгілі болып отыр. Бірақ аудандық аурухананың бас дәрігері ауылдағы эпидемиологиялық жағдайды жіті қадағаламағандықтан дәрігерлік амбулатория басшылығы бұл жайында аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасына дер кезінде хабарламаған. Осылайша, бұл 19 бала сары аурудың «а» түрін жұқтырған балалардың статистикасына кірмей қалған көрінеді. 19 баланың барлығы амбулаториялық жағдайда ем алған. Бүгінде олардың жағдайы қанағаттанарлық, ешқайсысы айналасындағыларға ауруды жұқтыру қаупін тудырып отырған жоқ.

Сондай-ақ, осы ауылда сары аурудан қайтыс болған жасөспірім қыздың өлімі бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, анықталып жатыр. Мамандар бұл қыз сары аурудың «а» түрін емес, басқа түрін жұқтырған болуы керек деп күмәнданып отыр.

Жалпы алғанда, республикалық және облыстық комиссияның жұмысы барысында аудандағы орталық аурухана басшылығының өрескел қателіктерге жол бергені анықталған. Нақты айтқанда, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау өз деңгейінде емес, санитарлық ереже талаптары сақталмаған, тіркеу-есепке алу құжаттары, диагностикалау және емдеу хаттамалары дұрыс жүргізілмеген.

Қазіргі күні Шолпан ауылындағы жағдай тұрақты. 140 балаға вакцина салынып, барлық үйлер мен мектептер дезинфекцияланған көрінеді.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Шолпандағы осы жағдайға байланысты журналистерден асығыс ақпарат таратпауды, алған деректі тексеріп, анықтап барып қана жариялауды сұрады.

Республикалық комиссияның төрағасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Нұрланғазы алдағы уақытта осы жағдайдың кейбір тұстарын нақтылау үшін тағы да комиссия құрылатынын айтты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button