Мәдениет

Шәмшінің әндері Шығыста шырқалып жатыр

Кеше Өскеменде Шәмші Қалдаяқов атындағы ІІІ халықаралық «Менің Қазақстаным» фестивалі басталды.

Шәмшінің әндері Шығыста шырқалып жатырҚазақ вальсінің падишасы, 300-ден астам әннің авторы, ғасырда бір туатын ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндері Төр Алтайда шарықтауда. Бастауын 1992 жылы Шымкентте өткен қалалық ән байқауынан алған шара араға сегіз жыл өткенде халықаралық дәрежеге көтерілген болатын. Мәдениет министрлігінің тікелей ұйымдастыруымен өтіп келе жатқан байқаудың алауы Астанадан кейін Өскемен қаласында тұтанып отыр. Ән фестивалінің көрігін еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларының үміткерлері, Моңғолия мен Қырғызстан мемлекетінің өкілдері қыздыруда. Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов әндерін ұлықтаған мұндай байқау біздің облыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль басталмас бұрын ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Қазылар алқасының төрағасы, композитор Жоламан Тұрсымбаев байқау шарттарына ешқандай өзгеріс енбегенін, үміткерлердің әрқайсысы екі әннен орындайтынын айтады. Оның бірі музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен орындалса, екіншісі дайын минусқа жанды дауыспен ілесіп орындалуы шарт.

– Қазақтың бетке ұстар сазгеріне арналған байқау түркілердің түп қазығы саналатын Алтайда өтуі өте орынды дер едім. Ұлы композитордың ұлы өлкеде ұлықталуы құптарлық іс. Осы фестивальды Өскеменде өткізуге мұрындық болып, оны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – деді Жоламан Тұрсымбаев.

Қазылар алқасының құрамында қазақ музыкасының тағы бір аңыз тұлғасы Ескендір Хасанғалиев те бар. Ол Шәмшімен таныстығы радио саласында жұмыс істеп жүрген кезден басталғанын айтады. Композитордың «Арыс жағасында» және «Ақерке – Ақжайық» әндерін алғаш орындау бақытына ие болғанын мақтанышпен жеткізді.

– Қатысушылардың тізіміне қарап, фестиваль кең ауқымды қамтып отырғанын аңғардым. Шәмшінің атындағы байқауда топ жаруды қай әнші армандамас дейсіз? Әдетте мұндай байқауларға 40-50 үміткер талап білдіріп жатады. Ал байқауға 20 үміткер жіберіліп отыр. Әрбір облыстан бір ғана талапкер қатысуы тиіс. Сондай-ақ Қырғызстаннан екі, Моңғолиядан бір әнші қатысады, – дейді ол.

Шығыс Қазақстанның намысын бұл сында үш әнші қорғамақ. Олар: Айжан Мазкенова, Нұргүл Қабдоллаева және Тоғжан Таханова. Байқауға құрметті қонақтар ретінде Шәмшінің отбасы да шақырылыпты. Сазгердің жары Жәмила Қалдаяқова жұбайының өз әндері әлі атын тарихта қалдыратынына сеніп өткенін айтып берді.

Фестивальдың ашылу салтанатында композитордың жарымен қоса ұлдары Мұхтар және Әбілқасым Қалдаяқовтарға ерекше құрмет көрсетілді. Сазгердің екі ұлы да әке жолын қуып, музыка саласында еңбектенуде. Сондықтан болар әкесінің атындағы музыкалық қордың директоры Әбілқасым Қалдаяқов қазылар алқасының құрамына кіргізіліпті. Ал Мұхтар Қалдаяқов болса, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының дирижері болып қызмет етуде.

Фестивальдың қорытындысы 21-қыркүйек күні өтетін гала-концертте жарияланбақ. Гала-концертке қазақ эстрадасының жұлдыздары Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер, Толқын Забирова, Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаева, Медеу Арынбаев және «Орда» тобы қатысады деп күтілуде.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button