«Дидардың» қонағы

Сержан БӘШІРОВ, зергер: – Нағыз қолөнер шеберлері шалғай ауылдарда жүр

Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы өткен жылы ұлтымыздың қолөнер жауһарларын жаңа бір қырынан көрсеткен өзгеше жәдігерлермен толыққан болатын. Солардың ішінде бір ғасырдан астам тарихы бар отау жүзік пен үкі аяқ та бар. Ерте кездерде еліміздің Оңтүстік өңірлерінде кең тараған бұл отау жүзікті мұражайға зергер Сержан Бәшіров тапсырыпты. Бүгінде Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студенттерге дәріс беріп жатқан жерлесіміздің жинастырып жүрген мұндай көне зергерлік әшекейлерінің саны мыңға жетіп жығылатын көрінеді. Оның өз қолымен жасаған білезік, сырға, моншақ секілді бірнеше ондаған әшекей заттары да облыстық мұражайдың «Зергерлік өнер» бөлімі төрінен орын алған. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында зергерлік өнерімен әлемнің бірқатар елдерінде қазақтың атын айғақтап жүрген жерлесімізбен хабарласып, сұхбаттасқан едік.

Сержан БӘШІРОВ, зергер: – Нағыз қолөнер шеберлері шалғай ауылдарда жүр

Бұл өнерге келуіме
әкемнің бір ауыз сөзі түрткі болды

– Сержан Мұратұлы, екінің бірінің қолынан келе бермейтін зергерлік өнерге келуіңізге не себеп болды?

– Әлі есімде, бес-алты жасар кезім болса керек. Мен кәдімгі пластилинмен адамдарды, жан-жануарларды жасауға әуес болдым. Ең алғаш өнерге келуіме «Сенің сурет өнеріне қабілетің бар екен ғой? Мен сұрастырып білдім, Алматыда сурет училищесі бар екен. Сен соған барсаң қалай болады?» деген әкемнің бір ауыз сөзі түрткі болды. Оған дейін бір сыныпта оқитын ауылдастарыммен Өскемен қаласына жақын орналасқан «Саратов ауыл шаруашылығы техникумына барамыз» деп жоспарлап жүргенбіз. Сөйтіп, «Әке – балаға сыншы» дегендей, менің бойымдағы өнерімді дер кезінде байқап, өмірде дұрыс бағытқа жөн сілтеп жіберген әкемнің арқасында азды-көпті атағы бар зергер, қолөнер шебері атандым.

Менің апам аса ісмер кісі болған. Тоқыған алаша, сырмақтарына сол кездердің өзінде ел арасында үлкен сұраныс болған көрінеді. Солардың қайсыбірі әлі де бар. Өз қолымен пішіп, тіккен киімдері бертінге дейін сақталды.

– Шебер ғана емес, көненің көзін жинаушы коллекционер де екенсіз. Өскемендегі мұражайда сіз қалпына келтіріп, өңдеген торсық, өзіңіздің коллекцияңыздан алынған көнек, кесеқап сияқты теріден жасалған сирек кездесетін бұйымдар тұр екен. Оларды қай өңірден таптыңыз?

– Жәдігерлерді жинай бастағаныма биыл 20 жылдан асты. Қазір халықтың көнені тану, бағалау деңгейі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көтерілді. Қолөнер технологиясының ішінде теріден ыдыстар жасаудың көптеген технологиясы ұмытылып барады. Малдың бітеу сойылған терісінен әзірленген ол торсық ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жасалған. Торсықтың бүйірінде өріліп терілген, арабша жазылған сөздер бар. Беткейінің нақ ортасында басты бедер ретінде шеңбер салынған. Бұл шеңбер ежелгі ата-бабаларымыздың күнге табынғандығын білдірсе керек. Оларды мен Оңтүстік Қазақстан өңірінен таптым.

Елдегі тума таланттар тасада қалмауы керек


– Шеберліктен басқа істейтін жұмысыңыз бар ма? Зергерлікпен айналыса бастаған жастарға қандай ақыл айтасыз?

– Қазір Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Декоративтік қолданбалы өнер және дизайн» саласы бағытында дәріс беріп келемін. Өнерге бейім бес-алты баланың ішінде қайткен күнде де талантты әрі талапты бір-екі бала болады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген, оларды кішкене кезінен студиялар мен сурет мектептеріне қатыстырып, дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Менің бір өкінетінім, көптеген қолөнерге бейімі бар талантты балалар шалғай ауылдарда, көп нәрседен бейхабар, қор болып жүр. Оның үстіне нарық заманында көбінің ата-аналарының жағдайы да жоқ. Осы ой да мені жиі мазалайды.

– Қазақ үшін қасиетті саналатын қолөнерімізді өркендету үшін не істеу керек?

– Соңғы жылдары «Шеврон» компаниясының ұйымдастыруымен Алматыда бірнеше рет көрме ұйымдастырылды. Бірақ, соған Шығыстағы Риддер, Зырян өңірлерінен өзге қазақы аудандардан қолөнер өкілдері қатыспай келеді. Қолөнер – халықтың мұрасы. Шеберлердің көптеп шығатын жері негізінен қазақы аудандар. Ал ол аудандардың көбі шалғайда. Сол шалғайдағы аудандарда бұрынғы музыка, спорт, сурет мектептері сияқты қолөнерді үйрететін, соған бағыттайтын бөлімшелер ашылса деймін. Сосын олардың жасаған бұйымдарының сатылуына, орталықтардағы көрмелерге қойылып, конкурстарға қатысуларына мұрындық болып, халыққа насихаттау жұмыстарын ұйымдастыруда жетекшілік етіп, өнерге шынайы жанашыр адамдар жүрсе қандай тамаша болар еді.

Ел ішінде қолынан іс келетін, шеберлікке бейім азаматтар баршылық. Тек, жасаған бұйымдарына сұраныс болмаған соң, ол адамдар басқа шаруамен айналысуға мәжбүр болады. Айталық, Катонқарағайда алаша тоқумен айналысатын Гүлнар деген келіншек бар. Жеті-сегіз жыл бұрын Алматыда туризм көрмесінде бір ақсақалды көрдім. Зейнетке шыққан соң зергерлікпен айналысып, көне тәсілдермен бұйымдар жасайды екен. Ол кісі де өзіміздің Катонқарағайдікі. Осындай таланты мен талабы бар жандарға жергілікті әкімдіктер немесе жеке кәсіпкерлер тарапынан материалдық, рухани қолдау көрсетіліп жатса, халқымыздың қолөнері уақыт өткен сайын заман талабына сай дамып, сұраныстарға да ие болар еді.

Наурызды айшықтайтын дүниелерді
халыққа ұсынсам деймін


– Қазіргі таңда ою-өрнектерді салудың ұлт ұғымында қалыптасқан өзіндік тәртібі, реті сақтала бермеуде. Ал зергерлік әшекейлер мен өзге қолөнер бұйымдарын жасауда олардың ежелгі жасалу жолы, технологиясы, үлгісі қаншалықты сақталып келе жатыр?

– Қолөнер заманына қарай бірте-бірте трансформацияға ұшырап тұрады. Ол заңды құбылыс, сондықтан одан қорқатын ешнәрсе жоқ. Қолөнер де халқымыздың ана тілі сияқты. Сондықтан оны дамытып, қажет деп табылған тұсын жетілдіріп, заманмен үндестіре өркендеткен абзал. Бірақ, оған Үкіметтің көмегі, қолдауы ауадай қажет. Мәселе дұрыс жолға қойылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтыса, шикізат, жүн, тері, сүйек-саяқ секілді дүниелер пайдаға асар еді. Бұл ауылдағы жұмыспен қамту проблемасын шешуге де септігін тигізбек.

Ауыл мектептерінде жергілікті халықтың тарихы мен шежіресін, өнері мен әдебиетін, сондай-ақ, табиғатын, өзіңіз айтып отырған ою-өрнек үлгілерін, тағы да басқа құндылықтарын қамтитын кішігірім мұражайлар ашылса. Бұл әр өлкенің, тіпті, әр ауылдың өзіндік ерекшелігін әйгілейді. Ал оған тағы да қаражат керек. Бұл да жанашыр адамдардың қолынан келеді. Мен айтып отырғандай мұражай Ақсуатта бар. Шағын болса да экспозициясы талғаммен жасалған, ғимараты да көрікті. Қазір қолөнер дами бастады дегенімізбен, көзден де, көңілден де кетіп, аты ұмытылған жәдігерлеріміз толып жатыр. Сондықтан өзге аудан, ауылдарда да осындай мұражай болу керек.

– Өзге елдің шеберлерімен кездесіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер бар ма?

– Алғаш тәуелсіздік алған жылдары ондай мүмкіндіктер көп бола қойған жоқ. Қазіргі таңда орталық қалаларда көрмелер жиі ұйымдастырылады. Сондай көрмелерге Орта Азия республикалары мен шетелдерден шеберлер келгенде олармен жақынырақ араласып, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер болып тұрады. Жалпы, дамыған мемлекеттерде қолөнер болсын, басқасы болсын, өнер түрлерін өте жақсы бағалайды.

Өзімнің қолымнан шыққан заттар Германия, Франция, Венгрия, Украина, Мәскеу, АҚШ, тағы басқа елдердегі көрмелерге қойылған. ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатын алуыма осы көрме-конкурстардың тигізген әсері де көп болды.

– Халқымыздың бір кезде жоғалып кете жаздап, қайта жаңғырып, ортамызға оралған қолөнері сияқты Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі де тәуелсіздігіміздің арқасында ел-жұртпен қайта қауышты. Төл мерекеміз сіз үшін несімен қымбат?

– Бар қазақ үшін әз-Наурыз Ұлыстың ұлы күні болуымен ерекше болар. Осы сөзде көп мән жатыр. Наурыз – күн мен түннің теңесуі, табиғаттың жаңаруы. Даланың түлеп, дүбірге толуы. Елдің бірігіп, емен-жарқын жүздесіп, бір-бірін құттықтап, ұлан-асыр қуанышқа кенелуі. Осының бәрінің көктен нұрын төккен көктеммен бірге келуі халқымыз үшін ерекше толғанысқа толы, мерекелі сәт деп білемін.

Наурыздың нақышы, нышаны дейміз бе, әлде белгісі немесе ажары деуге болар, олар – Қыдыр ата мен Ұмай ана, наурыз-көже, жыл он екі айға ие болған жан-жануарлар екені белгілі. Бірақ, соны біле тұра елеп, ескере бермейміз. Сол Наурыздың басты символдары бейнеленген дүниелерді молайтуымыз керек деп ойлаймын. Елдің қолы жеткен дүние есінде де қалады. Оны осы қолөнерімізден бастау керек. Мысалы, менің «Алтай», «Керулен», «Тарбағатай», «Ұмай ана», «Сырмақ» сынды тақырыптарға жасаған бірқатар кәдесыйларым бар. Сол сияқты алдағы уақытта халыққа Наурыздың мағынасын, маңызын ашатын, әрін келтіретін құнды қолөнер дүниелерін көптеп шығарсам деймін. Қазақтық қалпымызды, дүниетанымымызды, ұлттық келбетімізді көрсететін – осы қолөнер туындыларымыз.

Міне, осы айтып отырған қасиетті дүниелер мереке күні бала-шағаға, отбасы мүшелері мен жолдас-жораларға сыйға тартылып жатса, Наурызымыздың көркі одан сайын ажарлана түсер еді. Кішкентай сәбидің санасында да Наурыз дегенде Аяз ата, шырша тәрізді белгілі бір дүние, ұғым жаңғырып тұрса, онда төл мерекеміздің бағы жанары анық.

Сұхбаттасқан – Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button