«Дидардың» қонағы

Серік ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: – Жүрсін Ерманның «Мен болмасам, айтыс ақындары велосипед те мінбес еді» деген сөзінде шындық бар

Серік ҚАЛИЕВ, айтыскер ақын: – Жүрсін Ерманның «Мен болмасам, айтыс ақындары велосипед те мінбес еді» деген сөзінде шындық барБелгілі айтыскер ақын, жерлесіміз Серік Қалиевті жұртқа таныстырып жату артық болар. Соңғы жылдары үлкен жыр додаларында жиі бой көрсетпесе де, ара-тұра сахнаға шығып, салмақты ойларымен елдің қошеметіне бөленіп жүрген ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен-ді. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Алатауда жүрсем де,
Тарбағатайды сағынамын


– Арғы тегіңізде Боранбай, Шәкі, Сасан билердің, Тана мырза, Молдабай балуан, Ырғызбай әулие, Әсетпен айтысқан Кәрібай ақын секілді текті тұлғалар бар. Өлең сізге осы тұлғалардан дарыған шығар…

– Даналық ойын қара өлеңге сыйғызған бабалар мұрасы – ұрпақтың рухани қазынасы. Қазақтың өмірінің өзі өлең. Тал бесіктен жер бесікке дейін.

«Туғанда дүние
есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына
кірер денең»
дейді хакім Абай. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп талғам таразысына салған да сол данышпан бабамыз. Құнарсыз топырақ қуарып тұрады. Қайнары жоқ өзен суалып тынады. Өзің айтқан айтулы тұлғалардың болғаны тектіліктің үлгісін, өнер көшінің жалғасқан үрдісін көрсетсе керек. Жалпы, өлең туралы өлең жазып толғанған ақындар қаншама?! Мұқағали ақынның «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегеніндей, «өлең қонған» дейтін дарындардың құрап жүргендері де түрлі әдеби тәсілдер арқылы құбылтқан сол баяғы халықтың қара өлеңі. Ақындық – Алланың сыйы. Тағдыр – жаратқанның жазуы.

– Жуырда «Уақыт керуені» деген жинағыңыз жарық көріпті. Аталмыш жинақтың ерекшелігі қандай? Қаншалықты ізденістерге бардыңыз?

– «Уақыт керуені» жыр жинағы «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Рақымғали Абрарұлы ҚұлМұхаммед мырзаның демеушілігімен жарық көрді. Бұрын «Көзайым» атты кітабым шыққан болатын. «Жинақтың мынандай ерекшеліктері бар, тыңнан түрен салдым, керемет ізденістерге бардым» деп айтудан аулақпын. Қандай артықшылығы, нендей әттеген-айы бар дегенді менің шығармашылығыммен таныс көзі қарақты оқырман саралай жатар деп ойлаймын. «Уақыт керуені» кітабы Жазушылар одағының поэзия кеңесінде талқыланып, өлеңнің асылы мен жасығын айыра білетін ақын ағаларымыз өз пікірлерін білдірген болатын. «Көзайым» кітабына бірлі-жарымды айтыстар мен әнге жазылған өлеңдер енсе, бұл кітапқа тек уақыт керуеніне ілесіп, осы кезге дейін жазылған жырлар ғана топтастырылды.

– Туған өңіріңіз Шығыстағы Тарбағатай атырабы екен. Туған жердің қадірін алыстағанда білетін адамбыз ғой. Сізге кіндік қаныңыз тамған өлке қаншалықты қадірлі?

– «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп тәмсілдеген қазақ баласы үшін туған жердің қаншалықты қастерлі екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Алатауда жүрсем де Тарбағатайды ойлаймын, елді сағынамын. Шығыста болып жатқан жылт еткен жақсы жаңалыққа баладай қуанамын. Әсіресе, әкім болып Бердібек САПАРБАЕВ барғалы Шығыстың шырайын кіргізіп, ұлттық рухымызды көтеріп жатқаны сол өңірдің бір перзенті ретінде мені де сүйсінтеді. Өскеменнің төрінде ұлы Абайдың, Ақсуат жерінде Қабанбай бабамыздың ескерткішінің бой көтеруін даналық пен батырлық рухтың қайта оралуы деп айтуға болады. Былтыр Тарбағатай ауданының әкімі Ерлан Текешовтің шақыруымен Ақсуатта шығармашылық кешімді өткізіп қайтқан болатынмын. Елдің ықыласы қанат бітірді, батасын алып қайттым. Жалпы, туған жеріне өлең арнамаған ақын жоқ шығар. Менің өлеңдерімнің дені туған жерге деген сағыныштан туындаған, сол арқылы аңсауымды басып, көңілімді жұбатамын. Осыдан біраз жыл бұрын:

– Жүрекке мөрі басылған,
Туған жер дейтін құжаттың.
Арманымды іздеп ғасырдан,
Өзіңнен кеттім ұзап тым.

Сағымдай жылдар көшкенде,
Сағыныш мұңын ішемін.
Жұлдызым көктен өшкенде
Өзіңе ағып түсемін, –
деп жазған болатынмын.

Айтыстың құны түспейді, айтыскердің құны түсуі мүмкін


– Айтыс өнерінде де оза шауып, төске өрлеген төкпе ақынсыз. Кейінгі уақыттар бедерінде Жүрсін мен айтыскер азаматтардың арасында біраз келіспеушіліктердің де орын алғаны белгілі. Бұл нені көрсетеді? Айтыстың құны түсіп бара жатқан жоқ па?

– Айтыстың құны түспейді. Ал айтыскер ақынның құны түсіп кетуі мүмкін. Егер шынайы өнерге деген адалдығы болмаса. Халқымызда «су ішкен құдығыңа түкірме», «қайта кірер есігіңді қатты жаппа» деген сөз бар. Бір-екі ақынның пікірі Жүрсінге деген бар ақынның көзқарасын білдірмейді. Кімнің қалай айтысатыны, суырып-салмалық қабілеті қандай деңгейде, қайсыбірінің бас бәйгеге тігілген темір тұлпарды қалай алып жүргені маған бес саусақтай белгілі. Сондай-ақ мүшәйралардың да орындары адалдықпен беріледі демес едім, бөлінеді деп айтқан дұрыс шығар. Жүрсін Ерман ағамыздың «Мен болмасам айтыс ақындары велосипед те мінбес еді» деген сөзінде шындық бар. Сондықтан алды отыздан аса, соңы екіден көлік мінген айтыс ақындарының қырғиқабақ танытуы адамгершілік емес. Айтыстың болашағы үшін жанкештілік танытып жүрген Жүрсін Ерманға алғыстан басқа айтарым жоқ.

– Өзіңіз қанша көлік міндіңіз?

– Айтыс сахнасында жүргеніме жиырма жыл болды, Жүрсін ағамыз ұйымдастырған айтыстан көлік мінген емеспін. Арқадағы Қареке бабаның ұрпақтары өткізген, қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке арналған республикалық айтыста бас бәйгеге бір көлік мінгенмін. Шүкіршілік етемін.

Отыздан астам әнге сөз жаздым


– «Қазақтың қара домбырасымен анда-санда ән саламын» депсіз. Бұдан бөлек, әнге сөз жазады екенсіз. Өміріңізде әннің алар орны мен маңызы қандай?

– Қазақ даласына келген жатжұрттықтардың «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп тамсануы тегін болмаса керек. Салқар далада жүйрік баптап, тазы жүгіртіп, қыран ұстаған халқымыздың ән өнері әлемнің кез келген классикалық туындыларынан артық болмаса, кем емес. Тарбағатай тауында менің балалық шағым өткен Қырықошақ дейтін жайлау бар. Сол жайлау туралы өлеңімде:

– Маужыраған шілдеде
аспан ұйып,
Өр шыңдары ақ бұлтқа
тосқан иық.
Қой жусаған сәскеде ән салуға
Сахна ғып шығушы
ем тасқа биік, –
деген шумақ бар. Кішкентай транзистордан естіген халық әндері мен халық композиторларының әндерін жаттап алып, жайлауда көрерменсіз жеке концерт қоятынмын. Інжу-маржан әндерге деген құштарлығым ерекше болатын.

Ал әннің өлеңдеріне келсек, Е.Хасанғалиев, Тоқтар мен Бейбіт, С.Қалымов, Г.Өмірбаева, Д.Сыздықов, Г.Тергеубекова, тағы басқалар орындап жүрген отыздан аса әннің өлеңін жаздым. Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне шығарған «Аңғал досым-ай» дейтін өз әнім Тараздағы Ғани Мәтебаевтың айтуында Қазақ радиосынан беріліп жүр. «Иманың – жалғыз жолдасың» дейтін термемді Мейрамбек Бесбаев бауырым екі жылдан бері халыққа насихаттап келеді. Алаш ардақтыларының есімін ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында шығарған «Алаш арыстары» дейтін әнді Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали сияқты талантты әншілер орындап жүр. Осы ән 2010 жылы «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырған жалпы республикалық «Елім деп соққан жүрегім» деп аталатын ән байқауында бірінші орын алған болатын. Кейінгі кезде дидактикалық сарындағы ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке шақыратын термелер жазсам деген толғаныста жүрмін.

– Бұрындары Қазақ радиосының қызметкері болдыңыз. Жақсы бағдарламаларды дүниеге әкелдіңіз. Қазіргі жұмысыңыз қалай? «Атамұра» шығармашылығыңызға қандай серпіліс берді?

– Еліміз тәуелсіздік алысымен құрылған «Атамұра» корпорациясы республикамыздағы көшбасшы баспа. «Атамұра» корпорациясы полиграфиялық өнімдердің барлық түрлерін заман талабына сай сапалы әрі қысқа мерзім аралығында шығара білуінің, жаңа жобаларды жүзеге асыруының нәтижесінде шетелдерде өтетін халықаралық кітап жәрмеңкелері мен көрмелерде дипломдар, мақтау қағаздары мен халықаралық сертификаттарға ие болған. Корпорация Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» дипломымен марапатталған. Парижде корпорацияға өндіріске ықпал ету ассоциациясының (SPI) алтын медалі, Женевада халықаралық Алтын жұлдыз, Мальтада «Хрусталь рыцары» дипломы, былтыр АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында халықаралық «Quality Summit» Платина сыйлығы тапсырылды. Осы жетістіктердің бәрі отандық баспа саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар корпорацияның әлемдік бәсекедегі беделін көрсетеді. Ал осындай жерде қызмет ету үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Шығармашылығыма да серпіліс берді, кітап шығарудың қыр-сырын меңгеріп, рухани толыстым деп айта аламын.

– Ғалым Тұрсынбек Кәкішев сізді Қазақ ұлттық университетіне алып қалыпты. Егер сонда табан аудармай қызмет атқарсаңыз, білікті ғалым болуыңыз мүмкін бе еді?

– Ұстазым Тұрсынбек аға әлі күнге дейін жолыққан сайын «жалқау шәкіртім болдың» деп қалжыңға жүгірткен болып ренжіп жүр. Студент кезімде жарияланған мақалаларымды оқып, сенім артып, өзі басқаратын кафедраға алып қалып еді. Аспирантураға түсетін кезімде жаңадан салынған Студенттер сарайында оқу орнының көркемөнерпаздар ұжымын топтастыратын студенттер клубына директор болып тағайындалдым. Бәрін жаңадан бастадық. Университеттің оркестрін құрдық, қазақ тіліндегі көңілді тапқырлар сайысының негізін салдық дегендей… Бес жыл ұйымдастыру, әкімшілік жұмыстарымен жүргенде ғылым жайына қалды. Мүмкін ғылым жолында жүре бергенімде білікті ғалым болмасам да, ғылыми атақ алған көп кандидаттың бірі боларым анық еді.

Бішкектегі жыр додасы есімнен кетпейді


– Бүгінгі жастар поэзиясына назар саласыз ба? Назар салсаңыз, жаныңыздан орын алған жақсы ақындардың қайсысын бөліп жара айтар едіңіз?

–Жастар поэзиясына көңілім толады. Қадағалап оқып жүремін. Ешкімді бөліп-жарып атамай-ақ қояйын, өте көп. Бірі айтылса, енді бірі айтылмай қалуы мүмкін.

– Жуырда Айтыскерлер одағы құрылады деген әңгіме тарады. Бұл пікірге деген көзқарасыңыз қандай?

– Құрылса, құрылып жатқан шығар, анық хабарым жоқ.

– Айтыс аламанына қатысқан кездеріңізде есіңізде ерекше сақталған айтыс кіммен болды деп айта аласыз?

– Ерекше есімде қалған айтыстың бірі от тілді, орақ ауызды ақын, марқұм Оразалымен болған айтыс. Екінші Бішкекте өткен айтысты айтар едім. Үш-төрт жыл бұрын қырғыз ақындарымен жекпе-жек айтыс жасау үшін қазақтың төрт ақынын ертіп барғанмын. Оларда қарсыласты жеребе арқылы анықтап, бірден сахнаға шақырады. Қырғыз ақынымен айтысамын деп тұрғанымда жеребе бойынша қырғыз елінің келіні, қазақтың қызы Майра Керімқызымен айтысуға тура келді. Сол кезде қазақ-қырғыз ағайындардың арасында Қарқара жайлауы дау туғызып тұрған болатын. Екінші кезекте Майра апай:

– Қазағым байып
бүгін шалқалады,
Алатауға тиіп тұр арқалары.
Қыздың назы деп түсін айналайын,
Майраға қайтарсаңшы
Қарқараны,
– деген кезінде қырғыздар бес минуттай дуылдатып қол соғып тұрып алды. Көрермендердің ішінде жоғары лауазымдағы шенеуніктері де отыр. Сол кезде ойыма түрлі жауаптар келді. «Не деуім керек, соңымда Қазақ елі тұр» деген намыс шарпып өтті санамды. Сонда:

– Апатай-ау, көңілің
жаз болды ма,
Жаз-көлден үйрек ұшып,
қаз қонды ма?
Қырғыздың әуенімен айтар деп ем,
Табиғатың үйлеспес саз болды ма?
Құдаларға енді ештеңе
бере алмаймын,
Сізді қиып бергенім аз болды ма?
– деп әзілдеп жауап қайтарып, қырғыздардың да қошеметіне бөленгенім есімнен кетпейді.

– Өтежан Нұрғалиев «Біздің әдебиет тоңазып қатқан мұз секілді» деп еді. Сіздің ойыңызша, біздің әдебиетке не жетіспейді?

– Тоңазып қатқан мұз секілді емес, жемісін теріп алған күз секілді дер едім. Академик Рымғали Нұрғалиев: «ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деп айтқан болатын. Әдебиеттегі жас толқынның көктемдей бүршік жарып, қайтадан мәуелі жеміс беруіне уақыт керек. Жас қаламгерлерде ізденіс бар. Біздің кезіміздегідей ұзақ-сонар баяндап суреттейтін шығарманы оқырман қабылдай бермейді. Ықшам, қысқа да нұсқа, нақтылыққа ойысып барады. Қазір біздің әдебиетке бар дүниені әдеби тұрғыдан талдайтын сын жетіспей жатыр және кез келген Нобель сыйлығын алған шетел туындыларымен иық теңестіріп тұра алатын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын өз дәрежесінде тәржімалап, насихаттау жағы кемшін түсіп жатыр деп айтар едім.

– Жұлын өзекті адамның толғанысы бітпейді. Сізді қазір не толғандырады?

– Ұрпақтың болашағы толғандырады.

Әңгімелескен – Олжас Әбілұлы

Осы айдарда

Back to top button