«Дидардың» қонағы

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: – Ұл балаға еден жудырмай, спортқа баулу керек

Өскеменде өткен республикалық ақындар айтысына баға беретін қазылар алқасының құрамында белгілі айтыскер Әселхан Қалыбекова да болған еді. Жыр додасынан кейін халық ақынымен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны: – Ұл балаға еден жудырмай, спортқа баулу керек

«Зайсан» деген үкім болды


– Әселхан апай, халық ақынысыз, еліңіздің сүйікті ақыны болып келесіз. Осы айтыспен өткен өміріңізде ерекше есте қалған сәттер көп пе?

– 90-жылдардың басында мен бас болып 22 ақын Зайсанға келдік. Зайсан деген киелі жер ғой. Жеменейді де көрдім. Сол Зайсанға келген жолы түс әлетінде бір шопанның үйіне бардық. Киіз үйге кірсек, анадай жерде бір үкі отыр екен. Әп-әдемі. Үй иесі осы құсты «ешкімге бермей отыр едім, сізге берейін» деді. Кетерде сонымен сол үкіні торға салып беріп, бізбен қимай-қимай қоштасып, шығарып салды. Ол кезде Өскеменнен Шымкентке тікелей ұшатын самолет бар, үкімді құшақтап Шымкентке ұшып кете бардым.

Үйге келген соң ол үкіге балаларым мәз болып, әрқайсысы бір сылап-сипап, шұрқырасып қалды. Үкіге жабылып жүріп «Зайсан» деп ат қойдық. Анам алғашында «Балам үкіні тегінде денсаулығында бір кемшілігі бар адам бағады» деп айтқан болатын. Менің бір балам ауыратын еді, мен де «біздің баланың денсаулығы нашар ғой, балалар өсіріп, күтіп жүрсін» дедім. Үкіні балалардың әрқайсысы бір сипап, кәдімгідей сөйлесіп те қоятын онымен. «Зайсан, Зайсан» десек, таңдайын тақ-тақ еткізіп, қанатын қағып-қағып жіберетін. Үкі деген қасиетті құс қой. Ол да бір құс төресі. «Үкілеп отырған үміт» деген сөздің төркінінің өзінде терең мағына бар. Сол үкіні үш жыл бақтым. Ұлым Ғани күтіп, кептер, кірпікшешен әкеліп беріп, алдына жемтік қылып тастап жүрді.

Бірде Жезқазғанға айтысқа кеткем. Келсем үкім жоқ. Өліп қалыпты. Мен кеткен соң сол үкіні бағып жүрген балам бірнеше күн бойы қатты сырқаттанып, ауырыпты. Қатты науқастанып, қатарынан төрт-бес күн бойы жатып қалған балам бір күні таңертеңгісін далаға шығып, үкісін сипап жанында ұзақ отырады. Есеңгіреп, әлі құрып отырған баламның аузынан су ағып, талықсып, сол жерден бір заматта әрең дегенде түрегеліп, үйге кіреді. Үйге кіре сала ұйықтап кеткен ұлым кешкісін құлан таза сауығып, төсектен ауырмаған адамдай дін аман тұрыпты. Сол сәтте-ақ үкісі есіне түсіп есік алдына шықса, құстың аузынан сілекейі ағып, қисайып, көзін ашып-жұмып екі аяғын кезек-кезек алмастырып, әлсіреп, әрең отыр екен дейді. Сол беті отырған жерінде құлап, қылжиып, өліп қалыпты кешқұрым. Балам «Зайсанын» құшақтап, жылапты отыра қалып. Сол қасиетті құс баламның ауруын өзінің бойына тартып алып кеткендей болады да тұрады маған. Ұлым Ғани қазір полиция майоры.

Біздің айтысымыздан кейін «Алматы ақшамы» шықты


– Кезінде айтыс ақындарының сынынан кейін талай нәрсенің түзеліп, қаншама олқылықтың орны толғанын білеміз. Сіздің сөзіңіздің семсер боп қадалып, халыққа көмегі тиген кезі бар ма?

– Бұрынғы ақындар айтысында айтылмай қалған мәселе жоқ. Бірде Алматыда Әзімбек Жанқұлиев жарықтық екеуміз айтысып отырып, «Алматы ақшамы» газетінің өз алдына отау болып шыға алмай отырғанын сол кездегі басшыларға қарата батырып-батырып айтып, санада жүрген ұлттық мәселені көтеріп, өткір тілмен осып-осып, түйдектете шумақ-шумақ жыр төктік. Содан кейін-ақ бір айдан соң «Алматы ақшамы» жеке газет болып жарық көрді. «Қараңғылық» деген өлең жаздым. Қызылорда облысында жарық қайта-қайта жалп етіп сөніп қалып, ел энергиясыз отырғаны туралы болатын әлгі өлең. Кім екенін білмеймін, әйтеуір біреу соны «Егемен Қазақстанға» басып жіберді. Менің өлеңім қамшы болды ма, болмаса жанатын уақыты жетті ме екен, сол аптада облыс жұртының көзі шайдай ашылды.

«Ханның айтқанын қараша да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген бар. Әселхан, Есенқұл, Серік Құсанбаев өстіп айтыпты деп ел талайға дейін сол кездегі жас ақынның да, орта жастағы ақынның да ұтымды айтқан, осып айтқан сөзін ауыздарынан тастамай жүретін. Қазір де қалың елім қайдан көрсе де (танып жатса) «қарағым-ай» деп аңқылдап, ағынан жарылып жатады. Мақтанғаным емес.

«Сасыр бас» қыз-келіншектің көркі емес


– Халық ақынын дәл бүгін қандай ой мазалайды?

– Ел-жұрттың көбінен иман мен ұяттың кетіп бара жатқаны. Атқа мінген адамға құл болып, жалпақшешей болып алдық. Иман болмаған жерде рух тұрмайды. Жасы келген әйелдер, елуге келген, тіпті алпысқа келген, бет аузы ақ жем болып, әжім қаптап кеткен келіншектер орамал тақпай, жалаңбас жүр әлі. Өздерінің жасын жасырғаны ма? Жарайды жас кезде тақпай-ақ қойсын, сонда енді қашан тақпақ? Кейбір қыз-келіншектер шашын сарала, торала етіп бояп алатынды тапты. Аттың қылындай қылып. Сап-сары етіп бояп жүргендер де көп. Абай атамыз «сасыр бас» деп жақтырмаған ондайды. Сары қыздың шашының өзі де ондай емес, жирен болып келеді. Қазақтың қыз-келіншегінің қап-қара, табиғи қолаң шашы бар. Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова сияқты әншілерімізге осындай «сасыр бас» көрік беріп жақсартып жібергені қанеки?

Қазір күйеуіне «еркелеп» жүрген әйелдер де көбейіп кетті. Ер азаматтың басы тек төрде. Ұлға да, жігітке де, күйеуге де азамат деп қарап, рухын көтеруіміз керек. Ұлға еден жудырып қоймай, спортпен айналыстырып, шымыр болып, алдымен өзін, одан соң елін қорғай алатындай етіп өсіруіміз қажет. Қазақтың жігіті атқа мінген. Менің өзім асау үйреткенмін. Әйтеке би: «Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң елге пайдаң тисің» деп кеткен. Жігіттер қазір осындай болу керек. Ол үшін алған жары ақылды болуы қажет.

Қазіргі қазақ әйелдерінің кешке шейін шетелдің сериалдарын көріп, ертеңінде соны әжептәуір әңгіме етіп, жұмыста, басқа жерде бәдіктеніп жүргені де жақсылық емес. Баласына, күйеуіне, үйіне қарасын, басқа бұйымтайымын істесін, әйелдің жұмысы бітіп болмайды, тым болмаса, өзге бір танымдық телеарнаны көрсін. Біздің жақта біреу әйеліне ыза болып телевизорды далаға шығарып, атып тастап, «Ал Денизің осымен өлді» депті. Бұрын қазақ қызының көбісі теңіне бара алмай, қалың малын көп бергенге, атастырған адамына күйеуге шықты. Қазір олай емес, біреудің ұлын жүнжітпей, басын биікке көтергенде ғана әйел әйел болады. Айрылысудың басы әйелдің өзі жар етіп шыққан жігітін бағаламаудан болып жатыр. Күйеуден күйеуге тиген әйел көбейіп барады. Жалпы, адамгершілік, адалдық туралы мынадай бір өлеңім бар, сөзімді сонымен түйіндейін:
– Арамды арам дәндетер,
Адалды адал сәнді етер.
Ар ғылымын білгеннің,
Бар ғұмыры мәнді өтер.

– «Жұлдыздар отбасынан» өзіңіздің әшекей, зергерлік бұйымдарыңызды мұражайға беріп жүретініңіз жайында оқыдым.

– Жерлесіміз Мұхтар Шаханов осыдан жиырма жылдай бұрын Қарасай ауданында Желтоқсан құрбандарына арнап ас берді. Сол жерде осы оқиғаға қатысқан өрімдей ұл-қыздарымызға арнап арнау айттым. Сол кезде жиын соңынан бір жігіттер келіп, «Мынау президент Асқар Ақаев мырзаның сізге арнап жіберген сыйлығы» деп бір қорапты ұсына берді. Ашып қарамастан, пакетке салып қойдым. Үйге барған соң да ашуға асықпадым. Айгүл деген үлкен қызымның оқудан келуін күтіп, балалардың бәрінің жиналғанын күттім. Сөйтіп жүріп әйтеуір үш ай дегенде үйге балалардың бәрі жиналып, төрт көзіміз түгенденгенде бір-ақ аштым. Ашып кеп жіберсек, ішінде жарқыраған алтын сағат пен жұпар иісі аңқыған әдемі қораптағы иіссу жатыр. Ішінде сағат болады деп ойламаппын да, кәмпит шығар дегем. Сағатты бірер жыл тақтым. Содан бірде балаларым Шымкенттегі облыстық мұражай заттарыңның бірін сұрап жатыр деген соң сол бағалы сыйлығымды мұражайға аттандырып жібердім. Күміс білезігім екеуін қосып. Оны да Еркін Қалмаханов деген белгілі азаматтардың бірі тарту еткен еді. Тағы бір алтын жүзігім мен білезігімді аудандағы Абдолла Жұмашев деген ағамыздың «Руханият» деген мұражайына табыстадым. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген. «Апамызға бір патша сыйлаған екен» деп кейінгі ұрпақ көріп, айтып жүрсін деп бердім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен – Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button