Қоғам

Сайыпқыран Сәндібеков екі дүркін чемпион

Сайыпқыран Сәндібеков екі дүркін чемпион


Беларусь жерінде достастық армиялары арасында әскери-кәсіби шеберлігін сараптаған «Достастық жауынгері» халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. Онда Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі аға сержант Орынбек Сәндібеков байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Ол 2015 жылы Қазақстан аумағында жеңіп алған чемпиондық титулын қайтарып алды және «Достастық жауынгері» сайысының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Конкурс «Эрудит», «Мерген», «Атлет», «Кәсіпқой» және «Кавалер/Бикеш» кезеңдерінен тұрды. «Эрудит» кезеңінде 85510 әскери бөлімінің телефонисті кіші сержант Л.Н. Губарева 80 ұпай жинап, әйел әскери қызметшілердің арасында екінші орынды иеленді. Бұл кезең бойынша қатысушылар Ұлы Отан соғысы, ҰОС кезіндегі қару-жарақтар мен әскери техниканың тактикалық-техникалық қасиеттері, ҰОС батырлары мен маршалдары, батыр қалалары, сондай-ақ, халықаралық гуманитарлық құқық туралы тестен өтті.

Ал 61993 әскери бөлімінің десанттық-шабуылдаушы взводының аға сержанты Ермеков оқ ату даярлығы бойынша «Үздік атқыш» атанды. Ол «Мерген» сайысындаәртүрлі қалыпта (тұрып, тізерлеп, жатып ату) бес оқтан атып, 133 ұпай жинады. «Атлет» әскери-спорттық кезеңінде 21450 әскери бөлімінің мотоатқыштар ротасының аға сержанты А. Байдаулетов 100 метрге жүгіру, қол гранатасын қашықтыққа лақтыру, кедергілер жолағынан өту, белтемірге тартылу сияқты барлық жаттығуларда үздік өнер көрсетіп, бірінші орынға тұрақтады.

97616 әскери бөлімінің батарея сержанты аға сержант О. Сәндібеков ауыр кедергілер жолағын 7 минут 26 секундта өтіп, «Кәсіпқой» әскери-кәсіби кезеңінде жеңімпаз атанды. Кедергілер жолағынан өту кезінде қатысушылар түрлі әскери-қолданбалы жаттығуларды, жауынгерлік даярлық бойынша нормативтерді және әртүрлі қашықтыққа оқ атуды орындады.

Осылайша, біздің әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, жігерлік және жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетіп, бес кезеңнің үшеуінде жеңімпаз атанды. Жалпы командалық есепте қазақстандық команда сайыс иелерінен төрт ұпайға қалып қойды. Ал Ресей Федерациясынан 25 балл және Армениядан 90 балға басым түсіп, екінші орынға тұрақтады.

Тілеукен Тлеубердіұлы
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button