Сайлау-2023

Сайлау учаскесіне отбасыларымен келушілер көп

Өскемендегі №26 мектепте орналасқан №5 сайлау учаскесінде 2656 адам тіркелген, сағат 16-00-дегі жағдай бойынша бұл жерде 636 адам дауыс беріпті.

Бұл – сайлаушылардың 24 пайызы. Алғаш рет дауыс берушілер саны – 12. Үйде дауыс беретіндер – 27 адам. Сайлау комиссиясының екі мүшесі мен саяси партиялардан екі бақылаушы үй-үйлерді аралап, дауыс жинауда.

– Сайлау процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Сағат 16-дан кейін дауыс берушілердің тағы бір легі келеді деп отырмыз. Әдетте таңертең, сосын кешке таман келушілер көбейеді, – дейді №5 сайлау учаскесінің төрайымы Жазира Мұқашева.

Бұл учаске келушілерді ырғақты музыкамен қарсы алуда. Отбасыларымен келіп дауыс беріп жатқандар да көп екен. Бір-бірін естелік фотосуретке түсіріп жатқандар да бар.

– Сайлаудан қалмаймыз, дауыс беруге отбасымызбен келу әдетімізге айналған. Бүгін де сол дәстүрімізден жаңылмай, өз азаматтық ұстанымымызды білдіруге келдік. Жаңадан жасақталатын Мәжіліс, облыстық, қалалық мәслихаттарға еліне жаны ашитын, көптеген проблемаларды шеше алатын нағыз іскер, халқына адал депутаттар келеді деп үміттенемін, – дейді өскемендік Мақсат Исанов.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button