Сайлау-2023

Халыққа бағдарламаларын таныстырып жүр

AMANAT партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ұлытау облысына барды.

Кездесуге республикалық сайлауалды штабтың мүшелері Аманжол Әлтай мен Максим Рожин, Мәжіліс депутаттығына Ұлытау облысынан бірмандаттық округ бойынша үміткер Ерболат Сатыбалдин қатысты.

Жаңаарқа ауданы жұртшылығымен жүздесуде Аманжол Әлтай бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгеше екенін атап өтті.

– AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында қордаланып қалған мәселелерді шешудің нақты жоспары көрсетілген. Былтыр партиялықтар өңірлерде көптеген кездесу өткізіп, тұрғындардан 200 мыңға жуық ұсыныс-пікір жинады. Сіз бен біз болып сол мәселелердің ортақ шешімін табамыз, – деді ол.

Кездесуде жайылым көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидияны алудың ашықтығы, шаруаларға арналған мемлекеттік қолдауларды көбейту жайы – партияның басты ұстанымдары екені айтылды.

 

«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Семей қаласының қоғамдық көліктерінде үгіт-насихат жүргізді.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Дәурен Рахымбек, Дәулеткерей Кәпұлы және Жандос Тұрсынғалиев қатысты.

Кандидаттар мен белсенділер жолаушы азаматтармен кездесіп, автобус желісі бойынша айналым жасады. Іс-шарада жолаушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндірілді. Үгіт тобы тұрғындардан жергілікті өкілді органның жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар жинады.

Үміткерлер жүргізушілермен де кездесті. Олар жалақы, еңбек жағдайы, жұмыс жүктемесі туралы сұрақтар қойды, еңбек адамының мәртебесін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Мәжілістегі «Ауыл» партиясы еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге ұмтылады. Сондай-ақ үміткер осы үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

 

Respublica партиясының төрағалары мен кандидаттары Тараз қаласында кәсіпкерлермен, түрлі саладағы компаниялардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

«Баласағұн» сарайына партия мүшелерін тыңдауға 1000-нан астам азамат келді. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төраға Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қуаныш Шонбай, Қырмызы Жандосова, Екатерина Смолякова, Әсел Дәкен, Олжас Болатбекұлы, Бақытбек Хамит сөз сөйледі. Олар партия бағдарламасымен таныстырып, «Елде нені өзгерту қажет?» деген сауалды талқылады.

– Мойындаймын, біздің саясатта тәжірибеміз жоқ. Бірақ уәде беріп, кейін оны орындамай қалудан да тәжірибеміз жоқ. Сіздерге беретін жалғыз уәдеміз – Respublica партиясынан тек шындықты естисіз. Бізге дауыс беру арқылы болашақ үшін дауыс бересіз. Осы арқылы талантты және іскер жастарға жол ашасыз, – деді партия төрағасы.

Кездесу соңында спикерлер аудитория сұрақтарына жауап берді.

 

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаттығына кандидат Асхат Асылбеков Жамбыл облысы Қордай, Шу, Рысқұлов аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Басқосу барысында көпбалалы аналар, жастар, жер мәселелері және зейнетақы жайы сөз болды.

– Ауылды дамытудың бірыңғай картасын әзірлеу керек. Бұл бағдарлама шеңберінде ауылдарда көпбалалы отбасылар үшін тегін тұрғын үй салудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отырмыз, – деді Асхат Асылбеков.

Сайлаушылар сан сауалдарын қойды. Әсіресе жер тапшылығы мен шалғай ауылдардағы инфрақұрылым мәселесін сөз етті.

– Біз әйелдер 58 жаста зейнетке шығу керек деген қозғалысты қолдаймыз. Нәтижесінде, әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жастан ұлғайтпау жөнінде 5 жылдық мораторий жарияланды. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Себебі әйел – ана, қыз, қарындас, жар! Біз Парламентте оларды қорғайтын заң қабылдаймыз! – деді кандидат.

 

Жасылдар партиясының ұйымдастыруымен Астанада өткен экохакатонның басты мәселесі қоқыс болды.

Студенттермен кездесуде партия мүшесі және экобелсенді Мирас Аббасов саналы тұтынуға көшудің маңызын атап өтті.

Астанада бір ғана қоқыс өңдейтін зауыт бар. Екіншісі тек жоспарда. Қала көшелерін ұшып жүрген пакеттер мен шашылып жатқан пластик бөтелкелерден тазарту үшін экохакатон қатысушылары жабық қоқыс жәшігін орнатуды ұсынды.

– Күн сайын Астанада 50 мың полиэтилен өнімі қоқысқа кетеді, – деп атап өтті М. Аббасов.

«Baitaq» партиясының жасыл экономика бойынша хатшысы Шыңғыс Лепсібаев партияның Қазақстан бойынша экологиялық жағдайды жақсарту жоспарымен бөлісті.

Байтақтықтар көгаландыру мен ТҚШ салаларында жаңа тәсілдерді қолдайды. Партия мүшелері төрт жылда қаланы халықаралық стандартқа сәйкес көгалдандыруды жоспарлап отыр.

Экохакатонда айтылған барлық ұсыныстар партияның жұмыс жоспарына енгізіледі.

 

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматының еңбек ұжымдарымен кездесуде.

«Ақжолдықтар» локомотивтерге техникалық қызмет көрсетумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын – «Қамқор Локомотив» компаниясы Алматы локомотив депосының ұжымымен кездесті.

– Елде біртұтас экономикалық кеңістік болуы үшін барлық өңірлерді байланыстыру маңызды. Бүкіл ҚТЖ жүйесін Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық компанияға айналдыру жобасы әзірленуде. Қытай мен Батыс арасындағы контейнерлік тасымал көлемі өсіп келеді, – деді партия жетекшісі.

Азат Перуашев партия саяси бағдарламасының алты негізгі бағытын атады – Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлықпен және деофшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика, кәсіпкерлік пен отандық өндірушілерді қолдау, салиқалы сыртқы саясат.

 

ЖСДП-дан Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Мақсұт Насибулов Астананың жұмыссыз азаматтарымен кездесті.

Кездесу барысында жұмыспен қамту, сонымен бірге азаматтарымыздың несиеге белшеден бату мәселелері көтерілді.

Мақсұт Насибулов өз сөзінде қарапайым азаматтардың қызығушылықтарын қорғау бойынша ЖСДП қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті.

Елімізде жұмыссыздық белең алуда. Өкінішке қарай, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарымыз көп.

12 айдың ішінде ҚР-да несиесі бар азаматтардың саны 962 мың адамға артқан. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан азаматтарының 15%-ы кедей.

ЖСДП билік белгілеген 100 доллардан сәл ғана асатын төменгі күнкөріс деңгейі азаматтарымыздың нақты қажеттіліктерін өтемейді, сол себепті бұдан былай әлеуметтік саясаттың негізі бола алмайды деп санайды.

 

Осы айдарда

Back to top button