Денсаулық сақтау

Сатып алу процедурасы жариялы түрде өтті

Сатып алу процедурасы жариялы түрде өтті


Облыстық денсаулық сақтау басқармасында облыстың емдеу-дерттің алдын алу мекемелеріне 2017 жылы медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға жарияланған тендерге түскен потенциалды тасымалдаушылардың өтініштері қаралды. Барлығы 45 тасымалдаушыдан 105 өтініш түсіпті.
Олардың 23-і Алматыдан, 10-ы Шығыс Қазақстаннан, 7-уі Астанадан, 2-уі Атыраудан. Сондай-ақ Қостанай, Шымкент және Тараз қалаларынан бір-бір тасымалдаушы қатысқан.

Естеріңізде болса, облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің тоғыз денсаулық сақтау мекемесіне 1023 дана жоғары технологиялы, озық медициналық құрал сатып алу үшін алты миллиард теңгеден астам қаражат бөлген болатын. Заманауи аспаптар бірінші кезекте облыстық онологиялық диспансерге, Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханаға, облыстық ана мен бала орталығына, аймақтық онкологиялық диспансерге, Семейдегі перинаталды орталыққа, бұдан басқа Ұлан, Глубокое, Бесқарағай және Бородулиха аудандарының орталық аудандық ауруханаларына қажет.

– Біз аудит жүргізу арқылы онкология, баланы босандыру, кардиология, кардиохирургия салаларындағы медициналық ұйымдарға қажет құралдарды анықтаған едік. Барлық сұрақтар сауалнама жүргізу және осы жабдықтарда жұмыс істейтін дәрігерлердің пікірін ескере отыра шешілді. Құралдарды таңдаған кезде инновациялық шешімдері, кепілдік мерзімдері, сапа стандарты, үйрену және аймақта бірыңғай сервистік қызметті құру мүмкіндіктері назарға алынды. Аудит жүргізу арқылы біз денсаулық сақтау ұйымдарындағы құралдардың технологиялық желісінің жүйесіздігін жойып, оларды жаңалаудың жоспарлы бағдарламасын жасауды мақсат еткенбіз. Биыл медициналық құралдарды сатып алуға жергілікті бюджеттен 6 058 613 000 теңге қаражат бөлінді, – деген түсініктеме берді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Тендерді өткізуге тендер комиссиясының мүшелері, бақылаушылар, облыстың емдеу мекемелерінің қызметкерлері, потенциалды тасымалдаушылардың өкілдері қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында медициналық жабдықтарды сатып алу процедурасы облыс әкімдігінің хаттамалық тапсырмасы бойынша барынша жариялы жағдайда өткенін жеткізді. Құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясының, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары енген тәуелсіз бақылаушылардың тобы құрылған болатын. Суретке, бейнетаспаға түсіруге, аудиожазбаларға рұқсат етілді. Ешқандай заңбұзушылық болған жоқ.

–Тендер өткізгенге дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына бірнеше тасымалдаушыдан техникалық спецификация бойынша тендерлік құжаттарды түсіндіріп беру және басқа да сауалдар бойынша ресми хат келіп түскен-ді. Біз комиссия құрып, барлық кемшіліктерді жойдық. Тендерлік құжатқа техникалық спецификацияға қатысты өзгерістер заң аясында енгізіліп, соның нәтижесінде тендерлік өтініштерді соңғы қабылдау мерзімі ұзартылды, – деп атап өтті Марат Шоранов.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button