Ағымнан жарылсам

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер: – Кез келген фильмді түсірмес бұрын қан шығартып, құран оқытам

«Дидар» газеті оқырмандарына тағы бір тың жобаны ұсынып отыр. «Ағымнан жарылсам…» деп аталатын бұл жоба Қазақ радиосымен бірлесіп жүзеге асырылады. Жоба аясында есімдері елге танымал тұлғалардың ағынан жарыла берген сұхбаттарын оқып, өмірі мен шығармашылығына қанығатын боласыздар. Жаңа жобаның алғашқы қонағы – белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов.

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер: – Кез келген фильмді түсірмес бұрын қан шығартып, құран оқытам

Өнер адамдарының тоқсан тоғыз пайызы
ырымшыл келеді


– Біздің білетініміз, режиссерлердің көбі ырымшыл келеді. Сіз кино түсірер алдында және түсіріп біткеннен кейін міндетті түрде қан ағызып, құран оқытады екенсіз. Мәселен, «Мұстафа Шоқайды» түсірмес бұрын қайраткердің туған елі Қызылорда облысы, Шиелі ауданына барып, құран бағыштаған екенсіз. Мұны сіздің тым ырымшылдығыңыздан деп түсінеміз бе? Жоқ, әлде, молданың немересі болғаныңыздың әсері ме?

– Иә, Нарымбет деген молданың немересі екенім рас. Ол қасиетті Мекке жеріне табаны тиген қажы, Созақтағы медреседе сабақ берген ұстаз болған деседі. Дегенмен, өнер адамдарының тоқсан тоғыз пайызы ырымшыл келеді. Сенбесеңіз, сұрап көріңіз. Бұл жалғыз маған тән емес. «Біссімілдә» деп бастаған жұмыс қашан да жемісті болады. Кез келген фильмді түсірмес бұрын қан ағызып, құран оқытам. Кітап бастасам да солай. Бұл – мен үшін қалыптасқан қағида. Түсіру алаңында таңғалғандар көп болды. «Немене, діни кино түсіреміз бе?» деп. Мен ондайларға ақталып жатпаймын. Иманы барлардың өзі-ақ түсінеді. Мәселен, шәкірттерімнің бірі Ақан Сатаев намаз оқиды екен. Осыны естігенде қатты қуандым. Намазының уақыты келгенде, съемкасын тоқтатады, ал оны түсіру тобы өте жақсы түсінеді. Мұның несі жаман?!

– Туған жердің тамырлы тарихынан қуат алатын қаламгерлердің бірі – Сатыбалды Нарымбетов деп білеміз. Сол сүйіспеншілігіңіздің айғағы ретінде «Созақтан шыққан Гамлет» киносын жарыққа шығардыңыз. Дәл осы фильміңізден кейін «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атана алдыңыз ба?

– (­Қарқылдап күліп алды) Атақты алғаным рас. Бірақ, дәл осы туынды үшін берген жоқ. Еліме, жерлестеріме ризамын. Атақты шығармашылығымды бағалап берді деп ойлаймын. Біле білсеңіз, менің туындыларымның бәрінде Созақтың кейіпкерлері жүр. Сол образ болып енген адамдардың көзі тірі бүгінде. Мәселен, жаңағы өзіңіз айтып отырған «Созақтан шыққан Гамлет» киносындағы басты кейіпкер – өзімнің туысқан нағашым. Қазақта нағашы мен жиеннің әзілі деген бар ғой. Ол алдымен кітап болып шыққан. Нағашым оны оқымаған екен. Ал кино болып шыққанда, «Жиенің сен туралы кино түсіріпті ғой» деп бәрі шуласса керек. Содан өзі де көріп, мені іздеп: «Жәлелдің баласын тауып әкеліңдерші, мойнын бұрап алайын» дейтін көрінеді. Сол сияқты ренжіген кейіпкерлерім де болды, ал біреулер кәдімгідей масаттанып, «мен кинода жүр екем» деп төбелері көкке жеткендерін де көрдім. Неге екенін білмеймін, кейіпкерлерімнің бәрі Созақтан. Өйткені, бала кезімнен өздерінің бейнесімен санама сіңіп қалды ғой. Әр істі бастар алдында көршім, туысқаным, сыныптасым болсын образдары көз алдыма кесе-көлденеңдеп шыға келеді. Сол сәтті дереу ұстай қалам. Сонымен шығарма ары қарай жеңіл өрбиді.

– Демек, шығармашылығыңызға туған жеріңіздің, туған ортаңыздың әсері бар ғой.

– Түгел дерлік туған жердің әсерінен пайда болған дүниелер. Ностальгия, яғни, сартап сағыныш деген жай айтылмаған екен. Туған жердің топырағы, ауылдың жұпар иісі әлі күнге дейін жадымда. Менің ауылымда жиде ағашы бар. Әлі күнге дейін жемісін беріп тұр. Барсам, көзіме оттай басылады. Оған биік етіп, арқанды керіп тастап, әткеншек тебетінбіз. Көрген сайын айтам, бұл ағаш тірі болатын болса, демек, менің де балалық шағым тірі. Осы маңайда жүр. Түсінгенім, балалық шақта алған әсер 100-ге жетсең де алдыңнан көлденеңдеп шығады да тұрады екен. Көлеңкең сияқты соңыңнан қалмайды. Мұндай сезім кез келген шығармашылық адамында болады деп ойлаймын.

Палау жасауды өзбектен,
дүмбіләмәні армяннан үйрендім


– Сатыбалды Жәлелұлы, сіз КазГУ-дың студенті атана тұра, оқуыңызды тастап, Мәскеудегі Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының сценарлық факультетіне жолдама алдыңыз. Отаннан жырақта жүргеніңізде киногерлікпен бірге аспаздықты да үйренуіңізге тура келген екен. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.

– Ол кезде ауылдан шық­қан, қазақша оқыған, қазақша жазатын жігіттің Мәскеуге, оның үстіне «киноның оқуына» кетуі, расын­да, батыл қадам болатын. Студенттер дүниежүзінен келіп оқитын. Бір курста өзбек, тәжік, грузин, қырғыз және тағы басқа ұлттың өкілдері бірге оқыдық. Бәрі шетінен тамақ пісіреді. Ал кезек бізге келгенде, көзіміз мөлиіп тұрамыз. Содан кейін олар: «Ай, мыналар, қолдарынан түк келмейді, тек асауға дайын ұлттың адамдары» дегенді айта бастады. Намысқа қалай тимесін?! Палауды өзбектің жанында тұрып үйрендім, ал дүмбіләмәні армяндар мен грузиндерден, сосын хахол досымнан үйрендім. Содан нағыз аспаз болып шыға келдім. Кейде, шабыт келмей, жұмысым жүрмей жатқан кезде тағам пісіру – мен үшін таптырмас ермек. Эпизод жүрмей, сөйлемдер құрастырылмай жанды жейтін сәттер аз болмайды. Сондай сәттерде сылтау іздеп, басқа жұмыспен айналысқың кеп тұрады. Сол кезде жаңағы аталған үш тамақтың біреуін міндетті түрде пісіремін. Ондай сәттерде тың идея, қызық сюжеттермен қауышып, өзгеше әлемде өмір сүремін. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылығыма тың әрі жаңа идея іздесем, тағам әзірлеу мен үшін таптырмас кәсіп. Яғни, шабыт шақырудың қарапайым ғана амалы.

Әдебиетке әкелген – Асқар Сүлейменов,
«тұсауымды» кескен – Әбіш Кекілбаев


– Сатыбалды аға, осы киногерлігіңіздің арқасында әлемнің біраз елдерінде болдыңыз. Егер сіздің еркіңізге берсе, әлемнің қай елдерінде тұрар едіңіз?

– Жақсы сұрақ. Шетелге көп шығамыз ғой. Менің сонда әуежайдан жиі көретінім – жапонның кемпірлері мен шалдары. Арқаларында асынған кішкентай ғана рюкзактары, ал қолдарында видеокамералары бар, болды. Үнемі ел көріп, жер тану үшін саяхатта жүреді. Өйткені, олардың зейнетақылары жоғары, өмір сүру дәрежелері өте биік. Сондықтан олар өзіне, бала-шағасына масыл болмай, кез-келген ыңғайлы маусымда ұшаққа отырады да кете береді. Маған салса, бір жылдың үш айында Жапонияның Киото қаласында тұрар едім. Екі қабатты үйлер, көшелері де кішкентай. Ауасы өте таза, құдды, өз үйіңде жүргендей сезінесің. Одан кейін мен үшін ерекше қала – Сан-Франциско. Мұхиттың жағасында жеті қыраттың үстіне салынған қала. Әсіресе, күз айында мұхиттан тамаша леп келіп тұрады. Мінекей, үш айымды сонда өткізер едім. Ал одан кейін Иерусалимде де тұрар едім. Осыдан 4-5 жыл бұрын Израильге киноларымды көрсетпек болып бардым. Сонда Жерюзалим қаласына да соқтық. Кереметтілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егер зейнетақымыз жетіп тұрса, осы жерлерді мекендеп, сұлулықтарына тамсанып қайтушы едім деп армандап отыратыным бар.

– Негізінде, біз білетін Сатыбалды Нарымбетов прозадан режиссураға келген адам. «Әдебиетке әуестік жетінші сыныпта жүргенде… жолдастарымның ғашық болған қыздарына со­лардың атынан өлең-хат жазудан «старт» алған» деп айттыңыз бір кездері. Алғашқы әңгімеңіз есіңізде бар ма?

– Әрине, есімде, «Тентегім» деп аталады. Және осы шығармамнан кейін Асқар Сүлейменов қолымнан жетектеп әдебиетке әкелді, ал аузы дуалы Әбіш Кекілбаев «тұсауымды» кесті.

– Демек, осы екі алыпты аға тұтасыз ба?

– Дәл солай. Мен өмір бойы аға іздеп өткен адаммын. Әке-шешеңнен бөлек, сүйенетін, тірек болатын адам іздейді екенсің. Сонда алдымнан Асқар Сүлейменов шықты. Екеуіміз бір елденбіз, шешелеріміз бірін-бірі жақсы білген кісілер. Ол кезде «Лениншіл жастың» әдебиет бөлімін басқаратын Әбіш ағаға қолымнан жетектеп келген де осы – Асекең. Сондықтан да, мен үшін біреуі – «өкіл әке», ал біреуі – «өкіл аға». Тіпті, осы екі алыпқа ұнамайды-ау деген үреймен талай шығарма жыртылды, басталып, аяқсыз қалды. Күні бүгінге дейін қандай да бір туындыны бастамас бұрын, сол екі ағамның шығармаларын оқып шығам. Содан нәр алып, шабыттанам. Және соларға қарап бағытымды туралап отырамын. Мен бүгінгі шыққан биігіме қанағаттанбаймын. Және түсірген киномды екі реттен артық көрмеймін. Былайын­ша, ешкімнен кем түсірмейтінімді, прозада да ешкімнен кем жазбайтынымды білемін.

– Сатыбалды Жәлелұлы, сіз 7-ақ фильм түсірдіңіз. Неге аз?

– Мұның бәрі қаражаттың тапшылығына байланысты. Құдайға шүкір, қазір «Қазақфильмде» 20 шақты режиссер бар. Бәріміз кезек күтеміз. Сол кезек күтумен-ақ уақыт өтіп бара жатыр. Мәскеуде менімен бірге оқыған Владимир Хотиненко деген режиссер отызыншы фильмін түсіруге кірісті. Көрдіңіз бе айырмашылықты. Өйткені, оларда жылына 170-200-ге дейін кино түсіріледі. Ал бізде осыдан екі-үш жыл бұрын жылына 10-12 өнім жарыққа шығаруға мүмкіндігіміз бар еді. Енді биыл бюджетіміз 60 пайызға қысқартылып отыр. Сонда біздегі әр режиссер төрт-бес жыл үзілісте отырады. Бұл – жақсылықтың нышаны емес.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button