Ағымнан жарылсамБілім

МЕКТЕБІМІЗ АБАЙДЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛАДЫ

Қарауыл ауылындағы қара шаңырақ-Абай мектеп-лицейінің тарихы сонау Абай атамыз алғаш дәріс алған «Ескі тамнан» бастау алады. Сан дүлдүлді түлеткен, бірлігі бекем, болашаққа қадамы нық қасиетті білім ордасының 90 жылдық тарихы қарсаңында жеткен жетістігіміз, алған асуымыз айтарлықтай орасан.

Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1845 жылы Күшік-Тобықты елінің болыс басқармасы болып жүрген кезінде Қарқаралы ұлысының аға сұлтаны Құсбек Тәукеұлы арқылы шекара басқармасына екі тілді бірдей білетін мұғалім тауып беруін өтініп арыз жазған екен. Шекара бастығы Құнанбайдың бұл тілегін мақұлдайды. Бірақ екі тілді бірдей білетін мұғалімнің жоқ екенін айтып, тобықты еліндегі тілмашты қызметтен бос уақытында еңбекақы төлеп, бала оқытуға пайдалануға кеңес береді. Осыдан бастап Құнанбай «Ескі тамда» мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Мұнда өз балалары мен ауылдастарының балаларын оқытқан. Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим, Ысқақ, Оспан, Халиулла осы мектептен сауат ашқан.

1929 жылы Коммунистік партияның елді күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде Құнанбай ашқан «Ескі тамдағы» арабша оқытатын  бастауыш мектептің мүлкі әуелі Абай қорығы «Жидебайға» көшіріліп, жаңа құрылған Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылда 5 сыныптық шаруа жастар мектебі (ШКМ) ашылды. Мектептің тұңғыш директоры болып Майтанов Кәмен тағайындалды. Мектептің дамуына өз үлестерін қосып аянбай еңбек еткен алғашқы мұғалімдері: Майтанов Масғұт, Смағұлов Ғаббас, Құттымбетов Төкен, Сейтқазин Жұмагелді, Бердин Есентай, Құтжанова Нағима, т.б. болды. Ал 1935-1936 оқу жылында 5 сыныптық шаруа жастар мектебі Үкімет қаулысына сәйкес Қарауыл орта мектебі болып құрылды.

1939 жылы желтоқсан айында заманымыздың заңғар жазушысы, «Ескі там» мектебінің түлегі Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен мектепте «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы жарық көрді. Сондай-ақ 1940 жылы ұлы бабамыздың туғанына 95 жыл толуына орай мектепке Абай есімі берілді.

Мектебіміз 1970 жылы 19 қаңтарда  жаңадан салынған үш қабатты ғимаратқа көшті. Бүгінгі таңда мектебіміз өсіп-өркендеп, заманауи технологиямен жабдықталған.  Бәсекеге қабілетті жас ұрпаққа тәрбие мен  білім беруде.

Шәкірттерін әдебиетті сүюге баулып, өзі де әдебиет саласында аянбай еңбек еткен «Қазақстан мектептеріне еңбегі сіңген мұғалімі» деген құрметті атаққа ие болған, Абай ауданының ХХ ғасыр тұлғасы, «Абайдан соң», «Абайдан соңғы арыстар» трилогияларының авторы Кәмен Оразалин атамыздың осы шаңырақта ұстаздық еткені мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Қалиева Нұржамал, Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкерлері: Омарханова Нұрпиза (КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері), Омашев Нысанбек, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Шаңбаева Нағила, Сақалова Бағдаш, Байырбеков Ұлықбек, Әбекова Айтан, Биғозин Сақтай, Байзақов Байғали, Көбеева Назира, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Құмарова Нағима, Төлеутаева Бағира, Әбілқасымова Шәрбат, Түскеева Фатима, Абдуллина Зинаида, Мұхтарова Биқан, Алипова Шәмшия, Есбаева Роза, Күзембаева Әскен, Изатов Қозқан, Дәукенбаева Дәмегүл, Нұртазина Майра, Лдибаева Бақыт, Дүрмекбаева Әсима, Жұмабекова Оркен, Арынғазина Роза, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Нұрғалиев Саржан, Қазақстан білім беру ісінің үздік қызметкерлері: Қуанышбай Ғалым, Бозанбаева Бақыт, Құтанбекова Бейбітгүл, Тампишева Қалдыгүл, Дінслямова Нұргүл, Төреханов Байболат, Баймағанбетов Рымғали осы білім ордасында қызмет етті

Қыдыр дарып, құт қонған қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан әдебиет майталмандары өнерде өрге жүзіп халық қошеметіне бөленген. Тұрсынхан Әбдрахманова, Роллан Сейсенбаев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Жәнібек Кәрменов, Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Совет Махметов сынды ақын, жазушы тұлғаларымыз және тележурналистер Серік Жанболат, Еркін Байғабыл қашан да ұрпаққа үлгі. Заңғар жазушымыз Мұхтар  Әуезов КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанса, ақиық ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегері атағын алуы сөзімнің бірден бір дәлелі. Ауданымыздағы тұңғыш мәртебелі атаққа ие болған азаматтар, сонымен қатар мектебіміздің түлектері екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мектебіміздің үздік түлектері Серғазы Қалиұлы,  Ерлан Бәтташұлы, Сарқыт Құдайбергенов,  Бақдаулет Құмаров,  Данагүл Махат,  Айнұр Абдина, Аян Абдрахманов  ұрпақ игілігі үшін қызмет атқарып жүрген өз саласының үздіктері.  Мектеп қашан да дарынды, даңқты тұлғаларымен мақтанады, марқаяды. Олардың есімі мектеп қабырғасында сақталып, ұрпақ  санасында мәңгі жаңғырады.

Ұлылар туып-өскен киелі жерден сан мыңдаған білімді де өнерлі ұрпақ тәрбиелеп, өсіріп отырған мектебіміздің ел тарихында алар орны ерекше. Ұлы даланың ұлы ұстазы Ы.Алтынсарин «Маған бәрінен де жақсы ұстаз қымбат. Өйткені мұғалім мектептің – жүрегі» деген екен. Ұстаздық пен басшылық қызметті қатар алып, білім ошағының дамуына да зор үлес қосқан басшы азаматтар да жетерлік.

Білім және ғылым министрлігінің № 447 бұйрығы негізінде облыстағы  жаңа мазмұндағы 32 мектептің бірі болып біздің мектеп жетекші мектеп болып танылды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылы 14 шілдедегі шешіміне сай мектебіміз облыс бойынша дарынды мектептер қатарына енді.

Көп тіл білу – заман талабы. Осы орайда мектебімізде «Абай әлеміне саяхат» атты клуб ашылды. Клуб президенті  Сайын Назарбекұлының бастамасымен ашылған клубтың мақсаты –  ұрпағымыздың рухани болмысын аман сақтау үшін, оларды Абай сөздері, Елбасы ойлары арқылы үнемі нәрлендіріп отыру.   Бағдарлама мақсаты мектеп оқушыларының бойында Абай атамыздың қарасөздерін үш тілде насихаттау, дәріптеу.

Қазіргі замандағы ғылым мен техниканың даму жағдайында ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемінің қауырт өсуіне байланысты ЖОО мен мектеп арасындағы сабақтастық оқушылардың танымдық қызығушылығының қалыптасуына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта біздің мектебіміз кәсіптік білім беретін ұйымдармен және ЖОО мен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Бұл біздің мектеп түлектерінің мамандық таңдауларына деген үлесім деп білемін.

Мұғалім – мектептің жүрегі болса, оның беделі мектептің беделі. Ал мектеп – мемлекеттің басты тірегі. Олай болса, қазіргі таңда мұғалім білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек. Мектебімізде  шеберлігімен көзге түсіп, ізденуден жалықпайтын ұстаздар жетерлік. Атап айтар болсам, Р.Тлеуханов облыстық «Табысты менеджер-2018» сайысынан 3-орын, облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Үздік шеберлік-сынып» номинациясында Л.Ахметжанова 1-орын иеленсе, Ж.Джолумбетова  3-орын, облыстық «Мұражай базасындағы үздік сабақ» байқауында  Ғ.Қапанова 2-орын, облыстық «Үздік дінтану пәні мұғалімі» байқауында С.Кереева 1-орын, республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасында  А.Сайлаубеков жүлделі 1-орын, Ж.Сабыржанқызы 3-орын алса, облыстық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауында Т.Шагиров 1-орын, А.Қанағатова 2-орын алды. Облыстық физика, информатика, математика пәні мұғалімдерінің олимпиадасында Е.Әділғазыұлы 3-орын, облыстық «Ұстазым – мақтанышым» кіші жобасы аясында өткізілген информатика пәні мұғалімдеріне арналған «Үздік информатика пәні мұғалімі» конкурсында Н.Мұратұлы 3-орынға ие болды.

Білім ордасында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сынып жетекшілерінің әдістемелік бірлестіктері құрылып, тәрбие жұмысы  атқарылады. «Менің мектебім» және «Туған жерге туың тік!» акциялары аясында барлық кабинеттер интернет желісімен қамтамасыз етілген. Бұның бәрі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде аса маңызды.. Мақсаты айқын, болашағы кемел алтын ордамыз талай тұлпардың тұғыры болары сөзсіз.

Роллан Тлеуханов,

Абай атындағы  мектеп-лицейінің директоры.

Қарауыл ауылы,

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button