Денсаулық сақтау

«Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы ауылдарға аялдады

«Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы ауылдарға аялдады

Семей өңірінің шалғай елді мекендерінің тұрғындары «Саламатты Қазақстан» пойызының қызметін 22 мамырдан бастап пайдалана бастады. Облыстың бір топ журналистері облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Жарма ауданындағы Жарма стансасында болып, тұрғындардың «Саламатты Қазақстан» пойызының қызметін қалай пайдаланып жатқандарын көріп қайтқан еді.

Кезек күткен жұрт көп

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жылжымалы кешенде медициналық тексеруден өтуге кезекке ерте бастан тұруға тура келеді. Араларында еңбектеген баладан, еңкейген қарттарға дейін бар. Жармалықтар терапевтің қабылдауынан бастап, анализдер тапсырып, диагностикалық құрал-жабдықтармен тексеріліп, сирек мамандардың кеңесін бір жерде алу мүмкіндігіне риза. Әсіресе, кардиолог, хирург мамандарға, УДТ аппаратына кісі көп. Жарма стансасында 900-ден астам халық тұрады. Сонымен қатар, маңайдағы шағын ауылдардың, разъездердің тұрғындары да жылжымалы госпиталға ағылып келіп жатыр.

-Балаларымның қан сараптамасын тапсырған едім, соны күтіп тұрмын. Үш ұл, бір қызым бар, – дейді стансаның тұрғыны Әсел Ғазизқызы. – Осындай пойыздардың қызметін ауыл жұрты асыға күтеді, өйткені аудан орталығына не Семейге барып тексерілу үшін жолға қаражат керек. Қорытындысын да қолма-қол бере қоймайды, бір күн тосу қажет. Ал мына жерде бірден барлық маманға қаралып алу өте қолайлы.

«Саламатты Қазақстан» пойызы шалғайдағы ауылдарға аялдады

Айнаш Махметова есімді аяғы ауыр келіншек кардиолог маманға көріну үшін Қалбатаудан арнайы келіпті. Сөзіне қарағанда, аудан орталығында кардиолог маман болғанымен, тәжірибесі аздау, сол себепті Өскеменге қосымша тексерілуге жіберген екен. Алайда облыс орталығына баратын жол нашар, өте ауыр болғандықтан, осы жерге келген. Еш қиналмастан ЭКГ-ден өтіп, кардиологтың қабылдауында болған келіншек дәрігердің «барлығы жақсы» дегенінен кейін ғана көңілі жайланғанын айтады.

-Ана бір жылы «Денсаулық» пойызы келгенде өзім де, балаларым да толық тексеріліп алдық. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді. Өйткені ауырып-сырқай қалсақ, дәрігерге көріну үшін тоқсан шақырым жердегі аудан орталығы – Қалбатауға немесе 250 шақырымда орналасқан Семейге баруға тура келеді. Таксимен барсаң, жолға жеті-сегіз мың теңге ақшаң кетеді, – дейді тағы бір тұрғын.

Сол жердегі орта мектепте мұғалім болып істейтін Айым Құмарқызы диагностикалық құралдардың түрі көбірек болса, мысалы, компьютерлік томография болса деген өтініші жеткізді.

Ересектер дәрігердің қабылдауында болғанда еріп келген балалар ойнау үшін сол маңайға батут пен әртүрлі ойын автоматтары орнатылыпты. Балалардың бірі батутта секіріп, екіншілері ойын автоматтарында уақыттарын қызықты өткізіп жатыр.

Үш күннің ішінде үш ауыр дерт анықталды

Пойыздың аға дәрігері Айман Болғамбаеваның айтуынша, бұған дейін Таңсық ауылында 120 адам денсаулықтарын тексерсе, олардың 17-сі балалар. Ал Жарма стансасында жарты күннің ішінде 130-дан астам тұрғын жылжымалы госпитальдың қызметін пайдаланыпты. Өткен жылғы тәжірибеге қарағанда, әсіресе осы жерге келушілердің саны көп болады екен. Сол себепті пойыз елді мекенде екі күн аялдайды.

-Біз демалыссыз, таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейін қабылдаймыз. Әр адамға мүмкіндігінше жеткілікті көңіл бөлуге тырысамыз. Күніне 200-дей адам қабылдап жатырмыз. Әртүрлі аурулар кездеседі, соңғы үш күнде ауыр дерттерді де анықтадық. Мысалы, бір науқаста бауырдың эхинококк дерті, екіншісінде асқазан обыры, үшіншісінде бауырдың ісігі сияқты асқынып кеткен сырқаттар да белгілі болды. Көбінде жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары дерттері жиі кездесті, – деп атап өтті «Саламатты Қазақстан» пойызының Семей өңіріне қызмет көрсететін бригадасының аға дәрігері Айман Болғамбаева.

Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» пойызы 22-30 мамыр аралығында Семей өңірін аралап, тұрғындарға медициналық тексеруден өту қызметін ұсынуда. Жылжымалы кешен диагностикалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, тұрғындарды гинеколог, невропатолог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, стоматолог, рентгенолог сияқты мамандар қабылдайды. Бұл шараның мақсаты шалғай елді мекендердегі тұрғындарға білікті дәрігерлік қызмет көрсету болып табылады. Қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлер Семейдегі теміржолшылар ауруханасының мамандары.
Дөңгелекті госпиталь 26-27 мамырда Жаңғызтөбе стансасында, 28-30 мамыр аралығында Шар қаласында аялдайды.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button