Қоғам

Әріптестері үлгі тұтады

Әріптестері үлгі тұтады


Зайсан ауданының тұрғындары адам жанына қуаныш сыйлаған дәрігерді көрген сайын ілтипатын білдіріп, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өйткені, ол – қырық жылдан астам уақыттан бері Гиппократ антына адалдығын білдіріп келе жатқан ізгі жан.

Диманұр Тукинова – Семей мемлекеттік медициналық институтын 1976 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіргеннен соң, еңбек жолын бір жылдық даярлық курсынан кейін Өскемен медициналық училищесінің Зайсан қаласындағы филиалының меңгерушісі болып бастады. 1978 жылы аудандық орталық ауруханасына қарасты аудандық емханасының учаскелік дәрігер терапевті болып ауыстырылды. Осы уақыт аралығында өзін тек кәсіби, мамандығын жетік меңгерген маман ретінде көрсете білді. Шебер ұйымдастырушы, біліктілігі жоғары санатты маман осы уақыт ішінде мыңдаған сырқат жандарды емдеп, тұрғындардың алғысына бөленді.

-Диманұр Зияқызы елге сыйлы, халықтың құрметіне өзінің адал қызметі арқасында ие болып отыр.Қызмет барысында өзін жан-жақты, барлық істерде белсенді, абыройлы екендігін көрсетіп келеді. Дәрігерлік конференциялар мен семинарларда үнемі өзекті мәселелер төңірегінде, әсіресе, қазіргі кезде етек алып бара жатқан қатерлі ісік аурулары туралы баяндамалар жасап, кезек күттірмейтін іс-жоспарларына енгізіп, науқастарды емдеудің жолдарын белгілеп, уақтылы емделулеріне жағдай жасап отырады,-дейді ақ желеңді абзал жан туралы Зайсан аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бүркітов. – Бұған қосымша айта кеткен орынды болар, дәрігер салауатты өмір салтын насихаттауда да зор белсенділік танытып келеді, мектеп оқушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырады. Жақсы еңбегі лайықты бағасын алады. Абзал дәрігердің қырық жылғы қызметі әділ бағаланып, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2013 жылы «Зайсан ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты, аудан әкімінің алғыс хаттары үйінің төрінде ілулі тұр. Айта кету керек, Ісләмхан мен Диманұр үш баланы тәрбиелеп өсірді, ұлдары Абай, Азамат, қыздары Айжан – жоғары білімді жастар, әр салада жемісті қызмет етуде. Абайдың жұбайы Жадыра Болатқызы – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Жақында ел құрметіне бөленген, аудан тұрғындарының құрметіне бөленген Диманұр Зияқызымен тілдескенде, өзі жайында айтпай, бірге қызмет ететін аудандық аурухананың бас дәрігері Ерлан Төлеуғазыұлы, жарты ғасыр хирург мамандығы бойынша қызмет етіп, мыңдаған сырқаттарды емдеген «алтын» қолды Бітімхан Қошпанов, жас маман, қазір хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Дәурен Қыстаубаев, өзінің әріптестері туралы жылы лебіз білдірді.

-Аудандық аурухананың бас дәрігері Ерлан Бүркітовтің кәсіби шеберлігі арқасында жыл сайын заманауи жаңа қондырғылар мен аппараттар алынып отырады. Мәселен, бұрындары жан сақтау бөліміндегі науқастарға оттегі аппараты қолмен көтеріліп жеткізілетін, қазір ол автоматты түрде ауамен тазартылып тұрады. Ол ол ма, ауруханамызда операцияны эндоскопиялық тәсілмен жасау енгізілді. Науқастарға барлық жағдай жасалады, – дейді құрметке бөленген дәрігер Диманұр Зияқызы.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button