Тарих

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Өскеменде қазақ хандығының 550 жылдығына орай шетелдік және елімізге танымал тарихшы ғалымдар мен ақын-жазушылардың, жергілікті зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. С.Аманжолов атындағы университетте өткен конференцияға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш жиынға қатысуға Қытай, Түркия, Ресей, Венгрия мемлекеттерінен, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар қызығушылық білдіріпті.
– 2015 жыл – еліміз үшін айрықша жыл. Республика көлемінде аталып өтіп жатқан түрлі даталардың ішінде ұлтымыз үшін Қазақ хандығының 550 жылдығы өте маңызды. Жер-жаһанға сүйіншілеп, жария еткенімізге ширек ғасыр ғана болған бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізді айтпағанда, 550 жыл бұрынғы Қазақ хандығы да бір күнде кереге керіп, бір жылда шаңырақ көтере салмағаны белгілі. Осы жолда қаншама жорықтар болды. Кескілескен шайқастарда қаншама батыр бабаларымыз ел ертеңі үшін, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін майдан даласында мерт болды. Біз сол бабаларымыздың көзсіз ерлігімен мақтанып қана қоймай, ел ертеңі саналатын жас буынның санасына да құя білуіміз керек. Кеше ғана Астанада аса жоғары деңгейде атап өтілген Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің өзге өңірлерінде заңды жалғасын табуда. Соның бірі – бүгін Шығыс жерінде өткізіліп жатқан үлкен той, – деген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Алматы мен Астанадан, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Жезқазған облыстарынан арнайы келген меймандар мен жиынға қатысушыларды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын барысында баяндама жасаған Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, өскемендік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Игібаев, Шыңжан қоғамдық ғылымдар академиясының профессоры, зерттеуші-тарихшы Жақып Мырзахан, ел мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Жекен Қалиұлы, филолог-ғалым Иманғазы Нұрахмет және тағы басқалар қазақ хандығының түп тамыры 550 жылдан да әріде, сонау Жошы ұлысының қазақ даласында мемлекет болып қалыптасқан уақытынан бастау алатындығына, қазақ тарихының осы күнге дейін аяусыз бұрмаланып, ұзақ жылдар қиянат көріп келгендігіне, бүгінгі ұрпақтары арнайы ас беріп жатқан ноян Кетбұқа мен Төлегетай бабаларымыздың сол замандарда қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуына зор еңбек сіңіргендігіне, Кетбұқаның жеңіліс көрмеген қолбасшы әрі келелі кеңестерде көшелі ой айта білген шешендігі мен қазақ күй өнерінің пірі болғандығына ерекше тоқталды.
Конференция соңында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында батыр бабаларымыз Кетбұқа ноян мен Найман тайпасының төрт руының атасы Төлегетайға және тарихи тақырыпқа арналған поэмалар мен дастандарға жарияланған шығармашылық бәйгенің қорытындысы жарияланды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қырыққа жуық ақын қатысқан жыр бәйгесінің бас жүлдесін (жеңіл автокөлік) «Кетбұқаның соңғы күйі» атты туындысы үшін жезқазғандық ақын Ғазез Ештанаев жеңіп алса, жүлделі бірінші орын (500 000 теңге) тағы бір Жезқазған өңірінің тумасы Кенжебай Ахметовке бұйырды. Екінші жүлдені өскемендік ақын Бақытжан Райысова қанжығасына байласа, үшінші жүлденің жеңімпазы және бір Жезқазғанның Ұлытау ауданынан келген ақын Батырбек Мырзабеков деп танылды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тағайындаған екі ынталандыру сыйлығы шығысқазақстандық қос ақын Төлеген Жанғалиев пен Мұрат Тастағановқа табысталды.

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Осы күні Халифа Алтай атындағы орталық мешітте Төлегетай мен Кетбұқа баһадүрлердің аруағына және қазақ хандығын құру жолында шейіт болған күллі қазақ батырларына арналып құрбандыққа ақ түйе шалынып, мыңға жуық адамға ас берілді.

* * *
Бұл күні мерейтойлық шаралар аясында ұлттық спорттың әр түрінен жарыстар өтті.

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Батыр бабалардың асына жиналған жұрт әуелі қазақ күресінен сынға түскен сом білекті балуандардың айқасын тамашалады. 20 балуанның ішінен суырылып шыққан төртеуі ақтық сында қарым-қабілеттерін көрсетті. Үшінші орынға тігілген 300 мың теңгені өскемендік Талғат Әміренов алды. Ал бірінші орынға талас белгілі балуандар Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың арасында өтті. «Қазақстан Барысының» қос жеңімпазы айқасқанда, көрермендер республикалық деңгейде өтіп жатқан аса ірі айқасты тамашалағандай күйде отырды. Айбек алып күштің арынын байқатса, Мұхит әдіс-амалдың түр-түрін көрсетіп бақты. Ақыры, екі бүк, бір жартылай жеңіспен бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды Мұхит әкетті. Екінші орынға арналған 500 мың теңге Айбекке бұйырды.

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Жекпе-жек сарайында өткен күрес аяқталысымен, жұрт Меновное атшабарындағы ат ойындарына қарай ағылды. Бұл аста көкпардың жүлдесіне де темір көлік тігіліпті. Оны ақтық сында тарбағатайлықтарды ұтқан көкпектіліктер тақымдарына басты. Үшінші орынға тігілген жүлдені өскемендіктер алды. Екінші орын – Тарбағатай көкпаршыларында. Ал аударыспақ бәсекесі негізінен ұландықтар мен жармалықтардың арасында өтті. 60, 70, 80, 90 келі салмақтың бәрінің ақтық айқасына осы екі ауданның азаматтары шықты. Барлығында ұландықтардың мерейі үстем болды. Ал абсолютті салмақтағы айқаста Тарбағатай азаматымен тартысқа шыққан тағы бір ұландық жігіт Ермек Жәкішев өзінің ептілігімен ел ықыласына бөленді.

ҰРПАҚТАРЫ БАҺАДҮР БАБАЛАРЫН ҰЛЫҚТАДЫ

Айтыс пен бәйге десе тамырында қаны тулайтын қазақ аз ба?! Атшабарда жиналған жұрттың делебесін қоздырып, 21 саңлақ шаң көрсетті. Аламан бәйгеде 25 шақырымды бағындыру үшін жүйріктер атшабарды 10 мәрте айналуы керек.
Жұрттың делебесін қоздырған аламан бәйгеде бірінші болып Семей қаласының жүйрігі мәреден өтіп, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды әкетті. Екінші орын Катонқарағай ауданының жүйрігіне бұйырды. Үшінші болып мәре сызығын Ұлан ауданы, Алмасай ауылының жүйрігі кесіп өтті.

Серік Құсанбаев, Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button