«Дидардың» қонағы

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург: – Әдебиетке келмегенде қобызшы болар едім

Жерлесіміз, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, жазушы, драматург Роза Мұқанова елімізге жақсы таныс. Оның «Жарық дүние», «Дүние кезек» атты әңгімелер жинағы, «Құдірет Кие» атты әңгімелері мен хикаяттары жарық көрген. 2001 жылы Рабғұзидың «Қисса-сүн-Әнбия» кітабын алғаш рет қазақ тіліне тәржімалады. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Қызжылаған» сынды шығармаларының желісі бойынша академиялық театрларда спектакльдер қойылып, кино түсірілді. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Дидардың» тілшісі жазушымен сұхбаттасқан еді.

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург: – Әдебиетке келмегенде қобызшы болар едім

Туған жердің топырағы қашан да киелі


– Алдымен әдебиетке нұсқаған ұстазыңыз жайында әңгімелеп берсеңіз.

– Дұрысы, 90-жылдардың басы болар, әдебиет деген қарашаңырақтың табалдырығынан аттаған кезім. Қазақ әдебиетінде құбылыс болып танылғандар: Дулат ақын, Абай, Махамбет, Мағжан, Мұхтар, Мұқағали. Құбылыс – шығармашылық мінез, ерекше тағдыр. Құбылыс – дара ой айта алатын әулие. Әйтпесе, екі ғасыр бұрын Дулат Бабатайұлы:
…Күнбатысқа көз салмай,
Күншығысты еске алмай.
Бізді алатын жау жоқ деп,
Бізден мықты дәу жоқ деп,
Алды-артыңды байқамай,
Болашақты болжамай,
Жол сауданы олжалай,
Ақбөкендей алданып,
Ортасына кәпірдің,
Аңдамай келіп түскенің…
– дер ме еді?
Немесе Абай:
…Егіннің ебін,
сауданың тегін,
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға!
– деп кетпеп пе еді? Ал кешегі өткен Мұқағалидың:
…Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз.
Өзімізді себебі, жиі алдаймыз,
Өзімізден өзіміз ұялмаймыз,
– дегенін қайда қоямыз?

Мұндай өжет сөздерді даралар ғана айта алады. Себебі, олар сол заманда, сол дәуірде өзгеше ойдың жемісін бере алды. Осы тұлғаларды әдебиеттегі арда құбылыс дер едім. Біз өткендерге құбылыс деп баға бере аламыз. Тірілерді құбылыс десек, қателесуіміз бек мүмкін. Тіршілікте тірінің ұсақтығын термелей береміз. Біздің жұрт өлінің ғана ірілігін айтуға машықтанған. Сондықтан құрметіңе ризамын. Әдебиет деген алып шыңды бағындыру әркімнің үлесіне тие бермес. Өнердің бағы – халықтың иелігінде. Халық өнерді игілігіне жаратып жатса, онда өнердің мәңгілік болғаны. Олай болса, сол өнерді тудырған пақырдың да бақытты болғаны ғой. Солай ма?..

– Солай. Оқырмандарға өзіңіздің өмірбаяныңыз туралы баяндап бересіз бе?

– Мен Үржар ауданына қарасты Тарбағатай тауының етегін жайлаған Көлденең деген ауылда дүниеге келдім. Дәл осы ауылдай көрікті жерді көргенім жоқ. Үржардың Ілияс Жансүгіров, Абай атындағы мектептерінің ұстаздарынан білім-тәлім алдым. Өзіңіз қызмет етіп отырған «Уақыт тынысы» газеті ол кезде «Қызыл ту» деп аталатын. Мұнда да талай мақала, әңгімелерімді әкеліп жүретінмін. Мен үшін туған жердің топырағы қашан да киелі. Аудандық музыка мектебінің қобыз класында оқыдым. Бұл мектеп елімізге танымал талантты ұл-қыздарды тәрбиеледі. Қобызды кәсіп етпегенмен, сөз өнерін кәсіп еттім. Бірақ, қобызды пір тұттым. Үйімде екі қобызым бар. Бірін кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, екіншісін жазушы Дүкенбай Досжан тарту еткен. Есіңізде болса, «Қызжылаған» фильмінде осы босағада ілулі тұрған қара қобызға акцент көбірек беріледі. Бұл режиссердің автордың жан дүниесімен байланыстырған тұстары болатын.

Алғаш қолыма қобыз ұстатқан ұстазым – Ғалия Қабышқызы. Ол кісі кейіннен Мақаншы жаққа көшіп кетті де, Айша Хамзина апай ұстазым болды. Марқұм Айша апамыз да жан дүниесі бай, аса сезімтал жан еді. Мені ойлануға, сабыр сақтауға, тіпті, бала да болсам мұңаюға, армандауға баулыды. Өмірдің жұмбағы мен сырын, тіршіліктің тылсым тілін ұғындырар сезімге үйретті.

Өнерге құштарлық әкемнен дарыған қасиет


– Мені жазушы болуға, суреткер болуға ынтықтырған да – қобыз. Дүниенің жұмбағын ашатын кілт – қобыздың ғана үнінде. Қобыз үні өз жаратылысы сияқты ойқы-шойқы, ирелең, тұйық, жұмбақ. Ол даңғаза дыбыстардан тұрмайды. Ішкі түйсікке әсер ететін әуенді ғана бойлайды. Қобыз – жұмбақ.

– Сіз әдебиетке келмегенде қандай мамандық иесі болар едіңіз?

– Әдебиетке келмегенде, бәлкім, қобызшы болар ма едім?!…

– Белгілі жазушы Әкім Таразимен бас қосуыңызға дәнекер әдебиет деп айта аласыз ба? Танысуыңызға кім себепкер болды?

– Тағдыр.

– Балалық шағыңыздан есіңізде қалып қойған оқиға жайында айтсаңыз?

– Әдебиетке, өнерге бала кезімнен құмар болдым. Бұл әкемнен дарыса керек. Әкем Қажығалым Мұқанов – әдебиетті, жазушылықты кәсіп еткен адам. Сол кісінің тәрбиесі болар. Әкем Абайды, Мұхтар Әуезовті пір тұтты. Менің де алғаш рухани тұрғыдан сусындаған ғұламаларым осылар. Ауылды жерде өскендіктен жан дүнием бай болды. Табиғатқа құштар болдым. Қарапайым адамдардың өмірін көріп, тағдырына қанығып, ортақтасып өстім. Осы балалық сезімдер үлкейе келе әңгімелеріме арқау болды.

– Әйгілі жазушылардың бәрінің тағдыры сан қилы, өмірбаяны күрделі. Осыларға өзіңізді жатқыза алар ма едіңіз?

– Тағдыр – Алланың сыйы. Сол тағдырға иелік етуің өзіңнің талантыңа, бірегейлігіңе байланысты. Ақан серіні алып қараңызшы. Ақанның тағдыры ауыр болды. Бірақ, сол тағдырды Ақан қандай сұлу етіп алып шықты. Ақанда осындай тағдыр болмаса, өнері сұлу болар ма еді? Мағжан ақын айтқандай, өнерінен өмірі сұлу сияқты. Ақан серіге осындай тағдыр бұйырмаса, ақындық та, серілік те, мінез де болмас еді. «Сырымбет», «Шырмауық», «Балқадиша» қалар ма еді соңында? Тағы қайталап айтайын, тағдыр – Алланың сыйы. Ал оған төзе білудің жолы, сол пенденің даралығында.

– Ұстазыңыз, әкеңіз Қажығалым Мұқанов жөнінде не айтар едіңіз?

– Менің ұстазым, ақылшым, әкем – Қажығалым Қажыбайұлы Мұқанов. Ол кісінің көңілінен бірде шықсам, бірде шықпай жатамын. Әкемде талап та, талғам да жоғары. Сол себепті болса керек, кей кездерде менің әдетім, мінезім сай келмей жатады. Бұл – мендегі кемшілік, әрине. Әке – асқар тау, мен беткейдегі бір төбешік қанамын.

– Бүгінгі қазақ прозасы қай деңгейде?

– Оны өзіңіз де жақсы білерсіз… Мен бүгінгілерден гөрі өткендерді көбірек оқимын. Өзіме керекті дүниелерді өткендерден тез тауып алып, қайран қалып отыратыным бар. Солармен жаным үндес сияқы. Соларды оқысам ғана жаным тоят табады, бүгінгілерді оқысам, көңілім түсіп, берекем қашады.

– «Мұқағали» деген шығармаңыз қиялдан туған дүние ме, әлде… Келіншектің прототипі бар ма?

– Мұқағали ақынды өмірде көргенім жоқ, бірақ Лашын апаймен көп сырластым. Мұқағали Мақатаевтың күнделіктерін Орталық мұрағатқа өткізуін апайға түсіндіріп жүріп, алғашқы қордың ашылуына мен мұрындық болып едім. Лашын апай Мұқағалиды ерекше жақсы көрген, кесек мінезді әйел. Менің «Мұқағали» деген әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Әңгіме шыға сала Лашын апайға бір ақынның жесір әйелі (ол бүгінде бар) телефон шалып: «Мына қызды құрт! Мұқағалиға тіл тигізіпті. «Басқа біреумен Мұқағали сырлас болыпты, сенен басқаны сүйіпті» деп жазыпты мынау…» деген ғой. Сонда марқұм Лашын апамыз: «Мұқағалиды» мен де оқып шықтым. Ондай ештеңені байқамадым, Розаның әңгімесі маған ұнады. Мұқағали жайлы осы уақытқа дейін бірде-бір мұндай әңгіме жазылған жоқ» депті. Сөйтіп, жаңағының дымы құрыпты. Лашын апайда шайпаулық та, көпсөзділік те болған емес, біртоға жан еді, жарықтық. Ал «Мұқағали» әңгімесінде шындық та, қиял да бар.

– Қазір проза қысқа, нұсқа болу керек деген пікірлер қылаң беріп жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Ойы қысқа болғасын, ұзақ не айта алсын. Мен көлемге емес, ойға, оқиғаға құрылған дүниені бағалаймын. Әдебиет ақпарат құралы емес қой.

– Ең сүйіп оқитын жазушыңыз?

– М.Әуезовтен бастап, Ә.Таразиға дейін. Өзге жұрттан алар болсаңыз, Л.Толстойдан бастап, С.Цвейг, Р.Акутагава, А.Камюден бүгінгі Т.Толстаяға дейін.

– Олар несімен ұнайды?

– Адамзат санасына оқыстан келіп, олардың сезім-түйсігіне әсер етер, жанды оятар, тебірентер туынды жазғандарымен.

– Хоббиіңіз?

– Таза ауада серуен құру. Ерекше тұлғалардың өмір-тарихын оқу.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан –
Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button