Мәдениет

Құрмет кітабы қалыңдай түседі

«Мемлекеттік қызметшілердің құрмет кітабына» облысымыздағы мемлекеттік қызмет жолында аянбай тер төгіп жүрген еңбекқор жандардың есімдері енгізіліп отыр.

Құрмет кітабы қалыңдай түседіОблыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен жарық көрген кітаптың тұсаукесеріне облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы Тоқтамыс Жұмағұлов, елге қызмет етіп жүрген жалынды жастармен бірге алдыңғы аға буын өкілдері қатысты.

Жалпы, еліміздегі мемлекеттік қызметтің қалыптасуы егемендіктің және мемлекеттік басқару құрылымының негізімен сәйкес келеді. Кеңестік кезеңде мемлекеттік қызмет жеке кәсіптік сала ретінде қарастырылмаған еді. Кәсіби мемлекеттік қызмет құру Қазақстан үшін үлкен міндеттердің бірі болды. Бұл құрылымның негізі 1995 жылы қаланды.

– Мемлекеттік қызметшілердің мерейін асыратын мұндай кітапты біздің облыс алғашқы болып қолға алып отыр, әзірге елімізде бұл кітапқа балама жоқ, – деді өз сөзінде облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев. – Бұрынғы кеңес дәуірінде ел үшін айтулы істер атқарған азаматтардың есімі құрмет тақтасына ғана ілінетін. Әрине, бұл – үлкен құрмет. Бірақ ол уақытша ғана құбылыс, тақтаға ілінген адамның есімі кейін ол жерден міндетті түрде алынады. Ал кітап – мәңгілік. Мемлекеттік қызметшінің есімі оның ұрпақтарына үлгі болып, кітап парақтарында қала бермек. Бұл кітап көлемі жағынан әзірге жұқа, алайда, алдағы уақыттарда құрмет кітабының қалыңдай түсетініне кәміл сенемін.

Сонымен қатар құрмет кітабы мемлекеттік қызметшілердің шығармашылық деңгейін арттырып, олардың ел қызметіне деген ынта-жігерін күшейтуге зор үлесін қоспақшы. Бұл кітапқа еңбек жолында өздерін тек оңды жағынан көрсетіп, өзгелерге үлгі бола білген, еңбегі жемісті жандар кіреді. Олардың қатарында облыстық мұрағат және құжаттар басқармасының бастығы Алдияр Әубәкіров, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Сләмғазы Нұғманов, облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі Ерқайрат Иқсанов, Өскемен қалалық мәслихаты аппаратының жетекшісі Светлана Назарова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Самал Мырзабаева және тағы басқа мемлекеттік қызметшілер бар. Бұл – есімдері құрмет кітабына енген жандардың бір тобы ғана. Құрмет кітабына облысымыздағы барлығы 63 мемлекеттік қызметшінің есімдері жазылған. Арнайы белгіленген өлшемдерге сәйкес, облыстық комиссияның шешімімен құрмет кітабына лайық деп танылған мемлекет-тік қызметшілердің қуанышында шек жоқ.

– Тіпті, демалыс күндері де жеке шаруамызды жиып қойып, атқарған еңбегіміздің еленіп жатқанына шынымен де ризамын. Бұл кітап мемлекеттік қызметшілердің жұмысына серпін беретініне сенімдімін. Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне міндеттелген жұмысты өз еліне деген сүйіспеншілікпен атқаруы керек. Сонда ғана мемлекетіміз іргелі, еліміз бақуатты бола бермек, – дейді есімі кітап парақтарына енген жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бас маманы Жанар Қасенова.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button