«Дидардың» қонағы

Ринат ЗАЙЫТОВ, айтыскер ақын: – Келісіп алып айтысу фонограммамен ән салғанмен тең

Ринат ЗАЙЫТОВ, айтыскер ақын: – Келісіп алып айтысу фонограммамен ән салғанмен тең

Айтыспен қоштасқан жоқпын

– Бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатыңызда «енді айтысқа шықпаймын» депсіз, бұл айтқаныңыз шындығыңыз ба?

– Мен айтыспен қоштастым деген жоқпын, ол сұхбатымда Жүрсіннің айтысына шықпаймын деп айтқан болатынмын.

– Жүрсін Ерман Ринат ақынға ренжулі сияқты ғой?

– Иә, суайт деді, тексіз деді, айтысқа қатыстырмаймын деді. Енді ол кісі не айтса да өзі біледі. Әркімнің өз шындығы бар. Шынымды айтсам, осы сұрақтан шаршадым. Жүкеңді құрметтеймін, ол кісінің еңбегі зор ғой. Бірақ, мен туралы айтқанын дұрыс деп есептемеймін.

– Ринат, бүгінгі айтыстағы ақындар шындықты шынымен де айта алып жүр ме, айта алып жүрсе қандай деңгейде?

– Көпке топырақ шашпаймын, бірақ айтып отырған сөзі мен ойына талдау жасамайтын ақындар көп. Анау да жемқор, мынау да жемқор деп қара күйені билік жаққа жаға салу оп-оңай. Көп ақындар ақпаратты ұлттың қамын ойлаған болып көрінетін оппозициясымақ газеттерден алады. Газет оқымайтын ақындар ше? Олар ақпаратты айналасынан алады. Жұрттың өсегіне жүгінетіндер бар. Аннан-мыннан естігенін ел алдында еңіреп әңгіме қылып отыру шындықты айту емес. Ақындар бүгінде бірыңғай сөйлеп барады, үкімет жаман, қалғаны жақсы, бітті… Сөйтіп, айтсақ халыққа өтеміз, қатырамыз деп ойлайды. Таяқтың екі ұшы бар ғой. Жалпы, ойымыз бен сөзімізге сараптама жасап отыруымыз қажет.

– Ақындардың алдын ала келісіп, жаттап алып айтысатындары рас па?

– Онысы рас енді. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде бізде келісіп айтысу деген пайда болды. Кіммен айтысатының кейде бір апта бұрын, кейде бір күн бұрын белгілі болады. Бізде айтыс балдық жүйемен бағаланады ғой. Содан екі ақын да жоғары балл алайық дейді де, не айтатындарын түні бойы жазып, келісіп алады. Оны Жүрсін ағам да жақсы біледі, қазылар да хабардар. Онымен қоймай, дайын айтыстарын халық алдында қойылым етіп қойып шығатындар да бар. Бүйте берсек, біздің айтыс өшеді шынымен. Жазып алып айтысу фонограммамен ән айту сияқты ғой.

– Айтысқа баға беретін қазылардың айтысты бағалауына, жалпы, бүгінгі қазылар құрамына көңіліңіз тола ма?

– Толмайды, мысалға спортты алайық. Спортта халықаралық дәрежедегі төреші сол дәрежеге жету үшін өзі жүрген саланың әбден майын ішкен соң барып өлдім, талдым дегенде жетеді. Бізде қазылықта отыратындар кімдер? Журналистер, бизнесмендер, ғалымдар, ары кетсе, жазба ақындар. Олардың айтысқа төрелік етуге қандай хақысы бар, қанша қатысы бар? Айтысқа тұрақты қазылар тобын жасақтау керек. Ол айтыстың не екенін, оның ішкі иірімдерін білетін адамдардан құралуы керек. Жаңағы келісіп алып айтысатындар кілең әдемі теңеулер, аллитерация мен ассонанстарға толы шумақтарды жаттап келеді. Ал анау төрелік жасап отырған жазба ақынға ол ұнайды. Өйткені, оның іздеп отырғаны сол жазба дүние. Біздікі айтыс қой, мұнда көркемдік керек, бірақ жаттанды көркемдік емес, экспромттық көркемдік, яғни, суырып-салмалық керек.

– Егер жасақтала қалса, тұрақты қазылық құрамның қатарына лайық кімдер бар?

– Олар айтыстың ардагерлері. Кімнің жаттап, кімнің тақпақ айтып отырғанын сөзінің ләмінен, дәмінен айыратындар солар. Басқаларына тек әләуләйлатып, тоқтамай сөйлеп жатса болғаны, жоғары балды көтере береді. Өткенде Шымкентте болған айтыста жаттанды өлеңді төгіп отырған екі бала ақынды қазылық етіп отырған Әселхан апамыз орта жолдан тоқтатып ұрсып тастаған болатын. Сонда Жүрсін Ерман: «Суырыпсалып сылдыр сөз айтқанша, жаттап алып, ойлы сөз айтқан жақсы» деп еді. Меніңше, бұл айтысты бүлдіру. Әділқазылыққа жарайтындар жетеді бізде, Есенқұл Жақыпбеков, Абаш Кәкенов, Ермек Жұматаев, Серік Қалиев деп атай беруге болады.

– Алматыға көшіп кетуіңізге не себеп болды?

–Шығармашылығымды дамыту мақсатында көштім, Семейде дамытуға мүмкіндік болмады. Жетіскен қазақ көшшіл болушы ма еді? «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме. Алматыға көшкеніме кейде өкінемін, өкінбейтін де жерлерім бар.

20-ға тақау көлік міндім


– «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, ақындығыңызбен қатар соңғы кезде сіздің рэп-әншісі, шоумен, тележүргізуші сияқты жаңаша қырларыңызды көріп, разы болып жүрміз. Бұл туралы халық не дейді?

– Халық не демейді, неше түрліні айтып жатыр. Мен былай айтам: мысалы, ішкі істер саласының қызметкері өз саласында әртүрлі қызметтерді атқаруы мүмкін ғой, оның өз саласында атқарып жатқан жұмыстарының түрі ауысқанмен оның басты дүниесі – иығындағы погоны ауыспайды, яғни, ішкі істер қызметкері болып қала береді. Мен сахнаның адамымын. Жаңағы өзің айтып отырған жеті өнердің қай-қайсысымен айналыссам да мендегі бір нәрсе өзгерген жоқ, ол – сахна. Рэп айтсам да, тележүргізуші болсам да, айтысқа қатыссам да мен сахнада қала беремін. Бірақ оны ешкім түсінгісі келмейді. Неге Қызылорданың ақыны Мұхтар Қуандықұлынан «Сен ақын емессің бе, салық комитетінде неге жұмыс істейсің?» деп сұрамайды. Кезіндегі атақты Кемпірбай ақын бүгінгі цирктегі акробаттар әрең орындап жүрген қимылдарды жасапты. Сол кезде халық: «Ойбай, Кемпірбай ақын аяғымен емес, қолымен жүріп кетіпті» деп күлмеген шығар, қайта қолпаштап разы болған болуы керек. Сосын бүгінгі әншілер мен тележүргізуші болып жүрген беті жылтыр, ойы таяз жастардың 90 пайызы қазақша қатырып сөйлей алмайды. Сонда ақын тележүргізуші болмағанда кім болуы керек?

– Рэп пен айтыстың ұқсастығы бар ма?

– Рэп – тәрбие құралы, тек оның айтар ойы мен сөзі сапалы болуы керек. Біз ұлттық рухымызды енді көтерсек, тіліміз арқылы ғана көтере аламыз. Және оны көтергенде де кез келген құрал арқылы барымызды, жанымызды салып көтеруіміз керек. Шындықты мойындайық, тіліміз ресми алаңда ештеңеге жарамай жеңіліс тауып жатыр, өйткені, ол алаңның өзінің ресми тілі бар. Айтыстарда мен өз ойымды бүкпесіз айтып келемін, тура сол ойды мақамын ғана өзгерте отырып жастарға рэп арқылы ұсынып, қазақ тілін барынша насихаттағым келеді. Қазір альбом дайындау үстіндемін.

– Бұл Батысқа еліктеу болып кетпей ме?

– Қызықсыздар… (басын шайқап). Қазақ тілін артқа тартып тұрған тура осы дүние. «Қазақ осындай», «қазақта ондай болған жоқ» немесе «бұл Батысқа еліктеу» деген сияқты жалған, негізсіз дәстүршілдік жаңа заманда тілдің дамуына кедергі келтіреді. Бұл қазақтың дәстүрі үшін емес, қазақтың тілін дамытуға пайдалану үшін қажет болып тұрған құрал ғана. Оны тыңдаған жастар қартайғанша рэп тыңдап өтпейді ғой, бұл – жасөспірімдердің уақытша тыңдайтын жеңіл-желпі әні. Қазақша болмаса, олар бәрібір орыс немесе ағылшын тілінде тәрбие алады. Осы әредікте олардың миына ұлттық рухта ұран көтерген, қазақтыққа қанық шумақтарды құйып жіберсек жаман ба? Біздің қазақ тілді қоғам креативке талпынғысы да, жаңаша ойланғысы да келмей тұр. Ақын туралы бүгінгі қазақтың ойы мынандай: ол XVII-XVIII ғасырдың адамы, үстіне шапан киіп, қолына домбыра ұстап жүруі керек немесе Наурызда ғана сахнаға шығады. Жоқ! Ақын – ежелден жаңашылдықтың алдында жүретін адам. Қазір қазақи дүние дегенде, жұрттың бәрі киіз үй мен шапанды, домбыраны елестетеді. Ұлтымыз – осы дейді. Ұлтымыз шапанды шешіп, атты темір тұлпарға айырбастағалы қай заман? Қазақ қазір, құдайға шүкір, асфальт салып, Астана тұрғызып жатыр! Сосын біз эфирді дұрыс пайдалануымыз керек. Телебағдарламаға шақырып алып ақ бас академик шалды 25 минут сөйлеткеннен дым шықпайды, оны ешкім тыңдамайды. «Ойбай, біз тәрбие беріп жатырмыз, біз насихаттап жатырмыз» дейді. Насихатты заманауи, дұрыс, жастар түсінетін қазақ тілінде жүргізу керек.

– Айтыстан неше мәшине міндіңіз?

– Көп міндім. Екі жыл бұрын санағанда 14 болатын, одан берісі қанша болғанын санаған жоқпын.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Құдай қосқан жұбайым Зүлфия жуықта ғана дүниеге шекесі торсықтай тізгін ұстарымды әкелді. Есімін Абайдың інісіне балап Оспан деп қойдым. Оспанның алдында Айша, Ақжүніс атты тәп-тәтті екі қызым бар.

– Ұлыңыздың бауы берік болсын! Әңгімеңізге рақмет, шығармашылығыңызға табыс тілеймін!

Әңгімелескен – Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button