Аймақтар аухалыТОП

Риддердегі жағдай тұрақталып келе жатыр

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Риддердегі жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқандай. Осыдан біраз бұрын бірінен соң бірі істен шығып, дүйім жұртты әбігерге салған жергілікті жылу электр орталығының қазандықтары жөнделіп, іске қосылуда. Бұған қоса, шаһардағы ауруханалар мен мектептерді жылытуға қажетті қосымша электр қазандықтар пайдалануға берілуде. Бір сөзбен айтқанда, қазан айының соңы-қарашаның басында риддерліктердің өміріне бейне бір дерт секілді батпандап кірген мәселе бүгінде мысқалдап шығуда.

Батыл қадамдар жасау қажет болды

Естеріңізде салайық, мамандардың кеншілер қаласы халқының шамамен 90 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Риддер жылу электр орталығындағы» апатпен күресіп жатқанына осымен бір жарым айдың жүзі болыпты. Жалпы, бұл апаттың себебі неде?

Оқиға былай өрбіген, қазанның 23-і күні орталықтағы №3 қазандықтың апаттық сөнуіне байланысты қала тұрғындары бір тәулікке жылу мен ыстық сусыз қалады. Көп ұзамай ЖЭО қазандықтары қайтадан сыр беріп, тағы бір штаттан тыс жағдай туындайды. Тез арада облыс әкімінің өзі басқаратын жедел штаб құрылады. Артынша төтенше жағдай жылу электр стансасы басшылығының мазуттың сапасын дұрыс қадағаламағаны салдарынан болғаны белгілі болады. Сол кезде «Мазут сумен сұйылтылған, кесірінен бүкіл қала жылусыз қалған» деп түсініктеме берген еді қала басшылығы.

Мәселе шешімін тапты-ау дегенде, жылу орталығының әбден тозығы жеткен құрылғылары кезекті тосынсыйын жасады. 31 қазанда кеншілер қаласындағы жылу орталығында тағы бір штаттан тыс жағдай болды. Бұл жолы жоғары қысымды қазандық істен шықты. Үйлердегі батареялар күрт салқындап, халық тағы да дабыл қақты. Ол аздай, дәл сол күндері стансадағы багер сорғысын су басып кеткен. Осындай сын сағатында тез әрі батыл қадамдар жасалуы керек болатын. Және ондай қадамдар жасалды да.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен. Кәсіпорын басшылығы болса, күнде ертеңге салып, жөндеу жұмыстарын кейінге шегерумен келген. Салдарынан, соңғы кездері ЖЭО-ның құрал-жабдықтары жиі сыр бере бастаған. Мұның бәрі қоғамда компания жұмысына сенімсіздік туғызып, онсыз да ушығып тұрған жағдайды шиеленістіре түскен. Тек 2022 жылдың басында облыс басшылығының өзі араласқаннан кейін ғана насырға шабайын деп тұрған істің беті бері қарағандай болған-ды.

Өткен қыста жылу орталығында апат болып, оқиға орнына аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі барған. Сол кезде облыс әкімі компания басшылығының проблеманың қаншалықты ауқымды екенін жіті түсінбейтінін және тығырықтан шығу жолдарын білмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірген болатын. Сол себепті, мамыр айында аймақ басшылығы Үкіметке шығып, түйткілді мәселесі көп жылу электр орталығындағы жағдайға баға беру үшін Риддерге республикалық комиссияны жіберуді сұраған еді.

Тындырар шаруа әлі де көп

Ал қалаға жасаған соңғы сапарында облыс әкімі осыдан шамамен бір ай бұрын Риддердегі жылу электр орталығының №4 және №5 қазандықтарының темір-терсегі металлоломға ғана жарайтындай жағдайда болғанын айтқан еді. Тек үш ауысымда жұмыс істеген арнайы бригадаларының тынымсыз еңбегінің арқасында ғана мәселе біртіндеп шешімін таба бастады.

– Қараша айының басында келгенімде, бұл жердегі ахуал өте нашар болатын. Тоз-тозы шыққан құрал-жабдықтарының басым бөлігі жөндеуді қажет ететін. Бірнеше апта бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде олқылықтың дені жойылды. Дегенмен, әлі де тындыратын шаруа көп. Айналдырған бір жарым айдың ішінде мұндағы багер сорғысын екі рет су басты. Үш насос істен шықты. Бүгінде олардың бәрі ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Ол үшін ондағы құрал-жабдықтар түгелдей дерлік ауыстыруға тура келді. Ендігі кезек – онымен жұмыс істейтін мамандарда. Бұл жерде өз ісінің білгірлері ғана қызмет етуі тиіс, – деп еді облыс әкімі Риддерге жасаған соңғы сапары барысында.

Белгілі болғандай, қалпына келтіру жұмыстары кәсіпорынның мазут шаруашылығында да қолға алыныпты. Атап айтсақ, мамандардың күшімен бұл жердегі насос жаңаланып, көп ұзамай іске қосылған. Жылу орталығының көмір жеткізетін күре жолында да ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылу орталығына мазут пен көмір жеткізу мәселесі де шешімін тапқан. Сенімді ақпарат көздеріне сенсек, бүгінде Риддерге күн сайын 15 вагон қатты отын жеткізіледі екен.

Әзірге жылу электр орталығындағы қазандықтардың жартысы ғана істеп тұр. Бұл әрине, бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етуге аздық етеді. Дегенмен, жақын арада жаңаланып жатқан қазандықтар іске қосылып, бұл олқылықтың да орны толтырылады деп сендіруде қала басшылығы.

Ал қарапайым тұрғындар болса, осымен бір айдан астам уақыт бұрын басталған қолайсыздықтар мен қиындықтарға қарамастан түсіністік танытып, сабыр сақтауда.

– Үйіміздің іші анау айтқандай жылынып кетпесе де, алғашқы күндердегіден анағұрлым тәуір. Иә, әзірге бұрынғыдай жеңіл киініп жүре алмаудамыз. Дегенмен, мұндай қоңыр салқынға да бойың үйреніп кетеді екен. Тек кішкентай балаларымызды ауыртып аламыз ба деп қорқатынымыз рас, – дейді Аяужан есімді оқырманымыз.

Белгілі болғандай, қазір қаланың жылу жүйесіндегі температура +75 градус айналасында екен.

– Әзірге, дәлірек айтсақ, бесінші қазандық іске қосылмайынша, жүйеге айтарлықтай қысым түсірмеуге тырысудамыз. Рас, дәл қазір қаланың жылумен қамту жүйелерінің жағдайы да мәз емес. Дегенмен, жергілікті мектептер мен ауруханаларды жылыту мақсатында Алматыдан қосымша электр қазандықтарын сатып алдық. Бұлар негізгі жылыту агрегаттарының шамасы жетпей жатқан кезде іске қосылып, ғимараттардағы қажетті температураны сақтап тұруға көмектеседі. Тіпті, жаңа құрылғылар бұрынғы қазандықтардың көмегінсіз, яғни өздері-ақ аурухана-мектептерді жылыта алады. Сондықтан әлеуметтік маңызға ие нысандар жылусыз қалады деп уайымдамай-ақ қоюға болады, – дейі облыс әкімі.

Соңғы ақпарат бойынша, бүгінге дейін қаладағы сегіз медициналық мекемеге электр қазандықтары орнатылыпты. 23 желтоқсанға дейін дәл осындай қазандықтар шаһардағы төрт мектепте де іске қосылуы тиіс. Қазір мұндай құрылғыларды көпқабатты тұрғын үйлерге орнату жағы да қарастырылуда.

Сөзіміздің тоқ етері, Риддерде бұдан былай төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Ал жылыту маусымы аяқтала салысымен, яғни алдағы жылдың мамыр айында «Риддер жылу электр орталығында» күрделі жөндеу жұмыстары басталуы тиіс.

Осы айдарда

Back to top button