Қоғам

Құрбан айтта құндылықтарымыз дәріптелді

Құрбан айтта құндылықтарымыз дәріптелді
Құзғын сәріде қолына құман алған жұрт күн көтеріле мешітке беттеді. Иін тірескен елдің ішінде ақсақалынан көксақалы көп. Мешіт жамағаты жасарып келеді деген сөз тағы бір мәрте дәлелденді бұл күні. Басына жарасымды тақия киген ер балалардың да қарасы мол. Алла үйіне келіп, мұсылмандық парызын өтеп жүрген халықтың жүзінен мейірім нұры еседі. Облыстық «Халифа Алтай» мешітінің кең залы тарлық еттімұнша жұртқа. Кешігіп келгендер мешіт сыртынан қол жаюға мәжбүр болды.
Жиналған жұртты құрбан айт мейрамымен құттықтаған аталмыш мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы жамағатты жарты сағат бойы құдіретті құран үніне ұйытты. Мешіттің іші-сыртындағы өзгерістер де ел назарынан тыс қалмады. Бірі жаңадан төселген кілемді мақтаса, енді бірі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен қолға алынып жатқан мешіт сыртындағы құрылыс жұмыстарын тілге тиек етті. Қалай десек те, соңғы кездері Өскеменде болып жатқан руханияттың оң өзгерісінің бір белгісін осы бір Алла үйінің аясынан аңғаруға болады.
Таңертең оразасын ашпай келген жұрттың бір бөлігі намаздан шыққан соң мешіттің алдына тігілген киіз үйлерден кесе тістеп, таңдай жібітсе, енді бірі бөлімі спорттық ойындардың қызығына батты. Топ-топқа бөлінген жамағат арқан тартса, жекелеген жігіттер қол қарымын сынап көрді. Мешіттен шыққан неше мыңдаған жұрттың қарасы бірте-бірте азая бастады. Сөйтсек, «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» демекші, құрбандық шаламыз деген ел баяғыда Шығыс ауылына жетіп алыпты. Кең далада ине шаншыр орын жоқ десек артық болар, бірақ машина қоятын орынды әрең таптық. Бір-біріне алқа-қотан амандасып, ақжарма тілегін арнаған ақпейіл ағайынның бірі саудагерлермен саудаласса, бірі қасапшыға құрбандығын жәркемдетіп жатыр. Жаратушыға бір сәтке болсын жақындағысы келген жұрт терең қазылған орларға малдың қанын суша ағызып жатыр. Көпшіліктің қауіпсіздігін ойлаған ішкі істер саласының қызметкерлері темірдей тәртіппен қызмет етсе, ветеринарлар да елден бұрын осында жеткен.

Құрбан айтта құндылықтарымыз дәріптелді

– Биыл мұнда 2500-дей бас ұсақ мал келді. Он шақты бас сиыр тұр. Ұсақ малдың көбі Тарбағатай ауданынан жеткізіліпті. Бәрінің заңды құжаттары бар-жоғын қатаң қадағалап отырмыз. Үш күн бойы осы жерде қызмет етеміз, – дейді Өскемен қалалық ветеринария бөлімі басшысның міндетін атқарушы Ерлік Ордабаев.
Шығыс ауылының оң қанатынан орын тепкен мал базарында тек мал ғана саудаланып жатқан жоқ, пышағы қылпылдаған қасапшылардан тартып, ішек-қарын аршып беретін епті әйелдер, бас-сирақты үйтіп беретін пысық жігіттер де жүр. Құрбандық шалатын адам ақшасын төлесе, қолын қалтаға салып қайқайып тұрады да, машинаның артқы жүк салғышын ашса болды, әлгі жігіттер әкеліп салып бере қояды. Керек десеңіз пакетті де тұрған жеріңізге жеткізіп береді.

«Роза» топ жарды

Құрбандығын шалған жұрт Меновное атшабарына қарай ағылды. Бәйге десе қаны қызбайтын қазақ аз ғой. Оның үстіне ұлттық спорт ойындарын облыстық «Халифа Алтай» мешіті биыл Құрбан айт мейрамына орай тұңғыш рет ұйымдастырып отыр.
Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерді аралаған атсүйер қауым әуелі мешіт таратқан тегін тамақтан түскі астарын ішті.
– Біз бұл жарысты Өскемен қалалық әкімдігімен бірге тұңғыш рет өткізіп жатырмыз. Жүлдені Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тағайындап отыр. Бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүліктерге сәттілік тілейік, – деп сөзін қысқа қайырған өңірдің бас имамы Ермек қажы Мұқатай тойды бастап жіберді.
Әне бес шақырымдық бәйгенің желтабандары шықты сөреден. Осы шақырымда бабын сынауға облыстың әр аумағынан он үш ат келіпті. Елдің қиқуына еліткен жануарлар ауыздығын қарш-қарш шайнап, қос құлағын тігіп ағып барады. Жылқы емес-ау, жер апшысын қуырған қазақтың рухы шығар шамасы. Өйткені, алға озған атты көрген ел есі кете айғайлауда. Қасиетті жануарға деген махаббаты асқақтап, қаны қызып бара жатса осылай істемей қайтсін енді! Жүйрікке қарап сүйінсең, халыққа қарап қуанасың. Атқұмар елдің көзінен ұлттың рухын аңғарасың.
Бес шақырымдық бәйгеде елдің алдынан бірінші болып Көкпекті ауданы, Самар ауылынан келген «Шансон» есімді ат өтті. Ат иесі 200 мың теңгелік сыйақыны алса, Ерназ Оразұлы мінген жүйрік екінші болып 100 мың теңгені еншіледі. Ал үшінші орынға тігілген 80 мың теңгелік жүлдені Ербұлан Тілеуғали есімді шабандоз алды.
Бұл күні ұлттық спорттың бағы жанған күн болды. Өскемендегі ат спорты мектебінің оқушылары көшпенділер мәдениетінің озық үлгісін көрсетті. Теңге іліп, жамбы атқан жастарға әлі талай еңбектену керектігін аңғарсақ, қыз қуарға шыққан жекелеген жастардың өнеріне сүйіндік. Аударыспақтан да әлі талай апайтөс жігіттердің шығып келе жатқанын байқадық.
Ұшқыр атпен ойнатып шыға келген тастақым жігіттер мен талдырмаш қыздар көрерменнің таңдайын қақтырды. Әсіресе, елдің ықыласына ерекше бөленген қыз қуардан еліміздің сегіз дүркін чемпионы Еркеназ Айтышованы айрықша атауға болады.

Құрбан айтта құндылықтарымыз дәріптелді

– Ұлттық ойынның осы түріне 12 жасымда келгем. Республикалық жарыстарға сегіз рет қатысып, сегіз рет жеңімпаз атандым.Бұған дейінгі республикалық жарыстарға «Еркежирен» деген атты мініп қатысып келдім. Ал облыстық байқауларда кез келген жүйрік аттарды міне берем, – дейді Еркеназ. Ат үстінде өскен өжет қыз 2013 жылы сол атпен барып еліміздің ең үздік спортшыларына беретін «Алтын тұғыр» жеңіп алып, ел мерейін асырғанын айта кеткеніміз жөн болар.
Сонымен ел-жұрттың елеңдеп күткен 15 шақырымдық бәйгесі де басталды. Жел жақтан жүргісі келген желтақым шабандоз тізгін тартып жүріп төрт айналымды артқа тастады. Негізі бұл бәйгеге 17 ат қатысқан. Алғашқы айналымдардан кейін аттар қатары сиреп қалды. Енді екі айналым қалды дегенде ортада жүрген аттардан «өнер» шықты. Неше айналым көш бастаған Көкқасқа мен қаракөк атқа тықыр таяды. Ақыры соңғы айналым басталарда үшінші келе жатқан жармалық жирен ат жетіп тынды. Бұл кезде Тарбағатайдан келген «Роза» да жылдамдық қосқан еді. Елдің есі шыға тағы айғайға басты. Ақыры Мәре сызығын «Роза» бірінші болып кесіп өтіп, бас бәйгеге тігілген 300 мың теңгені еншісіне жазды. Жарманың «Гүлсарысы» екінші келіп 200 мың теңге жүлде алды. Ал үшінші орынға тігілген 100 мың теңгені Думан Жұмаханов қалтасына салды.
Ат деп алып ұшып келген ағайынға бәйге аяқталған соң, атқа мініп серуендеулеріне рұқсат етілді.

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button