«Дидардың» қонағы

Рақымғали ҚҰЛ-МҰХАММЕД, профессор: – «Атамұра» ата-баба мұрасына қашан да адал

Рақымғали ҚҰЛ-МҰХАММЕД, профессор: – «Атамұра» ата-баба мұрасына қашан да адал

Ұлыларды ұлықтауды Абайдан бастауымыз
корпорация жұмысына даңғыл жол ашты


– Рақымғали Абрарұлы, өзіңіз басқарып отырған «Атамұра» корпорациясы отандық баспа нарығында үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінгі биігіне бастаған корпорацияның алғашқы құрылған жылдардағы қадамдары есіңізде ме?

– Ел тәуелсіздігін алған соң қолынан іс келетін көптеген азаматтар жеке кәсіпорын ашып, өз мүмкіндігін бизнесте сынағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Өкінішке қарай, атағы дардай сол кәсіпорындардың біразының бұл күнде аттары да ұмытылып қалғаны шындық. Ал ел тәуелсіздігінің құрдасы «Атамұра» корпорациясы уақыт талабына сай өркендеу үстінде. Биыл төртінші ақпанда құрылғанымызға 21 жыл толды. Алғашында бес-алты ғана қызметкері бар «Атамұра» шағын кәсіпорны бүгінде, Аллаға шүкір, мыңнан астам адам жұмыс істейтін, еліміздің алдыңғы қатарлы баспа кәсіпорнына айналды.

– Мемлекеттік баспа саласына бой үйреткен бұрынғы кеңестік халықты жекеменшік баспа өзіне қалай тарта білді?

– Алғаш құрылған жылы қызметімізді троллейбус, трамвай паркімен бірлесіп, бір айлық жол жүру билеттерін, жеке банктердің әртүрлі ісқағаздары үлгілерін және көпшіліктің сұранысына қажет кітаптарды шығарудан бастағанбыз. Кітап бизнесінде халыққа қажетті кез келген полиграфиялық өнімді сапалы шығару керек екені белгілі. Сапалы өнім шығару – біздің алғашқы күннен бергі естен шығармас берік ұстанымымыз. Кейбір қалталы азаматтардың ата-бабаларына арнап, тарихи тұрғыда зерттелмеген дерек-құжаттарды жинастырып, оған елге танымал тұлғалармен бірге түскен суреттерді қосып, өтірік-шыны аралас кітаптар шығарып жатқандары да рас.

Ол адам Отан тарихына, еліміздің ғылымы мен мәдени өміріне зор үлес қосқан болса, әрине, олар туралы естелік-кітаптар шығаруға қарсы емеспіз. Мұндай естелік-кітаптардың бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары анық. Бұрынғы шағын кәсіпорын 1995 жылдың ақпан айында құрамында 4-5 кәсіпорны бар ірі баспа корпорациясына айналған соң-ақ ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арнап, бұрынғы Одақтас елдердің ішінде алғашқы болып, тұңғыш тұлғалық энциклопедияны жарыққа шығардық. Көлемі 60 баспа табақтық 100 мың таралыммен шыққан бұл кітап баспаның ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Аталған энциклопедияға еліміздің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

«Атамұраны» аяғынан тік тұрғызып, еліміздегі танымал өндіріс орнына айналдырған Мұхтар ағамыздың ұлыларды ұлықтап, тұлғаларды таныта түсу ісін Абай бабамыздан бастауы корпорацияға даңғыл жол ашқандай. Бұдан кейін «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы көпшілікке ұсынылды. Халқымыздың ардақты азаматтары, танымал тұлғаларға арналған Халық қаһарманы, батыр ағамыз Қасым Қайсенов, жазушы-драматург Қалтай Мұхаметжанов, академик Манаш Қозыбаев, көрнекті жазушы-публицист Камал Смайлов туралы естелік-кітаптар шығардық. Ел білмейтін, қолдан батыр жасайтын кітаптарды шығармаймыз. Баспа басылымдарының ұрпаққа берер тағылымы мол болуы керек.

– «Атамұра» корпорациясы ұзақ жылдар бойы қазақтың төл өнері – айтысқа демеушілік көрсеткенін білеміз. Сол жылдары «Атамұраны» айтыс көтерді ме, әлде, айтыс өнерін көтерген сіздердің баспаларыңыз ба?

– Айтысты көтерген біздің баспа десек артық айтқандық болар. Қазақтай ұлы халық барда айтыс өнері ешқашан жоғалмайды. Ел тәуелсіздігін енді алып, мемлекетіміз рухани қазынасын түгендеуге үлгермей жатқанда киелі айтыс өнеріне өз деңгейінде көңіл бөлінбей, тоқырауға ұшырағаны рас. Міне, сол кезде айтысты қайта жандандыруға қолұшын беріп, алғашқылардың бірі болып, жеңімпаздарға автокөлік, басқадай бағалы сыйлықтар ұсынған «Атамұра» болатын. Жалпы, біз жиырмаға жуық айтысқа демеуші болып, оның жеңімпаздарына жиырмадай автокөлік тарту еттік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Айтыс «Атамұраны» көтерді дегеннің қисыны келе қоймас, ал айтыстың қанат жайып, өркендеуіне «Атамұраның» айтарлықтай қолұшын бергені рас.

Ата-анамыздың ауылда тұруының өзі бізге үлкен өнеге


– Сіздің баспаңыз мемлекеттік тапсырыстар негізінде мектеп оқулықтарын шығарады. Алайда, осы оқулықтардың мазмұнына байланысты сын-ескертпелер айтылып жатады. Бұл олқылыққа баспа жауап бере ме? Өз тараптарыңыздан қандай іс-шаралар қолданасыздар?

– Жалпы, бүгінде 60-қа жуық баспа мектеп оқулықтарын шығарады. «Атамұра» соның бірі ғана. Алайда, Елбасының қолдауымен «Әліппеден» басталған тәуелсіз елдің тұңғыш төл оқулықтарын шығаруды алғаш қолға алған «Атамұра» корпорациясы болатын. Осы оқулықтармен оқыған шәкірттердің біразы «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерден білім алып, қазір елімізде әр салада қызмет етіп жүр. Ал сын-ескертпеге байланысты менің айтарым мынау: біріншіден, сын – шын болса, мен оған келісемін. Екіншіден, оқулықтағы қатені сынау үшін сынаған адам оның дұрыс жолын өзі білсе, одан артық оқулық жазып бере алса, оның жөні бөлек. Тым болмағанда: «Олай емес, былай болуы керек» дей алса, бұл – барша шәкірт үшін пайдалы іс болар еді. Әрине, өкінішке қарай, тапсырыспен жазылатын «тисе, терекке, тимесе, бұтаққа» дегендей бірқатар сынампаздық әрекеттер де кездесіп қалады.

Оқулыққа кім жауап береді дегенге келсек: біріншіден, сол оқулықты оқу құралы ретінде бекіткен құзырлы орган, екіншіден, авторлар ұжымы, үшіншіден, оны шығарған баспа. Соңғы жылдарда Білім және ғылым министрлігі және оқулықпен айналысатын басқа мекемелер тарапынан да көп оңтайлы істер атқарылып жатыр. Мәселен, бұрын сараптаманы бір мекеме ғана жасайтын. Қазір оқулықтар үш сатылы сараптамадан өтеді. Біріншісі – оқулық орталығы, екіншісі – мектепке дейінгі және орта білім департаменті, үшіншісі – республикалық кеңес. Біз баспа тарапынан да сараптамалық тексерістен өткіземіз. Оқулық дайындауда көптеген шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Мысалы, тарих пәні бойынша адамдардың аты-жөндері мен тарихи даталардың әртүрлі жазылуы кездеседі. Қазақ хандығының құрылуы бір деректерде 1465-1466 жыл деп алынса, тағы бір ғалымның зерттеуінде 1458 жыл деп көрсетілген. Әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Йасауидің есімі Қожа Ахмет Яссауи (Ясауи) деп те жазылады. Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысындағы Ұлытауда өткен Бұланты шайқасы туралы да екі түрлі дата (1726, 1729) айтылады.

Мұндай әрқилы даталар оқушылардың ҰБТ тапсыруы кезінде қиындық тудыратыны анық. Баспагер ретінде айтарым, нақты хронологиялық таблица бекітілуі керек. Осындай түсініксіздіктердің құзырлы мекемелер тарапынан бір ізге түсірілгені дұрыс болар еді.

– «Атамұра» корпорациясының көптеген мәдени іс-шараларға демеушілік танытып келе жатқанын білеміз. Соның ішінде өздеріңіз өсіп-өнген Үржар ауданы, Мақаншы ауылының талантты ұл-қыздарына көмектесіп келесіздер. Алдағы уақытта қандай жобаларды қаржыландырмақ ойларыңыз бар?

– Жалпы, демеушілік туралы айтқанда, біз ұлтымыздың екі киелі өнерінің қайта жандануына қолдау көрсеттік. Оның біріншісі − айтыс, екіншісі − қазақша күрес. «Атамұра» корпорациясы өз қаражатымен қазақша күрестен екі рет Қазақстан, бір рет әлем чемпионатын өткізді. Чемпионат Астана, Алматы қалаларында өтіп, жеңімпаздар: Сергей Шакимов, Елдос Ихсанғалиев, Шалқар Жоламанов корпорацияның темір тұлпарларын иеленді. Корпорация 500 адамға қазақша күрестің спорттық киім үлгісін тіккізіп, ережесін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басып шығарды. Тек қана Мақаншы ғана емес, еліміздің барлық дарынды спортшы ұл-қыздарын қолдауды әлі жалғастырып келеміз.

Әрине, сонымен бірге өзіміздің түлеп ұшқан ауылымыздағы үздік оқитын бірқатар мектеп оқушылары мен студенттерге ай сайын «Атамұраның» шәкіртақысы беріліп тұрады. Өзімізді оқытқан ұстаздарымызға да сыйақы тағайындадық. Ауылымызда тұратын біраз ақын-жазушылардың кітабын тегін шығардық.

Ауыл – біздің тамырымыз, бәріміздің түлеп ұшқан алтын тұғырымыз. Туған ел мен туған жерді қастерлеуді жастайымыздан бойымызға сіңіріп өсірген ата-анамыз Мақаншыда тұрады. «Отан отбасынан басталады». Еңбек ардагері, Үржар ауданының құрметті азаматы атанған әкеміз бен «Алтын алқа» иегері – ардақты анамыздың қалаға келмей, туған жерде, ауылда отыруларының өзі – бізге үлкен өнеге, туған жерді ардақтаудың айрықша үлгісі. Мен өзім де қолым қалт ете қалғанда бала-шағамды ертіп, ауылға барғым келіп тұрады. Ауылымызға, өзім білім алған мектебіме қолдан келгенше көмектесіп келемін. Мереке сайын өзімізді оқытқан ұстаздарды құттықтап, хал-жағдайын біліп тұрамын, әсіресе, сынып жетекшіміз Гүлнар Сабырқызын ұмытқан емеспін. Ауылдағы мектептен мұражай ашуым, автокөлік және әр мектепке заманауи компьютерлерді, ұлт мұрасын қастерлесін деген ниетпен домбыраларды тарту еткенім – туған жерге, елге деген перзенттік борышымды өтеу деп түсінемін.

Оның үстіне мұндай қадамдарымызды әке-шешеміздің қуана құптап отыратындары мені ғана емес, барша аға-інілерді қанаттандыра түседі. Әлемнің ең керемет қалаларын көріп жүрсем де мен үшін туған жерім Мақаншының орны бөлек. Ауылымның таза ауасын жұтып, атқа мініп серуендеу балалық шағыңа оралғандай әсер қалдырады. Оның үстіне әке-шешеміздің немерелерін еркелетіп, жан жылуларын берулері балалар үшін де ұмытылмайтыны сөзсіз ғой.

Баспамыздан шыққан басылым
полиграфиялық көрмеде «Жыл кітабы» атанды


– Тоқсаныншы жылдардың өткелінде кітаптан алыстап қалған халықтың бүгінде рухани сұранысы қайта жандана бастағаны сезіледі. Осы тарапта сіздер жергілікті өңірлерде кітап дүкендерін, яғни, өңірлердегі филиалдарыңызды қаншалықты дамытуға мүмкіндік алып отырсыздар? Семей қаласында, Аягөз, Үржар, Зайсан, Зырян секілді ірі аудан орталықтарында «Атамұра» филиалдарын ашуды жоспарлап отырсыздар ма? Оны ашсаңыздар, қазір Шығыс Қазақстанда жүріп жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясына тамаша бір үн қосар едіңіздер?

– Бүгінде «Атамұра» корпорациясының Қазақстан бойынша елуге жуық кітап үйлері бар. Оның ішінде Семей қаласында «Шәкерім», Аягөзде «Дулат Бабатайұлы» атындағы және Үржардағы кітап үйлері халыққа өз қызметтерін көрсетуде. Ал басқа қалалар мен ірі елді мекендерде оларды ашу уақыт еншісінде. Жалпы, жақсы ойлар бар.

– Баспа саласында көпшілік оқырман талабынан шығатын бестселлерлік дүниелерді көптеп шығарады, ал сіздер қазақтың бай әдеби қазынасын көп ұсынасыздар. Салмақты дүниенің оқырманы көбейді деп айта аласыз ба?

– Біз бүгінде «Атамұра кітапханасы» сериясымен 150-ден астам қазақ әдебиеті классиктерінің, белгілі қаламгер ақын-жазушылардың туындыларын басып шығардық. Корпорациядан 50-ден астам ертегілер, «Қазақы дастарқан», «Қазақтың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары», «Қазақстан гүлдері» атты басылымдар және құстар мен балықтар туралы кітаптар жарық көрді. Бұлардың барлығы да көпшілік оқырман балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық дүниелер.

– Кітап бағасын қалай белгілейсіздер?

– Кітап бағасы оның көлеміне, қағазына, ішіндегі сурет-карталар мен схема-сызбалар санына және мұқабасына байланысты. Былайша айтқанда, шығаруға кеткен барлық шығындар есептеліп, белгіленеді.

– Баспа оқырмандарды соңғы уақытта қандай жаңа кітаптармен қуантуда?

– Жақында балаларға арналған «Негеш» энциклопедиясы және «Қазақ тазысы» атты басылым жарық көрді. «Негеш» – бүлдіршіндердің сан алуан «негесіне» жауап беретін анықтама кітап. Сондай-ақ, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Т.Жексенбайдың «Бүркіттің балапаны» атты кітабы жарық көрді. Ит жүгірту – қазақтың ат баптау, құс салу сияқты көне замандардан келе жатқан дәстүрлі өнері. Аңшы иттердің ішінде қазақ тазысы өзіндік орны бар айтулы тұқым. «Қазақ тазысы» басылымында қазақтың ит ұстау мәдениеті, оның ішінде тазыны асырап, күтіп-бағу, аң аулауға баулу тәжірибесі тарихи деректер мен нақты мәліметтер негізінде баяндалады. Тарих ғылымының докторы, этнограф – ғалым Ахмет Тоқтабайдың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан «Қазақ тазысы» атты кітабы жақында ғана өткен VII халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» атты 100-ден аса баспалар қатысқан кітап және полиграфия өнімдері көрмесінде әсем безендіріліп, жоғары баспа және полиграфиялық деңгейде дайындалғаны үшін «Жыл кітабы» аталып, Гран-приді жеңіп алды.

Алдағы уақытта да «Қазақ халқының мәдени мұрасы» сериясымен ұлтымыздың материалдық және рухани құндылықтары туралы біраз басылымдарды шығаруды одан әрі жалғастырмақшымыз.

Іскерлігі алапат тасқындар мен
ақтүтек борандарда көрінді


– Өзіңіз туралы, отбасыңыз жайында айта отырсаңыз. Негізгі мамандығыңыз журналистика, баспагерлік немесе полиграфиялық саладан болар?

– Жоқ, екі университет бітірсем де мамандығым бұл саладан емес, бірінші мамандығым − социолог, екіншісі − заңгер. Философия ғылымының кандидаты дейтін ғылыми атағым бар. Президент әкімшілігінде жауапты қызметте біраз жыл істеген тәжірибем бар. Алайда, студент кезімнен-ақ баспаның барлық жұмысына белсене араластым. Кейіндері корпорацияға қызметке біржола ауысқан соң да редакторлық қызметтен бастап, барлық баспалдақтан өттім. Корпорацияда жұмыс істеген 13 жылға жуық уақытта баспа ісінің, полиграфияның қыр-сырын біраз үйрендім, бұл сала қызметіне біржола ауысқан соң да редакторлық қызметті арнаулы мамандардан кем білмеймін десем артық айтқандық болмас.

Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Аллаға шүкір, ата-анам мен ұстаздардың арқасында барлығымыз өмірден өз орнымызды таптық деп ойлаймын. Ауылымды ерекше жақсы көргендіктен болар, менің әйелім Нарша да киелі Мақаншының қызы. Өзіміз үш бала – бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Өзара тату-тәтті аға-інілерімді, әпке-қарындастарымды қиналсам, арқамды тірейтін, қуансам, маңдайымнан сипайтын ұлы қорғаным деп білемін.

– Ел жаққа жиі келетініңізді айтып қалдыңыз. Өзіңіз туып-өскен өлкеңіздің, Шығыс Қазақстан облысының бүгінгі аяқ алысы туралы пікіріңіз қандай?

– Иә, мен тек Мақаншыға келіп, сол жерден қайтпаймын. Өскемен, Семейде де жиі боламын. Еліміздің алтын қоймасындай әрі ірі-ірі кәсіпорындары көп шоғырланған бұл өлке индустриясы қарқынды даму үстіндегі облыс екенін жұрттың бәрі біледі. Ертіс пен Үлбіні қатар еміп жатқан Өскемен шаhарының келбетіне қарап-ақ, өлкеміздің бүгінгі кереметін, ертеңгі келешегін болжауға болады.

Іскер басшысы бар жұрт бақытты. Елбасымыздың 2012 жыл қорытындысы бойынша, облыс Әкімі Бердібек Мәшбекұлы САПАРБАЕВТЫҢ еңбегін бөле-жара атағанда төбеміз көкке жеткендей сезімде болдық. Ол кісінің тыным таппас іскерлігі бұдан екі-үш жыл бұрын болған алапат тасқынмен биылғы қыстағы ақтүтек борандар кезінде де көрінді. Қарапайымдылығы да менмұндалап тұрады. Қаланың дәл ортасындағы күн көсемнің ескерткішін алдырып тастап, орнына қара Ертісті жағалатып ұлы Абайдың одан да еңселі ескерткішін қойғандағы ерлігіне сүйсінбеген қазақ болмаған шығар. Сол мәдени шараның ішінде мен де болып едім. Сонда бір байқағаным, салтанатты дастарқанда біреулер сияқты шіренбей, Астанадан, Алматыдан келген зиялы қауымға облыс Әкімінің өзі сөз беріп, кешті жүргізгенінде әкемнің: «Мал біткен сайын жұмсақ бол, сүтке илеген терідей» деген сөзінің мағынасы осы болар деген ой түйдім. Туған жердің туы биіктен көріне берсе, бәріміздің де мақтанышымыз емес пе?!.

– Әңгімеңізге рақмет, Рақымғали мырза! «Атамұраның» да алға қойған мақсаттарына жете беруіне, өрістеп өркендей беруіне біз де тілектеспіз. «Атамұра» ата-баба мұрасына қашан да адал болғай.

– Сіздерге де рақмет!

Сұхбаттасқан – Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button