Қоғам

Ұранқайда жаңа мектеп салынады

Ұранқайда жаңа мектеп салынады


Мұндай шешімді облыс әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданына жасаған жұмыс сапары барысында қабылдады. Аймақ басшысы Ұранқай ауылында және басқа елді мекендерде болып, әлеуметтік және экономикалық саладағы бірқатар нысандарға барды, тұрғындармен кездесу өткізді.

Марқакөл көлінің жағасында орналасқан байырғы ауылдағы жергілікті тұрғындармен кездесуде аймақ басшысы өңірдің тамылжыған табиғатына тәнті болып тұрғанын жеткізді. Оның пікірінше, ұрпағына осындай асыл мұра қалдырған ұлы бабаларды мақтан тұту керек. Осындай ұлттық байлықты аялап сақтап, кейінге қалдыру қажет. Мемлекет басшысы бастамашы болып отырған Рухани жаңғыру бағдарламасы да осыған үндейді.

Өңір басшысы 2011 жылдан апатты саналып келетін Ұранқайдағы мектепте болды. Мұғалімдермен, оқушылармен, көнекөз қариялармен, ауылдық округтің және Күршім ауданының әкімдерімен ақылдаса келе, демографиялық жағдайды, ауылдың нақты келешегінескере отырып, ауылға 80 немесе 100 орындық мектеп салуды ұйғарды. Аудан әкімі Сейсенғазы Шоқаевқа дайын типтік жобаны таңдап, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Облыс әкіміне бұрынғы аудан орталығы Марқакөл ауылында перзентхана бөлімін ашу туралы өтініш түсті. Ондай бөлім бұрын болып, жабылып қалған екен. Салдарынан болашақ аналар босану үшін аудан орталығына немесе қалаға барады. Сонымен қатар, ауылдықтарды көпірлер мен жолдардың жағдайы да алаңдатады. Аймақ басшысы орын алып отырған жағдайды қатаң назарға алуды тапсырды.

Марқакөл ауылына келе салысымен, Даниал Ахметов ауруханаға ат басын бұрды, оның бас дәрігері Марат Білейменовке мұнда он төсек-орындық перзентхана бөлімін ашу туралы мәселені шешуді жүктеді.

–Тиісті маманды тауып, келешек аналар үшін толық жағдай жасау қажет. Олар жүздеген шақырым жердегі аудан орталығына және облыс орталығына сабылмауы, не болмаса сіздер мәселені қашан шешеді деп күтпеуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Шатырды жаңалау және ағымдағы жөндеу жайында аймақ басшысы екі істі араластырмау керектігін айтты. Ағымдағы жөндеуге қаражат әдетте жоспарлы тәртіпте бөлінеді. Ал ірі көлемді жұмыстарға қатысты айтар болсақ, 80 миллион теңге сомасындағы инвестиция жедел әрі жан-жақты негіздеме болған кезде ғана салынуы мүмкін. Медициналық құрал-жабдықтарды, өзге де мүліктерді сатып алуда кешенді амалдарды қолдану ұсынылды.

Облыс әкімі жөндеуді қажет ететін бөгеннің жағдайымен де танысты. «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Шерубаев бөгеннің құлау қаупі болмауы себепті адамдарға алаңдауға негіз де жоқ екенін түсіндірді. Алайда имаратқа жөндеу керек. Осыған байланысты облыс әкімі өз орынбасарларына және салалық ведомстволардың басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Жұмысты ширатуға үш ай берді

Аудан орталығы – Күршім ауылында аймақ басшысы «Аққайнар» жеке кәсіпкерлігінің сүт өңдеу цехында болды. Маңызды әрі қажетті жоба тиісті инфрақұрылым тартуды керек етеді. Нысандағы жағдай турасында шаруашылық басшысы Әлия Әбдірахманова айтып берді. Облыс басшысы өндірістік орынжайларды өзі аралап шығып, алғаш келген кезден бері өткен бір жарым жылда мұнда ештеңе өзгермегеніне қынжылыс білдірді.

Кәсіпкерлер ақпараты бойынша оларға тиісті инфрақұрылымды жасау үшін 70 миллион теңге шамасында инвестиция қажет. Өз кезегінде Даниал Ахметов кәсіпкерлер тарапынан қанша қаражат салынатынын, осы өндірістің қаншалық тиімді болатынын сұрап білді.

Цехқа құрал-жабдықтар алу үшін 30 миллион теңге керек екен. Кәсіпкерлер сөзінше, олар бастапқы кезеңде біраз қаражат жұмсап үлгерген. Мұнымен қоса, өзге әріптестерімен кооперация құру нұсқаларын да қарастыруда.

Аймақ басшысы бүкіл облыс деңгейінде басталып, іске асып жатқан істің маңыздылығын атап көрсетті. Десек те, мемлекет қолдауы кәсіпкерлер инвестициясымен пара-пар болуы шарт. Сондықтан жұмысты ширатуға тағы үш ай мерзім берілді.

Ал Күршім ауданының басшылығына сүтті өңдеуге қатысты кез келген өзге нұсқалар мен жобаларды қарастыра беру тапсырылды.
–Кім толыққанды өзара әріптестіккеәзір болса, сол қолдау табады, – деп қадап айтты Даниал Ахметов.

Күршім ауылында облыс әкімі Көлбаев көшесіндегі қосқабатты бір үйдің тұрғындарымен жүздесті. Жұртшылық ескірген шатырды жөндеу керектігін алға тартты. Олар жөндеу үшін өздері біртіндеп қаржы жинауға дайын, тіпті мердігерді де тауып, кондоминиум құрып қойған. Алайда, ауылдық деңгейде тиісті заңнамалық тегершіктердің орындалуы, жұмыстарды жүргізуге зайым бөлінуі қажет.

Аймақ басшысы өзінің орынбасарына мәселені қатаң бақылауға алуды жүктеді, ал көңілдері көншіген үй тұрғындары облыс әкіміне көрсеткен нақты қолдауы үшін ризалықтарын білдірді.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button