Спорт

Қысқы маусым мәресіне жетті

Шығыс Қазақстанда шағын футболдан әуесқой командалар арасында өткізілген облыстық және Өскемен қаласының 15-ші чемпионаты тәмамдалды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әуесқой футбол командалары арасында өткізілен шағын футбол жарысының кезекті маусымы өз мәресіне жетіп, әр лигадағы жеңімпаз командалар анықталды. Футзалдан өткен бұл жолғы чемпионатта өңіріміздің аудан, қалаларындағы спорт ардагерлері мен тұрғындарынан құралған құрамалар қатысып, бақ сынасты. Жалпы қазіргі уақытта біздегі төртінші, үшінші, екінші, бірінші, жоғарғы және суперлига сынды алты лигада жалпы саны 70-тей команда болса, оларда салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған мыңнан астам адам бар.

– Наурыз айының екінші орнкүндігінде бізде әуесқой футбол командалары арасында өткізілген шағын футбол жарысының кезекті маусымы өз мәресіне жетті. Жалпы, биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі – жеңімпаз командалардың ең соңғы уақытта, яғни соңғы ойындарда ғана анықталуы болды. Ойыншы командалардың араларындағы көрсеткіштер айырмашылығы тым алшақтық болған жоқ, – дейді облыстық Футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Әділханов.

Биылғы маусым екінші лигадағы командалар ойынымен аяқталғанын алға тартқан ол, облыс кубогының кезекті ойындарынан соң маусым толықтай қорытындыланатынын атап өтті. Бұдан кейін ойыншылар сәуір айының орта шеніне дейін тынығып алып, қар еріп, көк шыққан соң жазғы чемпионаттарға кіріспек. Ол үшін алдағы чемпионаттардың ережелері дайындалып, жауапты тұлғалардың қолдарымен бекітіліп те қойған.

– Жыл сайын қазан айының ортасына қарай жаздық чемпионаттарды аяқтап, қараша айының басында қысқы маусымды бастап кететін дәстүріміз бұзылған емес. Чемпионатымызға қатысатын 70 команданың 80 пайызын тұрақты командалар деп айтсақ та болады. Қалған жиырма пайызы келіп, бір-екі маусым ойнап кетіп қалып жататын командалар болып келеді. Бұл қаражатқа келіп тірелетін мәселе емес. Өйткені, шығындар айтарлықтай көп емес. Басты мәселе – ойыншыларда. Мысалы кейбір командаларда түрлі жағдайларға байланысты ойыншылар саны азайып қалып жатады. Міне осындай кезде олар кезекті чемпионатқа қатыса алмай қалып жатады, – дейді Оралбек Әділханов.

Енді әр лигада үздіктер қатарында көрінген ойыншыларға қысқаша тоқталып өтсек. Естеріңізде болса, біз бұған дейін Суперлигада өнер көрсеткен командалар мен ойыншылар жайында жазған едік. Ол кезде суперлигада ойнаған 11 команданың үздіктері анықталып, үшінші орынды өскемендік «Altay Champions» командасы иеленсе, екінші орынға «Кеден» командасы табан тіреген болатын. Ал бірінші орынды бұған дейін де үздіктер қатарында көрініп жүрген «Востокцветмет» компаниясының «ВЦМ Марқакөл» командасы алды. Ал, жарыс барысында гол соғуда шеберлік танытқан шабуылшылар мен қақпадан доп қайтара білген қақпашылардың да еңбектері бағаланып, үздіктері анықталды. Ойын нәтижесінде «Үздік бомбардир» марапаты «ВЦМ Марқакөл» командасының ойыншысы Дәулет Нұрасыловқа, «Үздік қақпашы» марапаты «Altay Champions» командасының қақпашысы Мәди Шарбатхановқа бұйырса, «Кеден» командасының ойыншысы Александр Брагин «Үздік қорғаушы» атағына, ал Дидар Манапов «Үздік шабуылшы» атағына ие болған еді.

Өткен аптада мәресіне жеткен ХV чемпионаттың Жоғарғы лигасында ерекше өнер көрсеткен «Динамо» командасының қақпашысы Санат Маршалов үздік қақпашы ретінде танылса, «ФЦ Алтай-2005» командасының ойыншысы Ерасыл Тоқтарбек «Үздік қорғаушы», ал «Райгаз Үржар» командасының екі бірдей ойыншысы Мохаммед Жақсылық пен Рүстем Асылханов «Үздік шабуылшы» және «Үздік бомбардир» номинацияларын иеленді.

Бірінші лигада «ДЮСШ-1» командасының қақпашысы Илья Калюжный «Үздік қақпашы», шемонаихалық «Жұлдыз» командасының ойыншысы Александр Цагаанбаатарын «Үздік қорғаушы», белоусовкалық «Дим-строй Алтай» командасының ойыншылары Артем Шестаков пен Андрей Милль «Үздік шабуылшы» және «Үздік бомбардир» номинацияларына лайық деп танылды.

Ал, екінші лигада «Қарой» командасының ойыншысы Олжас Төлебаев «Үздік қақпашы» номинациясын алса, риддерлік «Достық» командасының ойыншысы Дейдар Жақанов «Үздік шабуылшы» номинациясын иеленді. Бұдан бөлек, «KGC» командасының Сергей Дурницын, Юрий Кобзев, Евгений Чекунов сынды үш бірдей ойыншысы сәйкесінше «Үздік қорғаушы», «Үздік бомбардир» және «Үздік ойыншы» номинацияларына лайық болды.

Үшінші лигада тарбағатайлық Думан Дүйсембеков үздік қақпашы атанса, «BarS» командасының ойыншысы Александр Чесноков үздік қорғаушыға лайық болды. Оған қоса, «NONAME» командасының ойыншысы Асылжан Кеңесбеков «Үздік шабуылшы», ал «BarS» командасының тағы бір ойыншысы Илья Зеленцов «Үздік бомбардир» атанды.

Бұған дейін 8-Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қорытындысы шыққан төртінші лигада «Полиметалл» командасының ойыншысы Жандос Әскерханов «Үздік бомбардир» атанса, аталмыш команданың тағы бір ойыншысы Марат Омарбеков «Үздік қорғаушы» атағына ие болған еді.

Қоса кетсек, биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі әр лигада бірінші және екінші орын алған командалар келесі бір саты жоғары өтіп, соңғы орындарда көрінген төрт команда төменгі лигаға ығыстырылмақ. Бұл өз кезегінде лигалардағы командалар санын онға дейін азайтып, басы артық шығындардан ада ететін көрінеді.

– Командалар көп болған сайын, оның шығындары да көбейе түсетіні белгілі. Мысалы, бір лигада 12 команда болса, әр команда бір маусымда екі ойыннан ойнайды. Осылайша, жалға алатын футбол залдарына кететін шығын біраз жоғары. Ал он команда болса бұл шығындар әжептәуір азаяды. Сол себепті, келесі маусымнан бастап біз лигалардағы командалар санын біраз азайтуды ойластырып отырмыз, – деп қосты Оралбек Әділханов.

Осы айдарда

Back to top button