Білім

Педагогтар біліктілігін арттыруда шетелдік тәжірибе де пайдаланылады

Педагогтар біліктілігін арттыруда шетелдік тәжірибе де пайдаланылады

Облыстық ақпараттық орталықта өткен брифингте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкерлері Қазақстан жолы-2050 Стратегиясы аясындағы біліктілікті арттырудың басым бағыттары туралы ой бөлісті.

Педагогтар қауымына сапалы білім беру және білім беру жүйесін жаңғырту жағдайында көпдеңгейлі инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру жолдарын насихаттауды, қазақстандық және халықаралық үздік тәжірибеге негізделген бағдарлама мазмұнын көпшілікке таратып, жариялау мақсатында ұйымдасты-рылған жиынға аталмыш орталық директорының оқу-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Г.Жұманова, институттағы деңгейлік бағдарламалар орталығының басшысы С.Нүркенова, білім беру сапасы мен басқару кафедрасының меңгерушісі. А.Сейілхан, ғылыми-жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі С.Богдан қатысып, орталықтың осы салада атқарып жатқан жұмыстары мен болашақ жоспарлары жайында әңгімелеп берді.

– Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты курстық оқытуды ұйымдастыруда жаңа шешімдерді және үздік халықаралық тәжірибе мен дәстүрлі әдістерді талап етеді. Осыған байланыс-ты институт Білім және ғылым министрлігінің ұлыбританиялық Кембридж университеті білім беру факультетімен бірлесе әзірлеген деңгейлік бағдарламалары бойынша үш айлық курстармен қатар, осы бағдарламалар негізінде қысқа мерзімді курстар өткізуде. Мұндай курстық оқытулар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі, – деді педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Жұманова.

Институттың профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері өткен жылдары білім беру тәжірибесімен алмасу мақсатында Сингапурда, Оңтүстік Корея мен Жапонияда, сондай-ақ, Ұлыбритания мен АҚШ-та оқыту курстарына қатысып қайтыпты. Ол курстарға Жапония, АҚШ, Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттердің ғалым-педагогтары қатысқан көрінеді. Еліміз бойынша аталған курсқа қатысып қайтқандар саны 31 мың болса, соның шамамен үш мыңы біздің облыстың педагогтары екен. Ол педагогтар қазір жергілікті жерлердегі әріптестерімен сол курстарда алған тәжірибелерімен бөлісіп, жемісті қызмет атқарып жатыр екен.

– Алаш қайраткер-лерінің өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында халыққа білім берудің негізгі мәселелері туралы айтып кеткен пікірлері күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Мәселен, А.Байтұрсыновтың «Бұл заманда әлсіздерге күш беретін оқу-білім, сол оқу-білімді мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, біз де өз алдымызға бір халық екенімізді сездірер едік. Оқусыз халық қанша бай болса да, кейіннен ол байлық өнерлі халықтың қолына көшеді. Бұл заманда не нәрсе де мәшинеге айналады» деген болжампаз пікірі жоғарыдағы сөздерімізге бұлтартпас дәлел бола алады, – дейді институттың жас ғалымы Айгүл Сейілхан.

Жиын барысында журналис-тер тарапынан балабақшадан бастау алып жатқан үш тілді меңгеру мәселесіне, ұлттық құндылықтардың қалтарыста қалып қоймауына, мұғалім мамандарының біліктілік деңгейіне қатысты және басқа да сауалдар қойылып, оларға негізді жауаптар қайтарылды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button