Қоғам

Оқырмандардың аманатын арқалап қатты

Оқырмандардың аманатын арқалап қатты


Облыстық «Дидар» газетінің ұжымы жыл сайын оқырмандармен кездесулер өткізіп, басылым жайындағы ұсыныс-пікірлерін ескеруді дәстүрге айналдырған. Осындай кезекті басқосулар Аягөз бен Үржар аудандарында ұйымдастырылды.

Бұл жолғы сапарды газеттің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев бастап, қоғамдық-саяси бөлімнің меңгерушісі Ержан Әбіш пен тілші Ажар Сағатбекова және газеттің Аягөз ауданындағы меншікті тілшісі Берікхан Тайжігіт қостап облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдарды аралап, оқырмандармен кездесті.
Ең алдымен «дидарлықтар» Аягөздегі білім ошақтарының басшыларымен кездесіп, салиқалы әңгіме өрбітті. Жиын барысында газеттің бас редакторы У.Тоқпатаев «Дидардың» тарихына қысқаша тоқталып, бүгінге дейін жеткен жетістіктерін, алдағы жоспарларын айтып өтті.

– Біз аягөздік оқырмандарымызға қашанда ерекше арқа сүйейміз. Сіздерден сан-салалы тақырыпты қаузаған хаттар, сүбелі мақалалар күтеміз, – деген газет редакторы биыл әсіресе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мен латын қарпіне көшу мәселесіне арналған мақалаларға ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында қалалық көпсалалы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Айгүл Жобалаева басылым беттерінде танымдық материалдар көбірек жарық көрсе деген ойын білдірді. Сонымен қатар мұғалімдер қауымын оқу-тәрбие ісі жөніндегі еңбектерін, әдістемелік жұмыстарын газетте жариялау жағы да көп қызықтырды. Газеттің бас редакторы У.Тоқпатаев «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі осы мәселеге байланысты арнайы «Педагогикалық ой» журналын жарыққа шығарып отырғанын айтты.

Бұдан кейін басылым қызметкерлері Қарағаш, Мамырсу, Майлин, Мыңбұлақ ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Журналистер газет беттерінде денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да әлеуметтік мәселелерге айрықша зор мән берілетінін айтып, «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» сияқты бағдарламалар насихатталып келе жатқанын айтты.

Өздерінің сауалдарын жолдаған газет оқырмандарын негізінен әлеуметтік саладағы мәселелер, Аягөз өңірінен шыққан тарихи тұлғалар мен ақын-жазушылардың шығармашылығы, ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ақпараттар көбірек қызықтырады екен. «Дидарда» осы тақырыптар жиірек қозғалса деген ұсыныстар айтқан Майлин ауылының тұрғыны Қабылахат Рахметуллин газетке жыл сайын жазылатынын жеткізді.

Аягөз ауданына сапарын «дидарлықтар» Мыңбұлақ ауылының тұрғындарымен өткен кездесумен түйіндеді. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында Арай Көшекова соңғы жылдары «Дидардың» мазмұны байып, безендірілуі жақсарғанын айтып, әлі де өзекті мәселелерді көтеру керектігін тілге тиек етті.
Кездесуге келген қонақтар облыстық газеттің беттерінде жиі көтерілуі тиіс тақырыптарды ұсынды. Мәселен, кітапханашы Гүлбаршын Нұғманбекованың пікірінше, кәсіпкерлікті дамыту, экономика саласындағы өзгерістерден сыр шертетін материалдар көбірек болуы қажет.

– Газеттеріңізде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, бизнеспен әлеуметтік әріптестік орнату мәселелері жиірек көрініс тапса деген тілегім бар. Алдағы уақытта ономастика және отбасылық құндылықтар туралы оқылатын дүние көбейсе екен, – дейді Гүлбаршын Нұғманбекова.

Жиын соңында «Дидар» газетінің бас редакторы кездесуде көтерілген мәселенің бәрі жеке тақырып болып, газет бетінде жарық көретінін жеткізді

«Дидармен» дидарласқанша асығады

Бұдан соң Үржар ауданына ат басын бұрған газет өкілдері Науалы, Мақаншы, Қаратал елді мекендерінде болып, оқырмандармен жүздесті. Алғашқы кездесу аудан орталығындағы І.Жансүгіров атындағы орта мектепте өтті.

Кездесуге жиналған ұстаздар мен оқушылар газет қызметкерлерінің аудандарға шығып, оқырмандармен пікір алмасып тұруы игі бастама екендігіне тоқталды. Жалпы, бұл білім ошағындағы мұғалімдер қауымымен кездесу әсерлі болды.

Облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы биылғы газетке жазылу науқанында үржарлықтардың алдыңғы қатардан көрініп отырғанын айтып, басылым бетінде жарияланып жатқан мақалалар, жаңа айдарлар жайында әңгімелеп берді. Кездесу еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап түрінде жалғасып, ұстаздар қауымы көптеген сауалдарына жауап алды.

Аталмыш мектеп директорының міндетін атқарушы Р.Әскербаеваның айтуынша, бұл ұжым облыстық «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерінің «қалың» нөмірін қызығушылықпен оқиды екен. Сондай-ақ ұстаздар қауымы тарихи-танымдық және мұғалім беделін көтеретін материалдарға газетте орын көбірек берілсе деген тілегін жеткізді. Бұдан соң Науалы ауылындағы орта мектептің ұжымымен кездесу өтті. Аталмыш білім ошағының қызметкерлері газет бетінде «халық емі», «керек кеңес», «көнерген сөз көмбесі», сияқты айдарлармен бірге бала тәрбиесіне байланысты материалдар жарық көрсе деген ұсыныстарын жеткізді.

Оқырмандардың аманатын арқалап қатты

Бұдан соң «дидарлықтар» Мақаншы мен Қаратал ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Ең алдымен Мақаншы ауылындағы ауруханада еңбек ететін медицина қызметкерлерімен өткен кездесу барысында «Дидар» газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Ержан Әбіш басылымның тарихы мен бүгінгі дамуы туралы әңгімеледі. Денсаулық сақтау, жас мамандарды жұмыспен қамту іспетті мақалалар легі басылым бетінде үнемі жарияланып келе жатқанына тоқталған ол дені сау ұлт қалыптастырудың кілті дәрігерлердің қолында екенін атап өтті.

Мақаншыдағы Сейфуллин орта мектебінде жалғасқан жүздесу барысында журналистер газеттің негізгі аудиториясының бірі мұғалімдер қауымы екенін атап өтті. Кездесу барысында ұстаздар қауымы басылым бетінде: «ҰБТ жүйесінде өзгерістер бола ма? Он екі жылдық білім беру жүйесінің ерекшелігі неде? Мұғалімдердің еңбекақысын көтеру шарттары қандай?» деген тақырыптардағы мәселелерді көтеруді ұсынды. Сейфуллин орта мектебінің мұғалімі Роза Омарғазина поэзия бетін жиірек шығару туралы ұсынысын білдіріп, «Дидармен» дидарласқанша асығатындарын жеткізді.

Оқырмандардың аманатын арқалап қатты

Үржар ауданына сапарын «Дидар» газетінің қызметкерлері Қаратал ауылында түйіндеді. Мектепте өткен жиында ауыл тұрғындары газеттегі тарихи-танымдық мақалалардың оқушылар үшін маңызды екендігіне тоқталды. Кездесу соңында мәселенің мәніне терең үңіліп, ақпаратты нақты беретіндігі үшін алғыстарын айтып, «Ауылдың айтқыштары, «Журналистік зерттеу», «Әдебиет», «Сіз қайда жүрсіз?» сияқты айдарлар жиі беріліп тұрса деген тілек білдірген қараталдықтар «Ауыл адамы» немесе «Еңбек адамы» туралы жаңа айдар жүргізу туралы ұсыныстарын айтып, Өскеменнен келген журналистерге қалың оқырманның аманатын арқалатып жіберді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button