Экономика

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОСАЛ ЕМЕС

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОСАЛ ЕМЕС


«Қазақстанның үздік тауары-2019» көрме-байқауына облыстың әр түкпірінен келген кәсіпорындар мен шаруашылықтар тауары отандық өнімнің, өз өніміміздің осал еместігін көрсетіп қана қоймай, бірегейлігін де байқатты. Жәрмеңке түрінде ұйымдастырылған шарада Қытайға экспортталып жатқан Дайырдың сары тарысын ел таласа сатып алды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев кәсіпкерлердің әрқайсысының өнімімен, жетістігімен танысып, өтініш-тілегін тыңдап, көмек күтетіндеріне қолдау көрсетілетінін де уәде етті.

– «Қазақстан өнеркәсіптік-тұрмыстық химия зауыты» үш жыл бұрын ең алғаш рет құрылған болатын. Былтыр кір жуатын ұнтақтар өндірісін толық іске қостық. Бұрын кішкентай қаптармен шығарсақ, осы айдан бастап шағын қораптармен шығарып, Өскеменнің супермаркеттеріне жөнелтпекпіз. Қазақстанда кір жуу ұнтақтарын Алматы мен Павлодарда ғана шығарып жатыр. Біз – еліміздегі осындай алғашқы үшінші өндіріспіз. Біздің өнімді негізінен кеншілер сатып алып жатыр. Автоматты машинаға арналған он келілік ұнтақ 2,5 мың теңге тұрады, мұндай баға ешқайда жоқ. Ал кірді кетіру, тазалау мүмкіндігі брендті ұнтақтардан ешбір кем емес. Жергілікті халық осындай жергілікті өнімнің бар екенін білсе деп келдік көрме-байқауға, – дейді аймақта жаңадан ашылған шағын кәсіпорынның басшысы Алексей Гейн.

Қала тұрғындары мен қонақтарының, өндірісшілердің назарын өзіне аудартпай қоймаған өзіміздің тағы бір жаңа өнім – «Масла и смазки Казахстана» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік, тұрмыстық техникалардың айналмалы бөлшектеріне арналған жақпа майлары. Осы уақытқа дейін облысқа, елімізге тек шетелден тасымалданып жатқан бұл өнеркәсіптік майлар екі-үш жылдан бері Өскеменде аса жоғары сапа белгісін дәйектейтін еуразиялық патентпен шығарылып жатыр. Солидол сияқты өнеркәсіптік майлардан өскемендік жаңа өнімнің ерекшелігі қолданылу уақытының екі есе ұзақтығында, металды коррозияға ұшыратпайтындай қасиетінің жоғарылығында және үнемділігінде екен. Бизнесменнің әңгімесінен өзіміздің металлургиялық кәсіпорындардан өзге бұл майларды оңтүстіктегі «Казфосфат», Павлодардағы алюминий зауыты, Ақтөбедегі «Казхром», басқа да көптеген өндіріс орындары тұтынып жатқанын білдік.

ШЫҒЫСТЫҢ ШЫҒАНАҚ БЕРСИЕВІ

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОСАЛ ЕМЕС

Сары тарының неше түрін көрме-байқауға, жәрмеңкеге алып келген Зайсан ауданы, Дайыр ауылындағы «QABYL AGRO» ЖШС-нің иесі Бірлік Мамырбектің тарыдан тауып отырған несібесі мол көрінеді. Былтыр ол Қытайға 22 тонна тары жармасын экспорттаған. Шаруа қожалығының серіктестік құрып, Зайсанның тарысын Қытайға, Үрімжі жаққа саудалап жатқанына екі жыл болыпты. Ол жақта тарыға сұраныс аса жоғары, өткен жылы тары 25 гектарға егілсе, биыл 50 гектарға егіліпті.
Дайырда бала-шағасымен тары, бидай егіп, егіншілікті кәсіп көзі етіп отырған қандасымыз Бірлік сұлы, арпа, тары талқандары диеталық тамақ болғандықтан да бүгінде баяғыдай бүкіл елде жеңсік асқа айналып отырғанын айтты. Қуырылған тарының тоннасы – 500 мың теңге.

– Қабыл деген атамның аты, шаруашылығымыздың атын сол кісінің атымен, әрі ісіміз алға бассын деген тілегіміз, арманымыз қабыл болсын деген ниетпен қойдық. Қазақ қазақ болғаннан бері жеп келе жатқан ұлттық тамақтарымызды қазір қорапқа салып, сыртын әдемілеп безендіріп, үлкенді-кішілі етіп саудаға шығарып отырмын. Қытайға қуырылған дайын өнімді «Камазбен» жеткіземіз. Биыл да апарамыз. Алматыдағы «Магнум» супермаркеттері желісімен де келісім жасадым, – дейді мамандығы бойынша суретші болуды емес, тары өсіріп, егіншілікпен айналысуды қош көрген дайырлық кәсіпкер.

Ағайындарымен бірлесе тарыны баптап өсіріп, одан мол өнім алып қана қоймай, таңсық асты тонналап шетке экспорттап жатқан диқанды шығыстың Шығанағы десек те артық болмас. Бірлік Мамырбектің ауыл шаруашылығын дамытуға беріліп жатқан шағын несие көмегімен Дайыр ауылында тары зауытын ашуды жоспарлап отырған ойы бар. Зауыттың өндірістік желісінде тары жуылып, шайылып, қуырылып, қапталып, өндіріс үрдісі бастан-аяқ автоматтандырылмақ.
Көрмеге келгендер диқанның қуырылған тары жармасын, талқанын таласа сатып алып жатты.

Зайсан аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Әбдіғалиевтің айтқанындай, көрме-байқауға бұл ауданнан Бірліктен басқа тағы да үш кәсіпкер өз өнімдерін алып келген. «Жаратқан» ЖК, «Дархан Әсетханов» ЖК, «Тоқан Уанбек» ЖК иелері ат әбзелдерінен бастап зергерлік бұйым, киіз үй жасап, халықтың қолөнерін жаңғыртып қана қоймай, шәкірт даярлап та жүрген көрінеді. Жалпы, Зайсан өңірінде жыл өткен сайын шағын кәсіпкерлік өркендеп келеді.

ОН МЫҢ ҚОЯН ҰСТАП ОТЫР

Көрме-байқаудың қорытындысында Ұлан ауданының Казачье ауылындағы «Eco Product» ЖШС-нің өнімдері «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша бірінші орын алды. Бұл шаруашылықтың он мың қоян өсіріп отырғанын естіп, елмен бірге біз де қасымызды кере таңғалдық.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОСАЛ ЕМЕС

Қоян фермасы – елімізде еуропалық стандарт бойынша өнім өндіріп отырған жалғыз шаруашылық. «Eco Product» фермасының өкілі ұзын құлақ қояндарды көбейтіп, табысын ұлғайтып жатқан өндіріс жаңа технологиямен жабдықталғанын, көжектерді ауру-сырқаусыз өсіріп-бағуға қажетті барлық қажеттіліктер жасалғанын айтты. Өндірістің «Ғажайып көжек» желісі қоян етін, жүрегін, бауырын жеке-жеке вакуумды орамаға салып сатуға мүмкіндік беруде. Қоян етіне қорқа қарайтындар аз емес болғанымен, бүгінде бұл өнім жұрт іздеп жүретін аса дәмді деликатес асқа айналып отыр. Қазіргі күні аталған ферманың қоян еті өнімдері Өскемен қаласында, Нұр–Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларында сатылып жатыр. Болашақта өнімдерді еліміздің басқа қалаларына, шетелге шығару жоспарланып отыр. Байқауға алғаш рет қатысқан «Eco Product» ЖШС өзінің осындай айрықша өнімімен жүлдеге ие болып, ұжым қызметкерлерінің мерейі өсті.

Көкпекті аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлия Мұқашева биыл көкпектілік кәсіпкерлер де үздіктер қатарынан көрінуге талпынып келгенін жеткізді. Осы аудандағы «Қалиханұлы» ШҚ-ның «Толағай» шағын сүт зауытының сүт өнімдері бағасымен, сапасымен келушілер көңілінен шығып қанай қоймай, «Үздік азық-түлік өнімдері» аталымы жеңімпаздары қатарынан көрінді. Өткен жылы шырғалаңға түсіп, қиындықтарға тап болған шағын кәсіпорын қайтадан іске қосылып, тұрақты жұмыс істеп тұр. Көкпекті ауданындағы «Кузьмич» ЖШС, «Райымбек» ӨК балық, бал өнімдерін, Жанна Жәбекова өзінің жұмсақ ойыншықтары мен қолөнер бұйымдарын көрмеге әкелген.

Ал Аягөзден келген «Мұстахит» қожалығының иесі Болат өздерінің мал бордақылауға арналған арпа, жүгері сияқты тоғыз түрлі дақылдан тұратын жем қоспасы өнімдері мал шаруашылығы үшін аса қажет екенімен ерекшеленетінін айтты. Бордақыға қойылған мал бұл жем қоспасын жесе, күніне екі келі салмақ қосатын көрінеді. Жай жемге бордақылауға қойылған мал төрт айда, осы қоспажеммен бордақыланған мал бір жарым айда семіреді екен. Күніне екі тоннадай жем өндіретін қожалықтың құнарлы да арзан өнімі әзірге аудан көлеміндегі бордақылау алаңдарынан аспай тұр.

Өскемендегі «ISNAR» тігін фирмасы – бюджеттен бөлінген ақшаға көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арнап мектеп формасын тіккелі отырған шағын кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын жуықта Өскемен, Риддер қалалары, Үржар, Шемонайха, Ұлан аудандары бойынша мектеп формасын тігуге тапсырыс алыпты. Тапсырыстарды тамыз айының ортасына дейін орындап бітірмек. Өскеменде мектеп формаларын тігіп отырған жалғыз -жарым кәсіпорын иесі Залина Батылғазинаның айтқанындай, болашақта тігін фирмасы тек оқушы киімдерін тігуге мамандандырылмақ.

«Сыйлас» атты маркамен қуырылған шекілдеуік өндірісін ашқан Нұрлы көш ауылындағы «Серікбек» ЖК өнімдерін негізінен Алматы қаласына шығарып жатыр. Кәсіпкер Серікбек өскемендік «Сыйластың» «Джиннан» да, басқадан да артықшылығы көп дейді.11 жыл бұрын жол апатына түсіп, мүмкіндігі шектеулі болып қалса да, қарап отырмай кәсіп көзін тапқан жігіт жаңа өнімнің нарықты жаулауына тек жарнама жағы кедергі келтіріп тұрғанын айтты.

Биылғы көрме-байқауға қатысушылардың 43-і – өз кәсібін өзі жүргізіп отырған осындай жеке кәсіпкерлер. Бұл – облыста шағын кәсіпкерліктің дамып отырғандығының дәлелі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button