Руханият

Осы жұрт Жәнібекті біле ме екен?..

Осы жұрт Жәнібекті біле ме екен?..


Өскеменнен шығар күнді бетке алып, Жер жарықтық шашылып қалмасын деп дәп белінен орап жатқан жыланбауыр қара жолмен атқа қонған жолаушының тау басып, су кешіп жүріп танауын соға тірелетін соңғы нүктесі – Төр Алтайдың кіндігі Катонқарағай. Сол мекенде Қазақстан бітеді. Ары қарай жет ел, жат жер.

Мұзтау – сәукелелі, Бұқтырма – бұрымды ару Алтайдың уыз көркі көрген пендені пай-пайлатқаны бір төбе, мың сан түсті шағи мен торқадан киген көйлегі сусыл қағып сыланған сұлу өңірдің бары мен базары өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін-ақ тарқай бастасын. Құт мекендегі аңырап қалған ауылдарын тәрк етісіп, қара мен дана, батыр мен ақын, әкім мен хакім бір қабатын, қазан-ошағын буып-түйіп қалаға бошалағанда, аңшылардың қосқа тастап кеткен пілтелі мылтығындай кіндікжұрттың күзетшісі боп қалған жалғыз ақын – Жәнібек Қызыров еді. Жырларын жазып түн қатып, Алтай-ананың көз жасын орамал-жырымен құрғатып, қара шаңырағын жықпай әлі отыр екен. Беу-беу, дөңгеленген жалған дүние-ай, қара орманға пана, Алтайына мәңгі бала боп қалған, екі дүниеде қартаймайтын-ақ шығар деп жүретін Жәнібек Қызыров та жетпіске келіпті…

Ақын.

Ол өлеңді бала кезінен ермек еткен. Иә, ермек еткен. Түбі ақындық мұратым, тағдырым болып қалады-ау, осының әнеу бір пернесін басып көрейінші дейтіндей ересек пиғыл, салиқалы әрекет санасын шиырламағаны рас. Пендеге біткен сезімдерінің бірін лүп еткен ой самалы дір еткізсе болды, қолма-қол қаламына жармасатын. Қызық, сезімдері ақ қағазға поэзия формасында түсетін. Мүмкін, бұл қасиет қанында бар шығар, мүмкін, іргетасы мектеп қабырғасында қаланды ма екен, әлде, әсіре сезімталдығынан болар, әйтеуір, қымс етсе болды пыс-пыс етіп өлең жазып жататын.

Қызық, бұл өлеңді жазайын деп арнайы дайындалмайтын. Болашақ өлең шумағының поэзия кейпіне түскен бір жолы мұның сезімдерін түрткілейтін келіп. Тыныштық бермейтін. Қол-аяғын жерге тигізбей қаламға, ақ қағазға сүйрелейтінін қайтерсің. Достарымен қосылып мейлі футбол, мейлі волейбол ойнап ақ тер, көк терге түсіп жүрсін, мейлі би кешінде елігіп, желігіп жүрсін, бәрібір, өлең жазуға деген елірме «ауыру» иектеген шақта бойындағы мұқым ерік-күштен айрылып, ерекше бір күйге енетін.

«Жеңешеме…». Иә, бәрі есінде. Бұрын Катоннан тұяқ оздырып көрмеген, Отан мен туған жерге деген махаббаттың өзін бірде сезіп, бірде сезбей жүрген бозбаланың алғашқы алапат сағынышы әскерге барған шағында лап етіп оянсын. Мұның Отан алдындағы әскери борышы сонау Қиыр солтүстікте, Мурманскідегі әскери-теңіз флотында өтті. «Жеңешеме» сол бір шақтың сарқыты. Кәдуілгі сағыныш жыры. Қобыз сарыны тамшылайды.

Осы жұрт Жәнібекті біле ме екен?..

Сағындым ғой сендерді, асыл жеңешем,
Хабар-ошар бермей қойдың неге сен.
Ең бір жақын сырласым ең, ал бүгін,
Шалғайдасың. Енді кіммен кеңесем?!

Дәл өзіңдей пәк жанымды ұғар кім,
Жазмыш солай. Бұл сынға да шыдармын.
Сені ойласам – көз алдымда туған жер,
Оның уыс топырағы тұмарым.

Балалық қой, көп-көп жайға өкінем,
Өкінем де саналы ойға бекінем.
Мына ортада ел қорғаушы сарбазбын,
Ал Катоннан бала болып кетіп ем…

… Жәнібек поэзиясынан терең философия, классикалық стиль іздеп ақ тер, көк терге түсудің қажеті жоқ. Оның жырлары да Төр Алтай сынды бар мәзірін көрермендерінің көз алдына жайып салып, керегіңді алып қал дейтіндей табиғи. Бармақ бүгу, астарлап сөйлеу, көрбілтелеу жат оған. Оның өлеңдерін оқып отырғанда көзді қойып, көңілдің өзінде көмескі тарта бастаған қай-қайдағы оқиғаларың қыбырлап тіріліп, бас-аяғы бірікпей, қалай болса солай шашылып жатқан мың сан ойларың жинақтала бастайтыны бар. Қозыдай қоңыр жыр қоңыр кешті қоңыр мұңға толтырады. Оңашалықты аңсайсың. Кей сәтте қолыңа шашақты найза алып, Алтайдың күнгейі мен терісінен жау іздеп, елеуіреп кеткің келетіні бар. Қызық, тым қарапайым, алайда шешуі күрделі поэзия! Неге? Осы сұрақты мен де өзіме сан мәрте қойдым. Неге? Жауап жалқы. Жәнібек – Мұзтаудың қос омырауынан саулаған уыз-шабытпен сәресісін ашып, Алтайдың саф ауасымен дәрет алып жүрген иесі бар ақын. Оның жырларында жер мен көктің арасындағы көбік сынды жын-шайтан, мәңкүр-нәңкүрлермен жағаласып айқасу, солармен диалогқа түсу секілді мифологиялық актілер жоққа тән. Тағы да, неге? Себеп тағы да жалқы: Алтай – киелі тау. Киелі жерге жын-шайтан жоламайды!..

Оның «Ақбұлақ» атты жыр жинағын парақтаған пенде қазақ поэзиясының сандаған жанрларымен жүздеседі. Лирика да, азаматтық пафос та, төңкеріске тән ширығу дейсіз бе, мөңку де, тарпу да, шашақты найза, алмас қылыш алып атойлау да, қойыңызшы, бәрі сонда. Арнаулары қандай! Қаратаудың қара қабырғасын қақыратар қап-қара қасіреттен қап-қап қалжың да сауып отыратыны бар.

…Катонда жатып, Алтайдың тағылар ғана мекен еткен тайгасында жатып… Қызық ақын екен!..

Қайраткер журналист

Азаматтың ғұмыр шежіресін ертеректе әскерге дейін, әскерден кейін деп жіліктеп жататынбыз. Кейбіреулердің ғұмырбаяндық анкетасы пәленбай параққа сыймай, тай терісіндей қос беттің шекарасын бұзып, едіреңдейтіні бар. Ал Жәнібектікі Жәнібектің дәл өзі секілді ып-ықшам, тап-таза. Әп-әдемі әріптермен өрнектелген. Әскерге дейін: Алтай кеңшарында жүргізуші. Әскерден кейін: Аудандық «Еңбек туы» газетінде тілші. Газеттің кейініректегі атауы – «Арай».

Міне, бір азаматтың ғұмыр жолы. Екі-ақ жол. Журналистің сапары жалғанда бітіп бермейді. Қаңбақтың ұшарын жел, қонарын сай білсе, журналистің ұшарын редактор, қонарын қияндағы ауыл біледі. Еңісіне түсіп күйінген, шыңына шығып сүйінген осынау 47 жыл ішінде ол не көрмеді. Шілденің шіліңгірінде алты айрығынан тер саулап, Алтайдың аспара жайлауларында, аяқ-қолы мұздап, алып таудың қойнау-қолаттарындағы, сай-саласындағы қойшы мен малшының жетім лашығында дірдектеп, газеттің келесі нөміріне шикізат жинап отырмады ма. Қырық жеті жылдағы Жәкеңнің журналистік сапарынан репортаж беру мүмкін емес. Ол сапар әлі аяқталған жоқ…

Бәрін айт та бірін айт, Жәнібектің шындық үшін шақшадай басын садақалап жіберетін өлермендігін білетін ауданның әділетсіздіктен жүдеп-жадаған, биліктен қиянат көрген жұрты ит арқасы қияннан қылта созып, ат терлетіп жететінін қайтерсің. Іле-шала қаламын найза етіп Жәкең шығатын атойлап. Іле-шала мақала жарқ ете қалады. Іле-шала газет редакторы мен Жәнібекті аудандық партия комитеті, бертіндері аудандық әкімшілік «бозкілемге» шақырады. Айтыс-тартыс, даттау мен боқтау… Айдатамын, соттатамын… Қырамын, жоямын… Жәңгір хан мен Махамбеттің арасындағы рухани майданға бергісіз, мылтықсыз – сөз соғысы басталады. Әрине, газет жеңіледі. «Жаздық, жаңылдық, байқаусызда от басыппыз…».

Ауданда уақытша тыныштық орнайды.Тағы бір күні, тағы бір бейуақта Жәнібектің есігін тағы бір бейбақ тықылдатады. Жанары жасты, көкірегі шерлі, көзі биттеген сорлы еңіреп отырып, сорлап қалғанын өксігіне шашалып, сұңқылдатады. «Қиянатқа қарсы Катонның антибиотигі» атанған журналистің сай-сүйегі сырқырайды. Келер таң атар-атпастан Жәкеміз шығады едіреңдеп…

Бұл спектакльдің эпилогы Жәнібектің көзі тірісінде қойылмайтын шығар.

КСРО-ның орыс-герман, одан бергі Тәжік, Ауғанстан соғыстары да Төр Алтай азаматтарынсыз өткен жоқ. Орыс-герман соғысына қатысқан қазақстандықтардың жарты миллионы қыршындарынан қиылған көрінеді. Солардың құрығанда жартысынан көбі қазақтар шығар. Яғни, бейдауа соғыста 300-400 мың қазақтың сүйегі Еуропаның сай-саласында қарға-құзғынға жем болып, жаназасы шығарылмай қалды деген сөз. Суішкілігі барларына туған жер топырағы бұйырды. Міне, дәл осы сыздауық-тақырып соғыстан кейін дүниеге келген, сәби кезінен әке күпәйкесінің өңіріндегі дәрі мен ыстың күлімсі иісіне әбден «тойып» өскен Жәнібектің жүрегін сыздатқаны рас. Сыздауықты сипаса – қышыды, қасыса – қанады. Ақыры…
Катонқарағайлық майдангерлердің ерлігі мен өрлігін жыр ететін, Жәнібек Қызыровтың жинақтауымен жарық көрген «Ерлік-дастан» атты үш томдық деректі кітаптың қысқа да нұсқа шежіресі осындай.

Ауылдағы мәдени тірліктің тоқтауы – ауылдың құрып кетуінің алғышарты. Осыны ойлады Жәнібек. Даладан жұмыс, нәпақа таппаған жергілікті жұрттың шамасы келгендері топалаң тигендей қалаға көшіп жатыр. Бұлай кете берсе, ертеңдері Алтайдың інжу-маржаны деп отырған Катонқарағай иен жайлауға айналып қалмасына кім кепіл?!

«Қазыналы Катонқарағай» ардагерлер ансамблі осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін құрылған. Жәнібектің ойлап тапқан тәсілі. Бұрындары өңір жұртын әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған билерімен тәнті етіскен, бүгінгі күні зейнеткерлікке шығып, үйде отырған аталар мен апаларға сауын айтқан. Алғашында ат-тондарын ала қашқан кейбіреулері кейін есік қағып өздері келісті. Ұжым мүшелеріне тәуір ермек табылды. Аудан халқы бос уақыттарында ән-күй тыңдап, сергіп қалысты. «Рухани жаңғырды». Қыз кездерінен әсем әнімен аудан жұртына танылған Клара Қабдуәлиева, Венера Тұрсынханова әжелерді айтпағанда, Кеңестік дәуірде Қазақстанды қойып, Одақтың бозкілемін шаңдатқан атан жілік палуандар – еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері Төлеген Көкенов, көп жылдар осындағы спорт мектебінде басшы болған, дзю-додан КСРО-ның спорт шебері Қабдол Мәмиевтер, атқа мінген Төлен Мерғазин ән айтады, күмбірлетіп домбыра шертеді деп кім ойлаған? Қалауын тапқан да, қарды лаулатқан да – ақын әрі журналист, қоғам қайраткері Жәкең!

Айтпақшы, анада ауданға іссапармен келген Қазақстан Жазушылар одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Есдәулетов сол одақтың мүшелік куәлігін Жәнібек Қызыровқа өз қолымен табыстады. Сондай-ақ Жәнібек – Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы.

Сиырларын табынға қосқан Жәнібек қасқа жолдың бойындағы төбешікте тұрған Қаратай бабасының ескерткіші тұсына аял жасады. Өзінің кіндік қаны тамған, жетпіс жыл бойы киелі топырағынан табан аудармай, отымен кіріп, күлімен шыққан қайран Катонына жанары боталап ұзақ қарады. Құдай-ау, осы пенделер қызық, мынадай жерді қиып қалаға бошалайтындары несі? Естері дұрыс па, осы?..».

… Әне, таяғына сүйенген бір кейуана Жәнібекке беттеп келеді. Мұңын айтып, шер-шеменін ақтармақ қой, шамасы.

«Беу-беу, дүние-ай! Шер тарқап, шемен сыздамайтын күн қашан туар екен!».

Әлібек Қаңтарбаев,
жерлесі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық
филиалының директоры

Осы айдарда

Back to top button