Тарих

ОРТА ЖҮЗ ҚАЛАЙ АЛТЫ АРЫС АТАНДЫ?

ОРТА ЖҮЗ ҚАЛАЙ  АЛТЫ АРЫС АТАНДЫ?

Ел тарихынан тарқатып әңгіме айтса айызыңды қандыратын ақсақалдар болады ел ішінде. Зайсан өңірінің халқына байыпты да, байсалды әңгімесімен танымал болған Төлеген ағаны ел – Ержанның Төлегені атап кеткен. Әкесі Ержан Ахметов – аузы дуалы ақын, өз тұсында әйгілі Әсет Найманбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тарихи тұлғалармен дәмдес-тұздас, аралас-құралас болған көрінеді. Ол – өз алдына бөлек әрі ұзақ әңгіме. Төкең жарықтық кім көрінгенмен ашылып әңгімелесе бермейтін, томаға-тұйықтау мінездің адамы еді. Бір жылы арнайы сәлемдесе барып, сырқаттанып жүрсе де біраз әңгімесін тыңдаудың сәті түскен-ді. Соның бірі – Жәнібек батырдың Керейді арысқа қосуы жайындағы әңгіме еді.

АБЫЛАЙДЫҢ АЛТЫ ТАЛАБЫ

Осы күнде орта жүз – алты арыс аталады. Арыс дегеніміз – Абылай хан болып, қазақ жерінің көлемін ұлғайтып, дербес хандығын құрғаннан кейін, орта жүздің басты руларын арыс деп атайды. Сол кезде орта жүздің бес руы – арғын, найман, қоңырат, қыпшақ және уақ бес арыс атанады да, әлде бір ру батырларының арасындағы қырғиқабақтықтан керей руы арыстар қатарынан шеттеп қалады. Содан өр Алтайдан сонау қызыл шекаралы Моңғолияға дейінгі аралықты жайлаған керей ата баласының басын қосқан ер Жәнібек айтулы бір жиында хан Абылайдан осы мәселеге байланысты «Керей қайткенде арыстың қатарына қосыла алады?» деп сұраса керек. Маңайындағы билерімен ақылдасып, келесі күні жауабын қайтарған Абылай:
– Келер жылы Көкшетауда үлкен ас болады. Керей руына сол жиында қойылатын алты талап бар. Егер осы алты талаптың үдесінен шыға алсаңдар, сендерді де арысқа қосып, орта жүзді алты арыс атайық – депті. – Ол талаптың біріншісі – атаңның саны он екіден кем болмауы керек. Екіншіден, қалың қолды бастай алатын, қиын-қыстау кезеңде халқына қорған, пана бола алатын қас батырың болсын. Оған менің оң тіземнен орын алған өзің де лайықсың. Сенің ерлігің мен өрлігіңді олқы көрмеймін. Үшінші – сол жиында белдескен балуаның бірінші бәйгені алуы керек. Төртінші талап – аламанда алдына қара салмай келетін бәйге ат әкелесің. Бесінші – соққысы дүйім жұртты таңғалдырарлық қамшыгерің бірінші жүлдені ешкімге бермеуі тиіс және алтыншы талап – сол жиында өңкей сұлу көркемнен сұлулығымен аса алатын әйел затын әкелесің.
Елі үшін не нәрсеге болсын «Нар тәуекел!» деп белін буып барған ер Жәнібек хан Абылайдың алты талабын да орындауға уәде беріп, еліне аттанып кетіпті.

САҢЛАҚТАРДЫ САРАПТАУ

Еліне келе сала білгір билері мен көсем, шешендерін жиып ап, ақылдаспай ма. Әуелі аталарын түгендесе, аталарының саны бар болғаны он бірге жетіпті. Әрі санап, бері санап аталарының санын он екіге толтыра алмай дал болған керейлер ақыры бір-бірімен дауласып, даурығыса бастағанда араларында ойға ұшқыр, сөзге шешен бір би отырып:
– Ой, Жәнеке-ай! Оның жолы бар. Қазір онда-мұнда атағы жайылмаған, ешкім біле қоймаған Құлтайболат деген ұсақ атаның біреуі бар. Сонымен атамызды он екіге толтырайық. Басқа ел білмейді оны, арғы үлкен ата қатарында есептің ішінде кете береді – деп ел күтпеген ұсыныс айтады.
Тығырыққа тірелген шақта жол тауып кеткен тапқыр биге разы болғандар:
– Ой, бәрекелді! Жарадың биім! – десіп қолпаш білдіріп жатады. Сонымен керей руы Қарақас, Молқы, Ителі, Жантекей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Меркіт, Шимойын, Көнсадақ, Шеруші және Құлтайболат болып он екі атаға толысады. Сөйтіп, аталарын түгендеп алған керейлер енді «Балуандыққа кімді саламыз, кім бар бұл сынақтан сүрінбей өтетін?» деп ойдағы-қырдағы, алыс-жақындағы белдесіп жүрген керей балуандарын түгендей бастайды. Ол күнде балуан жоқ емес, бар. Бірақ жеме-жемге келгенде бірі жарайды, бірі жарамайды. Енді бірі жасы кеп қалған болса, тағы біреуі өткен сайыста мертіккен немесе жарақат алған боп шығады. Елге таныла қоймаған жастарды мұндай жауапты сынаққа қосуға тағы болмайды. Осы кезде отырғандардың біреуі:
– Самыратта Бұланбай деген аю балуан бар. Осы күні бұл төңіректе оның дүлей күшіне қайрат көрсетерлік адам көріп тұрғам жоқ. Күреске апарсаң, керекке жарайтын жігіт сол, – дейді..
– Ол Бұланбайдың күші қандай? – деп сұрайды Жәнібек.
– Бойшаң кісінің кеудесінен келетін, айналдыра жиған тас қорғанның ішінде өліп жатқан түйені көтеріп ап, сыртқа лақтыра салады екен.
– Жарайды, алдырыңдар Бұланбайды. Көрейік, қайратының қаншалықты екендігін…
«Жәнібек шақырады» – дегенде жан қала ма? Дереу Бұланбайды алдырып, балуан жиналғандарға шөгерілген түйені көтеріп, қайрат-қуатының қаншалықты екендігін байқатады. Керейлерге бәрінен де қамшыгер табу қиынға соқса керек. Ел ішіне хабар да жіберіліп, шабармандар да аттандырылады. Осылайша уақыт өтіп жатыр. Бір күні ойламаған жерде бір жігіт Жәнібекке сәлем бере келеді. Жәнекең сондай кішіпейіл жан болған дейді. Бала болсын, үлкен болсын келген шаруасын тыңдап, ешкімді жатсынбай сөйлесе беретін көрінеді.
– Ал жігітім, жол болсын, бұйымтайыңды айт! – дейді батыр.
– Тақсыр-ай, бұйымтайым: «Сіз бір қамшыгер іздеп жүр» деген соң, соған келіп ем. Мен пәленбай деген бір байдың жылқышысы едім. Қолымның қысқалығынан, бас құрай алмай жүрген жайым бар. Жылқыдан тапқан табысым қалыңға беріп айттыруға жетпейді. Өзім жақын-жанашыры жоқ, жалғыз жігітпін. Сол қамшыгердің бәйгесіне «Бір қыз береді екен» дегенді естідім. Соған барып, бәйге алып, басымды құрасам деген үмітім бар, – дейді әлгі бейтаныс жігіт.
– Ондай болса, қамшыгерлігіңе қалай нанамыз, оны қалай дәлелдемексің? – деп тіктеліп отырыпты, жантайып жатқан Жәкең.
– Менің қамшыгерлігім қыста сойған ту биенің басын сартап қып көлеңкеге кептіріп қойып, жазғасалым алып шығып қамшымен ұрып жібергенімде басты кесіп түсіп, қамшым жерге кіріп кетеді.
– Мен құр сөзге сенбеймін. Алдымен өнеріңді көрсет!
Жағдайды бақылап тұрғандар дереу соғымның сартап болған басын тауып әкеледі. Жігіт жүгініп отыра қап алдына әкеп қойған басты тартып кеп жібергенде бас қақ бөлініп, қамшының өрімі жартысына дейін жерге кіріп кетіпті. Жігіттің сүйегі меркіт, есімі Қайрамбай екен. Сойып түсер сойқан қамшыгерлігіне көзі жетіп, көңілі толған Жәнібек:
– Әп, бәрекелді, жарайсың! Мына жігітке құрмет көрсетіңдер! – дейді.
Ендігі мәселе – бәйге аты. Бәйге ат болғанда, Жәнібектің Ақтабанынан асар бәйге жоқ екен бұл елде. Ат жарысына Ақтабанды жаратып апаратын боп шешеді.
Сайысқа түсетін сұлу мәселесі де біраз әуреге салған көрінеді. Керейлер жан-жаққа кісі жіберіп, біраз шабылады. Сөйтіп жүргенде біреулер:
– Мынау жоғарғы өрдегі Бәйтік, Қаптық жақты мекендейтін Қарақас, Молқы деген керей руының ішіндегі Қарақаста бір әйел көрдік. Әй, енді сұлулығына бұл өңірде жан жетпейді-ау. Есімі Жансүйер деген жас келіншек екен, – деген әңгіменің ұшығын шығарады. Оларға да дереу кісі жіберіліп, Жансүйерді күйеуімен қоса алдырады. Жансүйер десе, Жансүйер, әйел задының көркемі екен дейді. Үш жүздің үлкен-үлкен жиындарында небір сұлулар сайысын байқап жүрген Жәкең әуелі байыптай қарап, сосын сәл ойланып отырып: «Болды, сұлулар сайысына Жансүйер түседі және бәйгені біз аламыз!» деп байлам айтыпты.

КЕРЕЙДІҢ МЕРЕЙІН АСЫРҒАН АС

Осылайша бір жылда барлық жоғын түгендеген Жәнібек жаз шыға керейлерді бастап Көкшеге аттанады. Хан ордасындағы асқа үш жүздің игі жақсыларының басы қосылып, елдік тұрғыдағы келелі мәселелерді бір мәмілеге келтіргеннен кейін ойын-сауық басталады. Әуелі аттарды бәйгеге қосады. Ол күнде атты күнбе-күн, қолма-қол жібере салмайды. Аттарды қайтатын жеріне апарып, бір түнетіп алғасын, таңғы салқынмен шаптырады екен. Ат келгенше басқа ойын түрлері басталып кетеді. Балуандар күресі басталарда жылдағы дау-дамай мен қаралықтың не түрін көріп жүрген тәжірибелі Абылай ортаға сегіз қанат киіз үйдің ағашын (керегесін) тіктіреді. Ондағы мақсат күрес сол керегенің ішінде өтсе, алқалаған халықтың арасынан біреу болмаса, біреу өз балуанына бүйрегі бұрып, қарсы жақтың балуанын аяқтан шалып, етектен тартып қалу, аударып жіберу секілді арамдықтарға жол берілмейді. Халыққа «Бүгінгі балуан бәйгесіне жаңа талап, арысқа қосыламын деген керейдің балуаны түседі. Оған екі кісі төрелік ететін болады» деп хабарланады. Осылайша Бұланбайды найман Қабанбай батыр, қарсыласын уақ Ер Көкше батыр ортаға алып шығады. Бұланбайға қарсы шыққан – жылдағы ас-тойларда жан шақ келтірмей, талайдың мойнын бұрап, омыртқасын үзіп жүрген, арғынның аты шулы бұқа балуаны екен. Онымен күресуге ешкімнің жүрегі дауалай бермейтін көрінеді. Екі алып сыр алдырмай біраз текетірескен соң, ақыры Бұланбай қоймапты. Ұрымтал тұста ананы тік көтеріп әкеп жерге бір ұрғанда, әлгі балуанның басы уақ батырының аяғына таман келіп түскен екен дейді. Сонда ашуланған Ер Көкше:
– Әй, бір кісіге шамасы жетпейтін немені несіне әкелген, – деп әлгінің басын бір теуіп, шығып кетіпті.
Ендігі сайыс – қамшыгерлердікі. Бұл сайыстың шарты – қамшыгер өліп кетсе құнсыз. Айнала қоршаған ию-қию жұрт. Біреуді біреу біліп болмайды. Ол кезде қамшыгерлер бір-бірін бас салып, басқа-көзге төпелей жөнелмей белгіленген тәртіппен, алма-кезек сайысады екен. Сайыстың тәртібі бойынша бастапқы кезек аға баласы арғындікі. Бірінші болып аға баласы бір мәрте қамшымен ұрады. Осыған шыдасаң шыдадың, шыдамасаң, басқа лаж жоқ.
Ортаға шыққан арғынның қамшыгері ойқастап кеп керей жігітін бір тартып өткенде, Қайрамбай қайқаң етіп атының жалын құшып барып, іле денесін тіктеп алады. Төрешіден кезегін алған керейдің қамшыгері арғынды салып өткенде, анау өкіріп барып аттан құлап түседі. Сол бойда жантәсілім еткен екен. Енді сарапшылар келіп қарағанда арғын қамшыгері ұрғанда, қамшы Қайрамбайдың арқасын тіле барып, оң жақ сүбесіндегі белдеменің қанатына, яғни, сүйекке жетіп тоқтаған екен. Ал енді керей қамшыгерінің ұрысы оның да оң жақ сүбесін тіліп барып, белдеменің қанатын сындырып өтіп, бүйректі қақ бөліп жіберіпті. Өлім содан келген екен. Мұны сыншылармен қоса, сол жерде тұрғандардың барлығы көріп, Қайрамбайдың қамшыгерлігіне қайран қалады.
Осы кезде «Аттар кеп қалды!» деген дауыс шығып, жұрт назары бәйгеден келе жатқан аттарға ауады. Айтса айтқандай, Жәнібектің Ақтабаны өзге аттардан оқ бойы алда келеді екен. Сонымен, бәйгенің бесеуін уысына түсірген керейлер жағы: «Енді соңғы сынақ – сұлулар сайысы қалай болар екен? деп дегбірлері қаша бастайды. Көп күттірмей ол сайыс та басталып кетеді. Кешкісін бұқараның алдына «ай десе аузы, күн десе көзі» дегендей, кілең сұлулар тізіліп шыққан екен. Қасына ерген сыншылармен бірге Абылайдың өзі де жүріп саралайды ғой. Бір тізелерін бүгіп, жүрелей отырған аруларды неше мәрте аралап көрген қазылар сайысты қорытындылай келе: «Керей елінен келген Жансүйерге жетер сұлу жоқ, бұл жерде!» деген шешім шығарған екен.
Осылайша, Жәнібек Абылайдың қойған барлық талаптарын орындап шығады. Уәденің аты – уәде. Оның үстіне Ханға екі сөйлеуге тіптен болмайды. Ертеңгісін Абылай үш жүздің алдына шығып: «Уа, жамағат! Орта жүз бұрын бес арыс еді. Енді мына керей қатарға қосылды. Атасы он екіге толды. Жәнібек бастап келіп барлық бәйгеден біріншілікті алды. Мінекей, бес арыстың қатарына қосылып, алтыншы арыс керей болды. Осыдан былай орта жүз – алты арыс атансын!» деген екен.
Асығып-аптықпай, бабымен бастап, жайымен баяндап айтатын әңгімесінің бір парасын осылайша түйіп қоятын еді, жарықтық. Сол жолы да қолымды қысып тұрып, «Сен ертең ертерек кел, Әлібай мерген жайында әңгімелеп беремін» деген еді көкірегі шежіре қария.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button