Қоғам

Ортақ несие орға жықты

Ортақ несие орға жықты


Шағын несиенің бұл түрі 2016 жылдан бері тоқтатылыпты. Соған қарамастан күн өткен сайын түрлі даулар шығып жатыр. Тіпті, арасында марқұм болғандардың қарызын мойнына арқалағандар бар.

Кепіл шартының кесірі

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бір бағыты кәсіп ашқысы келгендерге кепілсіз шағын несие беруді көздейтін. Ол үшін несиелік серіктестік құрамына кірсеңіз болды. Тек серіктестіктің өзге мүшелері алған ақшаны уақытында қайтаратынына кепілдік беріп, қол қою қажет. Осы бір кепіл шарты кейін бастарына батпан дау әкелетінін несие алушылар сезбесе керек. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін» қарызды қайтаратын мезгіл біткенде ғана біліп жатыр.

Бұл бағдарламаның жергілікті операторы – «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Аталмыш корпорация сот құзырына несиелік серіктестіктерге қатысты 169 арыз түсірген екен. Ал мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметі 30-дан астам қылмыстық іс қозғаған. Сондай даулы оқиғаның бірі «Шығыс-Қамқорлық» атты ұжымның басына түсіп тұр. Серіктестіктің төрт мүшесі бір жылда дүниеден озып, барлық қарыз көзі тірі екеудің мойнына мінген. Несие беруші «Ертіс» ӘКК барлық қарызды Сейтқазы Касенов пен Бауыржан Аубакировтан өндіріп алмақшы.

-2011 жылы жолдасым Бауыржан Аубакиров жұмыссыз болатын. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге алып, ауылда мал баққысы келді. Жұмыспен қамту орталығындағылар ол үшін несиелік серіктестікке өту керектігін айтыпты. Солайша, жолдасым, Ерлан Баирбеков құрған «Шығыс-Қамқорлық» атты несие серіктестігіне мүше болып кірген. Оған Ерлан Баирбеков пен менің жолдасымнан бөлек Сейтқазы Касенов, Сұлтанғазы Баирбеков және Светлана Короткова деген адамдар мүше болады. Әуелі бұлар үш күндік курстан өткен. Сол кезде ортақ жауапкершілік туралы кепіл шартына қол қойғызып алады. Онсыз ешқандай несие берілмейді деген уәж айтылған ғой. Арада бір ай өтпей жатып, Е.Баирбековтың атындағы шотқа 12 млн. теңге түседі. Бауыржан өзіне тиесілі үш миллион теңгені алу үшін серіктестік төрағасы Ерлан Баирбековке барса, кепілге қоятын мүліктің құжаты керектігін айтқан. Ондай мүлкі болмағандықтан жолдасым несиелік серіктестіктен шығып, 2012 жылдың 24 ақпанында өзінің 25 пайыздық үлесін Айгүл Баирбековаға өткізді. Оны растайтын нотариалды келісімшарт бар қолымызда, – дейді «борышкердің» жұбайы Динара Аубакирова. Аубакировтар бұл несие жайында ұмытып та кеткен екен. Алайда, 2015 жылы «Жұмыспен қамту» орталығындағылар төленбеген қарыз бар екенін айтып, сотқа шақырады.

-2012 жылы Ерлан, Сұлтанғазы, Айгүл Байырбековтар көлік апатынан көз жұмды. Кейін Светлана Короткова да қайтыс болады. Ұзын құлақтан оның өз-өзіне қол салғанын естідік. Нақты себебі белгісіз. Енді сол марқұмдардың қарызын Сейтқазы Касенов пен менің жолдасыма төлетпекші. Күйеуім 12 миллион теңгеден бір тиын да алған жоқ. Өйткені ақша үлестірілмей тұрып серіктестіктен шығып кеткен. «Ертіс» ӘКК күйеуімнің о баста ортақ жауапкершілік туралы кепіл шартына қол қойғанын алға тартып отыр. Ол қазір жедел жәрдем жүргізушісі. «Ертіс» ӘКК еңбекақысының 50 пайызын несиенің өтеуі ретінде ұстап отыр, – дейді жұбайы.

Екі жылға созылған дау

Екі жылға созылған даудың әділ шешімін табатын түрі жоқ. Ал жазықсыз борышкерлер қорғаушы жалдап-ақ шығынға шаш етектен батса керек.

– Бізге несие туралы суық хабар келген кезде екі сот отырысы өтіп кеткен екен. Үшінші отырысқа біз де қатысып, пайдамызға шешілді. Сот «Ертіс» ӘКК-нің Сейтқазы Касеновтан 13,1 млн. теңге өндіру талабын қанағаттандырып, Бауыржан Аубакировтан 17,4 млн. теңге өндіру талабын кері қайтарды. Ол туралы 2015 жылдың тоғызыншы қаңтарында Өскемен қалалық сотының № 2-13201/2015 шешімі бар. Кейін бұл шешімді облыстық сот теріске шығарып, бізді де «Ертіс» ӘКК алдында борышкер етіп тастады. Содан бері бірнеше сот өтті. Бәрінде алмаған несиені төлеуге мәжбүрлейтін шешім шықты,- дейді Д.Аубакирова.

Барар жер, басар тауы қалмаған соң бұлар «Нұр Отан» партиясы мен әкімдікке де жүгінген болатын. Облыс әкімі Даниал Ахметов экономикалық тергеу қызметіне бұл істің шұғыл қаралуын тапсырып, «Ертіс» ӘКК-не Бауыржан Аубакировтың еңбекақысына салынған бұғатты алғызды.
Ал Сейтқазы Касеновтың үйі әлі де «тұтқында».

-Өз үйімізде өзіміз қонақ сияқтымыз. Ешкімді тіркеуге қоя да алмаймыз, – дейді ол.

Осы серіктестікті құрып, оған төрағалық еткен Ерлан Баирбековтың артында екі баласы қалған. Үлкені кәмелеттік жасқа енді жетіпті. Осыны ескерген қорғаушылар марқұм несиеге алған техника мен мал-мүлікті соларға мұра ретінде рәсімдеп, несиені соның есебінен жабуды ұсынып отыр. Ерлан Байырбековтың атында 1990 жылғы «Т-40» және 2012 жылғы «Беларус МТЗ-82» маркалы тракторлар, «Газ-53» жүк көлігі мен «ВАЗ-21099» маркалы жеңіл автокөлік, Ұлан ауданы, Самсоновка ауылы, Солнечная, 56/2 мекенжайында орналасқан үй қалған.

«Ертіс» ӘКК барлық қарызды жабу үшін бұл мүліктерді сату жеткіліксіз деп отыр. Сондықтан С.Касенов пен Б.Аубакировтың мойнындағы қарыздың қыл арқаны әлі шіри қоймайтын тәрізді.

-Бұл мүліктердің болжамды құны төрт миллион теңге шамасында. Ал бізге мемлекеттің 13 миллион теңгесін қайтару қажет. Бауыржан Аубакировтың несие серіктестігінен шығып кеткені рас. Бірақ бұл оны әлеуметтік келісімшарт пен ортақ жауапкершілік туралы кепіл шартында жүктелген міндеттерден босатпайды. Сот осыны негізге ала отырып, біздің пайдамызға шешім шығарып отыр, – дейді «Ертіс» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Антон Крамаренко.

Бір қызығы, сот шешімі бойынша С.Касенов пен Б.Аубакиров та аталмыш борыштың толық сомасын төлеуге міндеттелген. Яғни, екеуінің мойнында 13 млн. теңгеден берешек бар. Оны бізге корпорация өкілі былай деп түсіндірді:

-Екі азамат та кепіл шартына қол қойғандықтан, несие серіктестігіне берілген қаржының толық қайтарылуына жауапты. 13 млн. теңге толық жабылмайынша екеуі де жауапкершіліктен босамайды. Кімнің қанша бөлігін қайтаратыны маңызды емес. Бізге несие толық көлемде қайтса болды, – дейді А.Крамаренко.
17 млн. теңгені жолдасым ешқашан төлеп біте алмайды. Қазір оны бұл дауға араластырудан да қорқамыз, – дейді Динара Аубакирова.

Корпорация өкілінің айтуынша, облыс бойынша қайтпаған қарызға қатысты жүзден астам сот шешімі шығарылыпты. Соның ішінде кепіл шарты мен әлеуметтік келісімшартқа қойылған қолдың өзіне тиесілі емес екенін дәлелдеп, жауапкершіліктен құтылғандары да бар көрінеді.

2011-2015 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша несиелік серіктестіктерге 13 млрд. теңгеден астам несие беріліпті. Қазір сол серіктестіктердің «Ертіс» ӘКК алдындағы борышы 3,7 млрд. теңгені құрап отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button