Тағзым

Оралханға арнаған сөзжұмбағын сыйға тартты

Мейрамтай Иманғали

Белгілі журналист, сөзжұмбақшы, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Қалибек Алтыбаевтың есімі облыс тұрғындарына кеңінен таныс. Жақында қазақтың танымал сөзжұмбақшысы Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қонақ болып, өзінің осыдан отыз жылға таяу уақыт бұрын Оралхан Бөкейдің 50 жылдық мерейтойына орай құрастырған сөзжұмбағын сыйға тартты.

         «Біз Оралхан екеуіміз – бір жылдың тумасымыз. Оралхан 1943 жылдың қыркүйегінде Алтайдың бауырында дүниеге келсе, мен сәуір айында Сауырда туыппын. Оралхан – қазаққа ғана емес, дүние жүзіне танылған жазушы. Оның шығармаларының барлығы өмірден алынған. Ол – таптаурын болған жолмен емес, әдебиеттегі қасат қарды бұзып, тыңнан түрен салған суреткер. Мен Оралханның барлық шығармаларын сүйіп оқыдым. Ол облыстық «Коммунизм туы» газетінде қызмет істеді. Сол кезден бастап байланысып тұрдық. Кейіннен Оралхан Алматыға қоныс аударды. Жазушымен кездесіп, жолығудың реті талай түскенімен, ыңғайы ешбір келмепті.

Сөйтіп, 1991 жылы  мен Алматыға барып, «Өнер» баспасына «Сан сұраққа саяхат» атты кітабымды басуға ұсындым. Кітапты өткізгеннен кейін бір жылдан соң, яғни 1992 жылы маған баспадан хабарласып, кітабымның жарыққа  шығатынын айтып, өзімнің келуімді өтінді. Содан мен Алматыдағы Оралханға хабарласып, оған өзімнің үлкен бір сыйлық жасағым келетінін айттым. Оралхан қуана келісті», – дейді Қалибек Алтыбаев өзінің жазушы туралы естелігінде.

Сөйтіп, Қалибек Қизатұлы Зайсан ауданындағы барлық кітапхананы аралап, Оралханның барлық кітаптарын жинап, оқып, жазушы шығармашылығына қатысты сөзжұмбақ дайындайды. Ортасына Орекеңнің суретін қояды.  1993 жылы  Алматыға барғанында сол сөзжұмбақты ала барады. Бірақ жазушымен кездесудің, жүздесудің сәті тағы да түспейді. Бұл кезде Оралхан Бөкей Үндістанға кеткен болатын…

Арада қаншама жыл өткенде Қалибек Алтыбаев Оралхан Бөкейдің 50 жылдығына арнап жасаған сөзжұмбағын кітапханаға тарту етті.

– Менің айтайын дегенім, қазақта жазушы көп қой. Бірақ Оралхан жалғыз. Жастарға Оралханның шығармаларын оқы,  жай оқымай, тереңіне сүңгіп оқы дер едім. Жазушының  рухы бізден алыстаған сайын, шығармалары бізге жақындай түседі, – деген сөзжұмбақшы, журналист Қалибек Алтыбаев келер жылы Оралханның 80 жылдық мерейтойы республика  көлемінде кеңінен аталып өтсе деген тілегін де жеткізді.

Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button