Денсаулық сақтау

Операциядан шыққан науқастар шауып жүр

Операциядан шыққан науқастар шауып жүр


Өскемендегі №1 қалалық аурухананың роботты хирургия және трансплантация орталығында Италиядан келген профессор Стефано Джидаро жергілікті дәрігерлермен бірге роботтық жүйенің көмегімен бірнеше операция жасағанын газетте бұған дейін жазғанбыз. Робот ота жасаған науқастар үш-төрт күнде аяқтарынан тік тұрып, сауығып кетті.

Облыста алғаш рет роботтың көмегімен ота жасалған науқас Алмагүл Ахмадиеваның өзі де медицина саласының қызметкері екен. Содан болар, сынақ түріндегі алғашқы операциядан аса қорқа қоймаған. Отаны сонау Италиядан арнайы шақыртылған доктор-хирург, профессор Стефано Джидароның өзі жасаған-ды.

Өскеменде тұратын 50 жастағы Алмагүлдің өтінде тас болғандықтан, оны сылып алып тастауға тура келіпті.

– Мен 25 наурызда ауруханаға қатты ауырып түскен едім, – деп есіне алады Алмагүл Ахмадиева. – Ал 27 наурызда маған ота жасап тастады. Қазір жағдайым жақсы. Үшінші күн дегенде емдеу мекемесінен үйге шыққалы жатырмын. Дәрігерлерге, осындай тамаша мүмкіндік туғызған облыс әкіміне алғысым шексіз.

Шемонайха ауданының 21 жастағы тұрғыны Екатерина Подкорытова операциядан соң екі тәулікке жетпей жүгіріп кеткен. Айтуына қарағанда, ота жасалған күні-ақ тұрып кетіпті.

Сол сияқты ұландық Тамара Журавлеваға гинекологиялық ота жасалыпты. Отыз бес жастағы Тамара да отадан кейін тез сауығып кеткеніне қуанышты. Өзіне таңдау түскенде, келіспес бұрын, алдымен интернеттен барлық мәліметті оқып, біліп алуға тырысқан. Өйткені ол бұрын ешқандай ота жасатып көрмеген екен. Алайда жаңа технологияның көмегімен жасалған операция сәтті өтіп, қысқа уақыт ішінде тез сауығып кетті.

– Операция жасатқан туыстарымның ұзақ уақыт бойы күтініп жүргендерін көретінмін. Содан менің де жағдайым солай болатын шығар деп ойлаған едім, бірақ қателесіппін. Екі күнде аяққа тұрып, шауып кеттім. Осындай жаңа қондырғымен ота жасатуға ниеттілер болса, қорықпауға кеңес берер дер едім, – дейді келіншек.

№1 қалалық аурухананың бас дәрігері Юрий Старокожев пациенттерді іріктеу кезеңінде міндетті түрде олардың келісімін алғандарын қоса айтты.
Профессор Стефано Джидаро болса, қазақстандық әріптестерінің қызметіне дән риза екенін жеткізді.

– Кез келген операция кезінде медбикелердің көмегінсіз, олардың біліктілігінсіз оң нәтиже шықпайды. Осы орайда бізге көмектескен мейірбикелердің еңбегін атап өтсем, – деді профессор. – Кеше өзім ота жасаған пациенттің дәлізде жүргенін, көңіл күйінің жақсы екенін көргенде, бәрі жақсы екенін түсіндім. Енді сіздердің дәрігерлер де өз беттерімен ота жасай береді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов жоғары технологиялық медициналық қызметке жататын роботтық техниканың көмегімен жасалған операция алғаш рет еліміздің Шығысында жүзеге асырылғанын мақтанышпен атап өтті. Операцияның бұл түрі кепілдендірілген тегін медициналық қызметтің тізіміне кіретін болғандықтан, науқастарға тегін жасалады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button