Қоғам

Науқаншылдыққа айналмауы керек

Науқаншылдыққа айналмауы керек

Науқаншылдыққа айналмауы керек

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Қазақпарат» агенттігі бас директорының кеңесшісі Махат Садық және саясаткер Ерлан Сайыровпен С.Аманжолов атындағыШығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алушы жас журналистер кездесті.

Жүздесуге негізінен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқау болды. Ал уысымызға оңайлықпен «түспейтін» алдыңғы буыннан аларымызды «алып» қалайық деген біз көкейкесті сұрақтарымызды ортаға тастадық.

Ерлан Сайыров айтады:

– Күніне бір уақыт кітап, газет парақтайтын, өміріне бір жаңалық енгізуге, жаңа дүние үйренуге тырысатын адамның деңгейі өзгелерден әлдеқайда жоғары болады. «Рухани жаңғыру» дегенде, Елбасымыз осыны меңзейді. Әркім өзін іштей дамытып отыруы керек. Тағы бір айтайын дегенім: мақалаға тиек болған ұлттық код турасында. Оның негізі Әбу Насыр әл Фараби бабамыз айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауында» жатыр. Сондықтан баланың бойына баба қасиетін сіңірмей, судыратып оқыта бергеннен пайда таппаймыз.

Дархан Қыдырәлі айтады:

– Бұл сүйекті мақала «Ел газеті Егеменде» жарық көрген соң, Америка мен Еуропа құрлығының алпауыт елдері өз тілдеріне аударып басты. Қазақстанға үңіліп отырған дүниежүзінің сарапшылары сол арқылы танысты. Оларды біздің латын қарпіне қашан көшетініміз қызықтырып отыр екен. Меніңше, латынға көшу деген – астана орнатқандай үлкен шаруа. Сондықтан санамызды сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртып жатқан бұл бағдарламаны жай ғана қолдамау керек, жұмыла жұмыс істеу керек. Тек құр айқайға, науқаншылдыққа айналдырып алмаған жөн.

«Өскеменнің бірқатар көшелеріндегі өткен ғасырда салынған ғимараттар мен үйлер бүгінде апатты хәлде тұр. Осы тарихи жәдігерлерді «Туған жерге – тағзым» акциясы арқылы қалпына келтіруге бола ма?» Бұл үшінші курс студенті Жадыра Мәжібаеваның сұрағы.

Махат Садықтың жауабы:

– Сіз атаған ғимараттар Санкт-Петербургтегі ғимараттардың кішкене көшірмесі. Олардың алтынмен апталған неше алуан түрі бар әлгі қалада. Тарихи ескерткішті қалпына келтіру турасында ойыңыз дұрыс. Бірақ бірінші кезекте оның қаншалықты тарихи мәні бар екенін ойластыруымыз керек.

«Болашақта интернет журналистика ақпарат айдынынан газетті ығыстырып шығарады» деген пікірмен келісесіз бе?» Біздің қойған сұрағымыз осындай болды.

Дархан Қыдырәлінің жауабы:

– Бүгінде интернет желісін қолданатын кез келген адам – «тілші». Қандай да бір оқиға орын алса, табан астында әлеуметтік желілерге жариялай қояды. Бірақ мұндай қоғам белсенділері түгілі, сайттардың өзінде қателік кетіп жатады. Сөздердің жазылуы – өзі бір бөлек мәселе. Ал газетте сан сүзгіден өткізетін бөлім басшылары мен корректорлар және редактор бар болғандықтан, оқырманға сауатты әрі қатесіз ақпарат жол тартады. Сол себепті газеттің ақпарат жолынан ығысатынына мен де, мынау халық та сенбейді.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев пен ардагер журналист Оңдасын Елубай сұхбат соңында жастарға бата беріп, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасына ептеп ұсыныс та айтып қалды.

– Күршімдегі көпір мәселесі өңірлік баспасөз беттерінде көтерілмей жүрген жоқ. Дегенмен, еліміздің бас газеті ретінде ел тілегіне сіздердің үн қосқандарыңыз тіптен салмақты болады ғой деп ойлаймыз. «Төреге пара бергенше, бара бер» дейді емес пе халық даналығы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button