Денсаулық сақтау

Мүгедектік кімдерге тағайындалады?

Мүгедектік кімдерге тағайындалады?


Өскемендік Альмараның үш жастағы ұлы Арнұрда өткен жылы қан ауруы анықталыпты. Бүлдіршіннің мұрнынан қан тоқтамайтын кездері болады. Бұл дерт тұқым қуалайды десе де, анасы туыстары арасында осындай науқасқа шалдыққандар жоқ деп отыр. Дәрігерлер тұмаудан кейінгі асқынулардан болуы ықтимал деген де болжам айтады. «Емдеуші дәрігерімізбен кеңес алуға келдік. Егер мүгедектік берсе, тегін дәрі-дәрмек алуға, стационарға жатқызуға мүмкіндік алар едік», – дейді Альмара.

Туғанынан мүмкіндігі шектеулі жандардан басқа, денсаулығына бертін нұқсан келіп, соның кесірінен еңбекке жарамсыз болып қалатындар аз емес. Кәсіпорындардағы ауыр жұмыстың салдарынан да мүгедектікке шалдығатындар болады. Мемлекет қандай кезде азаматтарды еңбекке жарамсыз деп танып, мүгедектік тобын береді ? Осы жайтты анықтау мақсатында біз Шығыс Қазақстан облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментіне қарайтын, мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілейтін медициналық-әлеуметтік сараптамаға барған едік.

Өзіне-өзі қызмет ете алатын жан мүгедек деп саналмайды

Балалардың мүгедектігі де осы жерде анықталады екен. Сараптама комиссиясы келушілерді аудан-аудан бойынша бірнеше бөлмеде қабылдайды. Кезектебірнеше адам отыр. Облыс орталығының тұрғыны Вера Ивановнаның айтуынша, гинекологиялық дертіне байланысты былтыр екінші топтағы мүгедектік берілген. Құлантаза оңалып кете алмағандықтан, биыл мүгедектігін растауға қайта келіпті.

-Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің 2015 жылғы бұйрығы бойынша, науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына іріктеумен және жолдаумен жергілікті медициналық ұйымның емдеуші дәрігерлер айналысады. Егер дәрігер пациентті комиссияға жолдау қажет пе, жоқ падеп қиналатын болса, біз емдеу мекемелерінің дәрігерлеріне кеңестік көмек те бере аламыз, – дейді департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Құралай Ибраева.

Құралай Муффлинқызының сөзіне қарағанда, науқас комиссияға емдеуші дәрігері толтырған 088/у үлгідегі жолдамамен келеді. Сараптама комиссиясының эксперттері ұсынылған құжаттарға қарап, науқастың денсаулық жағдайының бұзылу дәрежесін таразылайды. Содан кейін ғана барып сараптамалық клиникалық шешім қабылданады.

– Мына ауруды бірінші топтағы мүгедектікке, ана дертті екінші топқа жатқызу керек деген тізім болмайды. Бізде ағзаның қызметінің бұзылуы бойынша үлкен әдістеме жасалған. Онда адамның жүріп-тұруынан бастап, өзіне-өзі қызмет ете алатынына дейінгі жеті санатта төрт дәреже бойынша талданып жазылған. Науқастың денсаулығы осы санаттармен сарапталады. Ал балаларға қатысты дерттердің тізімі бар, бірақ олар топқа бөлінбейді, барлығына бірдей бала кезден мүгедек деген статус беріледі, – деп жалғастырды департамент басшысының орынбасары.

Мүгедектік кімдерге тағайындалады?

Бір сөзбен айтқанда, егер азамат мазалаған дертіне қарамастан өзіне-өзі қызмет көрсетуге жараса, шамалы қозғала алса, жұмыс істеуге, оқуға шамасы келсе, ол мүгедек болып саналмайды. Сонымен қатар, төсек тартып жатып қалған адам емделуден кейін тәуір болса, оған да мүгедектік берілмейді. Егер мүгедектігі болса, алып тастайды. Өткен жылы облыстық қоғамдық кеңестің отырысында кейбір мүгедектердің жәрдемақыдан қағылып қалмас үшін емделуден бас тартатындары сөз болған еді. Тізесі мен жамбас сүйектеріне протез қойған науқастардың жүріп-тұруға, өзіне қызмет көрсетуге қауқары жетіп тұрғандықтан, оларға да мүгедектік берілмейді. Тіпті қол немесе аяғы жоқтардың өздері сараптама комиссиясынан жылда өтуге мәжбүр. Неге?

-Бұл – ең көп қойылатын сұрақтардың бірі. Бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектік өмір бойғыға тағайындалатын анатомиялық кемістіктердің тізімі бекітілген, – деп түсіндірді Құралай Муффлинқызы. – Мысалы, бір аяғы болмаса, өмір бойы үшінші топ беріледі. Алайда неге біз алғашында мүгедектікті бір жылға ғана тағайындаймыз? Жарақат алған немесе апатқа түсіп, аяғын зақымдаған адамға алдымен ота жасалады, мүмкін кесіп тастайды. Ол науқас бір жыл бойы өзінің жаңа жағдайына бейімделуі тиіс. Одан кейін травматолог дәрігер науқас протезбен жүре ала ма, жоқ па, соны байқайды. Мүмкін протез киетін де жағдайы болмайды. Осылардың барлығы ескеріліп барып, мүгедектік тағайындалады. Біздің заңнамаға сәйкес, егер екі аяғы да протез киюге жарамаса, мерзімсіз бірінші топтағы мүгедекке жатады. Ал егер протез салуға жараса, екінші топ тағайындайды.

Әр топтағы мүгедектікті өмір бойғыға тағайындаумерзімі де бекітілген. Бірінші топты кемінде төрт жыл немесе одан да артық уақыт бақылайды. Екінші топты кемінде бес жыл, үшінші топты алты жыл көлемінде жыл сайын ұзартып барып, денсаулығы түзелмеген күнде ғана науқасты мерзімсіз мүгедектікке шығарады. Жалпы, мерзімсіз мүгедектік адамның ағзасында енді жазылуға келмейтін тұрақты өзгеріс орын алғанда ғана беріледі.

Даулы жағдайлар сотта қаралады

Әрине, науқастардың арасында өзіне тағайындалған мүгедектік тобымен келіспейтіндер де кездеседі. Олар денсаулығына келген нұқсанның кесірінен жұмыс істей алмайтындарын айтып, шағынады. Мұндай даулы жағдайда пациент медициналық-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөліміне бір айдың ішінде арыздана алады.

-Біздің эксперттердің науқасты кеңірек тексеруге жолдауға құқылары жоқ, олар қолдағы медициналық құжаттарға, зерттеулерге сүйеніп, шешім шығаратынын жоғарыда айттым. Бірақ әдіснама және бақылау бөлімі жолдай алады. Мысалы, дерттің картинасын толық жасау үшін, бәлкім, аяқтардың тамырларының УДЗ жасату керек, не болмаса ангиологтың қорытындысы жетіспей тұр делік. Ондай жағдайда әдіснама және бақылау бөлімі қосымша тексерілуге өзі жолдама береді. Кейде науқастардың айтқаны дұрыс болып шығатыны да кездеседі. Бұл, ең алдымен, жергілікті емдеуші дәрігердің жіберген кемшілігінен болады, – деді Құралай Ибраева.

Осындай олқылықтар кездеспес үшін,дәрігерлермен, емдеу мекемесінің дәрігерлік-кеңестік комиссиясының мүшелерімен үнемі семинарлар жүргізіліп отырады.

Мүгедектік тағайындау мемлекеттік қызметтің түріне жататындықтан, мүгедектіктің қаншалықты негізді/ негізсіз берілгенін бақылаушы органдар мен прокуратура үнемі өз назарында ұстайды. Барлық жерде бейнебақылау орнатылған, компьютердің бағдарламасын жұмыс уақытынан тыс мезгілде қосуға болмайды, ол да қатаң бақылауда. Егер құжаттардың негізсіз толтырылғаны анықталса, он күннің ішінде қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне жолданады. Дәрігерлердің кінәсі дәлелденіп жатса, оларға көлемді айыппұлдар салынады. Ал әдіснама және бақылау бөлімінің шығарған шешімін тек сот үкімі ғана өзгерте алады екен. Құралай Ибраева өзі жұмыс істеген он екі жылда науқастардың шағымы бойынша өткен бірде-бір сотта жеңіліп көрмегендерін айтады.

Медициналық-әлеуметтік сараптамада барлығы 43 эксперт бар. Олардың барлығы жоғары медициналық білімді. Бөлімдер негізінен облыс орталығы мен Семейде шоғырланған. Аудандардың тұрғындарына осы екі қалада қызмет көрсетіледі. Тасымалдауға жарамайтындар мен өз бетімен жүре алмайтындарға тұрғылықты жеріне барып қызмет көрсетіледі. Эксперттердің бірі – Ғалия Сабырбаева бұл қызметте 2012 жылдан істеп келеді.

–Күніне сегіз, кейде он адамнан артық қабылдаймыз. Әрине, бұл жерге дені сау адамдар келмейді. Сол себепті кейбіреуінің көңіл-хошы болмайды, енді біреуі кезектен жалығады, – дейді эксперт дәрігер. – Құжат толтыруда, облыстық дәрігерлердің кеңесін алуда кемшіліктер кетіп жатады. Талма ауруы барлардың ұстамасы ұстап қалатыны бар. Ондай кезде жедел жәрдем шақырамыз. Менің тәжірибемде бір кәсіпорында істейтін жігіттің біздің шешіммен келіспеген жағдай болды. Алайда сотта біз жеңіп шықтық.

Эксперт Ринат Амирхановтың қызметке келгеніне үш-ақ ай болыпты. Айтысына қарағанда, Семей медициналық университетін тәмамдағаннан кейін, екі жыл Алматы қаласында әскери санитарлық қызмет атқарған. Лауазымды орынға жарияланған конкурстан сүрінбей өткен.

– Мен үшін қызықты, үйреніп жатырмын. Бізге келетін науқастармен сөйлесе білу керек, олардың психикалық жағдайы өзгешелеу екенін ескерген жөн, – дейді Ринат Амирханов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button