Қоғам

Мемлекеттік қызметтер қолжетімді бола түседі

Мемлекеттік қызметтер қолжетімді бола түседі


Тұрғындар арасында электронды үкіметтік қызметтерді ұсынуды барынша оңтайландыру және қоғам санасын жаңғырту мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Пушкин атындағы облыстық кітапханамен бірлесе отырып «Электрондық азамат» мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін өткізді.

Жәрмеңкенің ресми ашылуында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова, облыс әкімі аппараты мемлекеттік қызметтерді бақылау бөлімінің басшысы Марина Гагарина мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың мүмкіндіктері мен тиімділіктеріне тоқталды.

Жарты күнге созылған жәрмеңкенің негізгі міндеті – электронды мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын іздестіру, мемлекеттік қызметті кітапханалар арқылы алуды насихаттау, мемлекеттiк қызметтi электронды түрде алу бойынша практикалық көмек көрсету болды. Сонымен бірге жоғарыда аталған облыстық кітапхананың ауылдық кітапханалар арқылы электронды мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәжірибесі де ортаға салынды.

– Бүгінгі шараның алға қойып отырған басты мақсаты – тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет ұсыну. Жасыратыны жоқ, облыстың шалғай ауылдарында мемлекеттік қызмет әлі де қолжетімді емес. Осыны ескере келе, облыстық кітапханамен, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасымен бірлесіп, осы жобаны қолға алдық. Облыс бойынша барлығы 308 кітапхана болса, олардың бәрі компьютермен, интернетпен жабдықталған. Сол себепті енді жергілікті тұрғындар кітапханаға келіп, өзіне қажетті мемлекеттік қызметті ала алмақ. Алдымен жобаны аудан орталығы, кенттер секілді ірі елді мекендерден бастаймыз, одан соң ауылдарға түсеміз. Сондықтан өңір бойынша бұл жұмысты жандандыру үшін жәрмеңкеге қалалар мен аудандар әкімдері аппаратының жетекшілері, аудандық мәдениет бөлімдері басшылары түгелдей қатысып отыр. Аталған тәжірибе Еуропа елдерінде, Балтық жағалауы мемлекеттерінде кең тараған. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ, – дейді Қайрат Сапарғалиев.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, биыл түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, келер жылдан бастап нақты іске асырыла бастамақ. Бұл қызметтерді алу үшін әр азамат электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) алса жеткілікті. Ал оны алу үшін ХҚКО-ға жеке төлқұжатыңызбен барып, не бәрі бес минуттай ғана уақыт жұмсайсыз. Мұнымен бірге жобаға қатысу арқылы ауылдағы тұрғындар өздерінің компьютерлік сауаттылығын да жетілдіре алады.

Жәрмеңке күні облыстық кітапханада жекелеген тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, онда мемлекеттік мекемелердің өкілдері және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) қала тұрғындары мен қонақтарына тақырыпқа сай қызмет көрсетіп, бірқатар жобалардың тұсаукесерін өткізді. Мысалы, ЭЦҚ бар әр азамат өз ұялы телефонының нөмірін енгізіп, теру арқылы да мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алатыны айтылды.

Мәселен, мұнда көпшіліктің көкейінде жүрген баланы балабақшаға ұялы телефонның көмегімен кезекке қалай тұрғызуға болады, некеге тұруға электронды түрде өтінішті қалай береді, баспана салу үшін қажетті құжаттарды қалай дайындау қажет, жеке тұрғын үй құрылысы және жер учаскелерін қалай орналастыру керек деген секілді сауалдарға денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, жер қатынастары және архитектура, көші-қон, әлеуметтік қатынастар, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мамандар кәсіби түрде тегін кеңестер берді. Бұл күні әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары бөлімдері мамандарына кезекке тұрған тұрғындар көп болды.

Жәрмеңкені ұйымдастырушылар маңызды және қажетті ақпарат алғысы, электронды мемлекеттік қызметтер саласында білімін кеңейткісі келетін және электронды үкімет жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға жәрдемдесуді көздейтін барлық адамдарды бұл істе белсенді болып, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуге шақырды.

Сонымен бірге аталған жобаны жүзеге асыруды республикада біздің өңір алғашқы болып қолға алғанын атап өткен орынды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button