Қоғам

Мектептер дайын, оқулықтар жеткілікті

Мектептер дайын, оқулықтар жеткілікті


Жаңа оқу жылына әзірлік қандай? Биыл өңірімізде қанша бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды? Оқулық мәселесі қалай шешімін табуда? Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров журналистермен кездесіп, білім саласындағы осы және тағы басқа мәселелер туралы әңгімелеп берді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Н.Әбжапаров өңір мектептерінің 80 пайызы жаңа оқу жылына әзір екенін жеткізді. Жаңа оқу жылына дайын деген актіні облыстағы 663 мектептің 507-cі алып үлгерген. Мектептерді жаңа оқу жылына қабылдау бойынша комиссияның жұмысы әлі жалғасуда. Жалпы, алдағы 2017-2018 жаңа оқу жылы өңіріміздегі 663 мектепте 184 600 оқушы білім алады. Бірінші сынып табалдырығын 21 мың бүлдіршін аттайды деп күтілуде. 1 қыркүйекте облысымызда үш бірдей жаңа мектеп пен бір балабақша ашылмақ. Биылғы жаңа оқу жылының басты жаңалығы ретінде 2, 5, 7 сыныптардың жаңартылған білім мазмұнына көшуін айтуға болады. Осыған байланысты жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 5 373 мұғалім өткізілген. Жыл соңына дейін тағы да 4000 педагог арнайы курстан өтіп, білімін шыңдауы тиіс.

Брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Н.Әбжапаров өңір мектептерінде барлығы 23 531 педагог жұмыс істейтінін тілге тиек ете келіп, 294 мұғалім жетіспейтінін де баса айтты. Олардың 78-і ағылшын, 35-і математика, алтауы физика пәнінің мұғалімдері. Биыл облыстағы білім мекемелеріне 800-ден астам мұғалім мамандарын қабылдау көзделіп отырған көрінеді.

Облыстық білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықпен қамтуда ешқандай мәселе болмайтынына журналистерді сендірді. Оқу әдебиеттерін сатып алуға және мектеп кітапханаларын толықтыруға 2017 жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд. 762 млн. теңге қаржы бөлініпті. Бүгінгі таңда барлығы 791 361 дана оқу әдебиеті сатып алынған. Оның ішінде 2, 5, 7 сынып оқушыларына арналған жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтарға 1 млрд. 667 млн. теңге бөлінген екен. Н.Әбжапаровтың айтуынша, тамыздың 25-іне дейін оқулықтардың барлығы өңір мектептеріне жеткізіліп те қояды.

Облыстың білім басқармасы басшысының айтуынша, өңірде 5601 бала 384 мектебі жоқ елді мекенде тұрса, олардың 4338-і мектепке автобуспен қатынайды. Оқушыларды тасымалдайтын 193 мектеп автобусы бар. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 537 млн. теңгеге 20 автобус сатып алынған. Сондай-ақ, Өскемендегі «Ақниет» интернатындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдайтын автобус және мүгедектерге арналған арбалар алу үшін тағы да 51 миллион теңге бөлінген.

Брифинг соңында басқарма басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button