Денсаулық сақтау

Мектептегі тамақтандыруға көңіліңіз тола ма?

Мектептегі тамақтандыруға көңіліңіз тола ма?


Еліміздегі он төрт жасқа дейінгі әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасындағы артық салмақтың он пайызы ағзадағы гармондардың бұзылуынан болса, тоқсан пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан. Осыдан барып гастрит, жүрек-қан тамыры аурулары жылдан-жылға «жасарып» келеді. Балалардың мектеп асханасындағы тамақ рационы, ас мәзірінің калориясы, тағамдардың сапасы құзырлы органдар тарапынан қаншалықты қадағаланып отыр? Кейбір білім ошақтарында мектеп асханасын жалға алушы кәсіпкерлер пицца, сосиска, лимонад сияқты өздеріне сатуға тиімді тағамдарды ұсынып отырған жоқ па?

Аасханадағы тағамдар стандартқа сай ма?

Мектепте ыстық тамақтың міндетті түрде берілу қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Оқушылар мектепте бес-алты сағаттан, одан бөлек, үйірме, секцияларға қатысуға қалатын болса, одан да көп уақыт болады. Мектептегі дұрыс ұйымдастырылған тамақтану оқушының үлгерімі мен жұмыс қабілетінің артуына жәрдемдесіп, тамақтану режимін сақтау әдетіне ықпал етеді. Балалар мен жасөспірімді дұрыс тамақтандыру олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, сабақ үлгерімін арттырады. Егер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, тиімсіз, яғни жеткіліксіз болса, организмде метаболизм, зат алмасу бұзылып, оның айналадағы ортаның зиянды әсеріне және әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейді.

Бүгінде өңір мектептеріндегі бастауыш сынып оқушыларын бір реттік тамақтандыру құны 170-350 теңге аралығында. Мәселен, 170 теңгеге пирожки мен шай берілсе, 250 теңгеге ботқа мен шай. Ал 350 теңгеге ет қосылған ыстық тамақ берілуі тиіс. Дегенмен, ата-аналардың айтуынша, қаладағы кейбір мектептерде пицца, котлет орнына кей күндері сосиска сияқты бала ағзасына зиянды, тез даярланатын тағамдар, ал шай мен компот орнына газдалған сусын-лимонад беріледі.

Жалпы, стандарт бойынша, бір реттік тамақтандыру барысында тағамның калориясы есептеліп, ас мәзірінде ет тағамдары, аптасына бір рет балық, құс еті, сүт өнімі, көкөніс салаты болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, мектеп асханасындағы тамақтың сапасын тексеру үшін құзырлы органдар бір ай бұрын ескертіп баруы тиіс екен. Ал тексеріс келетін күн ескертілген соң, кемшіліктер уақытша жөнделетіні айдан анық. Мұндай тексеріс жарты жылда бір, яғни, жылына екі рет жүргізіледі. Алдын ала ескертілген бұл тексеріс барысында жалдаушы кәсіпкерлердің сақадай сай отыратындығы түсінікті. Сондықтан балаларды тамақтандырудың жалпы стандартын қатаң бақылау негізінен мектеп әкімшілігінің құзырында.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмәділованың айтуынша, мектеп асханаларындағы тамақтардың сапасын қадағалау мақсатында Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Т. Балықбаевтың 2015 жылғы 31 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру» Ережесіне сәйкес, қызмет көрсетуші кәсіпкер ай сайын оқушылар үшін қолданылған тамақ өнімдері туралы мәліметті тамақтың сапасы меп қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды қоса ұсына отырып, орта білім беру ұйымының басшысына көрсетеді. Аталған Ереженің 77-тармағына сәйкес, медициналық қызметкер санитарлық ереженің бекітілген үлгісі бойынша күнделікті дайын тағамдарға органолептикалық бағалау жүргізеді. Сондай-ақ, осы құжаттың 80-тармағының негізінде білім беру ұйымдарында құрылған комиссия тамақтандыру сапасына мониторинг жасайды.

-Комиссия құрамы ата-аналар қауымдастығының өкілінен, мектеп әкімшілігінен, медициналық кызметкерден және тағы басқа тұлғалардан тұрады. Комиссия жұмысының қорытындысы тоқсан сайын ақпарат ретінде әзірленіп, білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде қаралады. Қалалық және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы да мектеп асханаларына жұмыс жоспарларына сәйкес тексеріс жүргізеді. Мектеп асханасындағы тамақтың сапасы білім беру ұйымы әкімшілігінің күнделікті бақылауында,-дейді Сайрангүл Жұмәділова.

Мектеп асханасын жалдаушы кәсіпкер Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру» Ережесіне сәйкес конкурстық негізде таңдап алынады. Білім басқармасының мектеп асханаларындағы тамақтандыру жағдайымен
танысуы жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіледі.

Мектеп басшыларының назарына!
Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымеи бекітілген «Білім беру нысандарына қойылатын
санитарлық -эпидемиологиялық талаптар» санитарлық Ережесінің 119-тармағына сәйкес, мектеп асханасында оқушылардың денсаулығына зиянды газдалған сусындар, пицца, сосиска сияқты арзан әрі сапасы төмен тағамдарды беруге рұқсат етілмейді.

Мектептегі тамақтандыруға көңіліңіз тола ма?

Тегін тамақпен қамтылған

Облыс бойынша биылғы қаңтардағы мәліметке сәйкес аз қамтылған отбасынан шыққан 27 820 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Ел Үкіметінің «Әлеуметтік жағынан қорғалмаған және күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау Ережесін бекіту туралы» № 64 қаулысына сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі өмір сүру деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тұратын жетім, асыраушысы жоқ балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар, білім беру ұйымдарын басқарудың алқалық органдары айқындайтын өзге де санаттағы балалар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Ол үшін мектепке баланың қажетті құжаттарын тапсыру қажет.

Талаптар сақталмаған жағдайда келісімшарт бұзылады

Мектеп асханасындағы тамақтану бағасын қызметті ұсынушы белгілеп, сатылымда бекітіп, арнайы тақтада көрнекті жерде іледі. Тегін тамақтану бағасы оқушыларды бір мәрте тамақтандыру нормаларымен келісе отырып, қалалық және аудандық мәслихат сессиясында бекітіледі.

Қалалық және аудандық білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша, мектеп асханаларында оқушылардың тамақтан улану фактілері тіркелмеген. Асхана талаптары сақталмаған жағдайда асхананы жалдаушы кәсіпкер мен білім беру ұйымы басшысы арасындағы келісімшарт бұзылады.

Мектеп асханасына көңілі толмаған ата-аналар мектеп басшысына шағымдана алады. Болмаған жағдайда қалалық және аудандық білім бөлімдеріне немесе басқа да құзырлы органдарға шағымдануға құқылы.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик:

Мектептегі тамақтандыруға көңіліңіз тола ма?

– Өсіп келе жатқан баланың тамақ мәзірінде тепе-теңдік сақталуы тиіс. Тамақтың көлеміне ғана емес, оның сапасына аса мән берген жөн. Ас мәзірі әртүрлі көкөніс, ет, сүт, балық сияқты сіңімді әрі бала денсаулығына пайдалы тағамдардан құралуы керек. Балаларды тамақтандырудың жалпы стандартын қатаң бақылау мектеп әкімшілігінің мойнында.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button