Білім

Мектептің құлауын күтіп отыр ма?

Төбесінен құм саулап, қабырғалары қисайып тұр. Шіріген еденнің иісі баттастыра жағылып жатқан бояуға да бой берер емес. Есіктер жабылмайды. Тіреу қойылған төбе опырылып құлауға шақ қалған. Ежелгі балықшы ауылы Жолнұсқау мектебінің бүгінгі ахуалы осындай. Әлдеқашан апаттық жағдайдағы білім ордасы деп анықталып, шешімі шығарылған бұл мектепке он күннен соң 51 бала білім алуға барғалы отыр. Бала отырғызбақ түгілі, мал қамауға қауіпті бұл жерде оқушыларқалай, қайтіп оқымақ?
Ауылдың беткеұстар деген жалғыз ғимаратының мүшкіл күйін көріп өзіміз жыларман болдық. Жолнұсқауға 50 бала оқитындай шағын бір мектеп салуға қаражат таппай, құлық танытпай отырғандардың қылығына қайран қалдық. Бұл ауылдың балаларына заманауи технология, заманға сай кең сарай ғимарат емес, қарапайым ғана қауіпсіз мектеп керек. Мектептің апаттық жағдайын көріп тұрып, асыр салып жүгіріп, спортпен айналыспақ түгілі, жәй жүріп өтудің өзі қиын, тар дәліз бен тар бөлмелер туралы, спорт залдың жоқтығы туралы әңгіме айтудың өзі артық бұл жерде.

МЕКТЕПТІҢ ҚҰЛАУЫН КҮТІП ОТЫР МА?

Спорт залдың жоқтығынан оқушылар денешынықтыру сабақтарын доп ойнап, жүгіріп, секіріп емес, партада отырып өткізеді екен. Екі күннің бірінде жел соғып тұратын жағалаудағы ауылда балалардың сыртта спортпен айналысуына үнемі мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан олар құлағалы тұрған мектептің бөлмесінде үндемей отыруға мәжбүр.
Ауыл қариясы Дәлелхан Сәкенов Жолнұсқау негізгі орта мектебі оқушыларының апаттық жағдайдағы мектепте оқып жатқаны бір емес, бірнеше жылдан бері облыстағы, аудандағы басшы-қосшылардың қаперіне кіріп-шықпай отырғанын қынжыла айтты.
Мектепке жылдағыдай биыл да ағымдық жөндеу жүргізіліп, сырты әктеліп, іші боялып, сырланып, жамап-жасқалып жатыр. Жаңбырда жалп-жалп түсетін төбе сылағы, күн сайын қақ айрылып жатқан қабырғалар жыл сайын жөндеуге бірнеше жүз мыңдап бөлінетін ол қаражаттың бәрін де желге ұшырып жатыр. Биыл да мектепті ағымдық жөндеуге 300 мың теңге бөлініпті.Сынып бөлмелерінің есіктері жабылмай ашық тұр, жерге шөгіп кеткен қабырғалар есікті де қисайтып, қақыратып еденмен бірге майыстырып жіберіпті.
Жолнұсқау мектебін1970 жылы ауыл балықшылары өз қолдарымен салған екен. Іргетасын ілдемелеп тас қалап тұрғызыпты. Саманнан салынған мектеп 1971 жылдан бері пайдаланылып келеді.
-Өзіміз сыртынан әшекейлеп іргетастың нобайын жасап қойғанымыз болмаса, мектептің іргетасы мүлде жоқ. Жылдан-жылға отырып келеді. Осыдан 20-25 жыл бұрын тозып, жөндеуге жарамсыз болып қалған мектепті 2014 жылы Өскеменнен комиссия келіп тексеріп, апатты жағдайда деген шешім шығарды. Жолнұсқауға мектеп салуға жобалық-сметалық құжат бір емес, екі рет жасалынғанымен, экономикалық жағынан негізсіз делініп, мектеп салуға қарастырылған қаражат көлемі көп делініп, ауданда жасалған жоба облыстан өтпей қалып, мектеп сол күйі салынбай қалды. Мектепте төрт сынып бөлмесі бар, оқушылар екі ауысымда оқып жатыр. Биылғы жаңа оқу жылын да шарасыздан осы құлағалы тұрған мектептен бастағалы отырмыз, -дейді мектептің жағдайы балалардың денсаулығына зиянын тигізіп, өміріне қауіп төндіріп отырғанын айтқан Жолнұқсау негізгі орта мектебінің директоры Болат Игибаев.
Өткен жылы апаттық жағдайдағы мектепті жауып, Жолнұсқау тұрғындарының балалары жақын жердегі ауылға апарып оқытылсын деген де сөз шыққан екен. Жақын жердегі ауыл Ақсуатқа дейін 20 шақырым. Сол Ақсуатқа апаратын күре жолға дейін жол жоқ. Күре жолға жеткізетін 19шақырым жолмен жазда ғана жүруге болады. Күзде, көктемде сары балшығы шыққан жолмен көлікті қойып, атпен жүру мүмкін болмай қалады. Қыста ауыл жұрты тәуекелге барып, округ орталығы – Ақсуатқа мұздың үстімен қатынайтын көрінеді. Аудан басшылары Жолнұсқаудан күре жолға дейінгі аралыққа қиыршық тас төгіп, тегістеп, қалпына келтіреміз деп уәде еткеніне де талай жылдың жүзі болған. 60 отбасы мекен етіп отырған балықшылар ауылының мәдениет үйі де «мәдениет үйі» деп айтуға келмейтін күйде тұр.
Жолнұсқауға 50 бала оқитындай шағын мектеп салуға қаражат табылмай отыр дегенге кім сенеді? Мектеп басшысы айтқандай мектеп құрылысы жобасының шығыны көп болса ол жобаны қайтадан жасап, жүзеге асыруға осы уақытқа дейін не кедергі болып отыр? Мәселе салғырттықтың салдарында болып тұрғаны көрініп тұр.Бұл- құрылыс, бюджет, білім саласындағылардың шалағай шаруаларының жемісі.
Мектеп салуға бюджеттік тапсырыс берілгенімен, жобасы жасалынғанымен, облыстан мақұлданған жоқ деген Күршім аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Жақсыбаев апаттық жағдайдағы Жолнұсқау негізгі орта мектебінің бақылауда ұсталынып тұрғанын жеткізді. Қалай бақылап отыр?
Сауалға жауап қайтарудан жалтаратын, өз міндеттерін ұғынып, орындай алмайтын, жауапкершіліктен қашатын шенеуніктер алда-жалда төбе опырылып түсіп, қабырға құлап, біреу мерт болғанда барып қимылдайтын шығар.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button