Қоғам

Мектеп жиһазын өзіміз де жасай аламыз

Мектеп жиһазын өзіміз де жасай аламыз


Кеше облыс орталығында мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерге арнап жиһаз өнімін шығаратын кәсіпорындардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге облысымыздың және Павлодар мен Алматы қалаларының кәсіпкерлері және облыс орталығындағы мектептер мен балабақшалардың басшылары қатысты.
Көрмеге арнайы келген аймақ басшысы Даниал Ахметов жергілікті тауар өндірушілерді тапсырыспен қамту керектігін баса айтты.

– Былтыр жергілікті жиһаз өндірушілер 2,5 миллиард теңгенің, осы жылдың 8 айында 1,1 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Көрменің көздегені – жиһаз шығарушылардың мүмкіндігін көрсету, – деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков.

Көрмеге өз өнімін алып келген өскемендік кәсіпкер Қаныбек Пазилбеков осы іспен 2011 жылдан бері айналысып келеді екен. Қарамағында 4-5 адам еңбек етеді. Шағын ғана топ корпустық жиһаз жасаумен шұғылданады. Өткен жылы олар 12 миллион теңгенің өнімін шығарыпты. Өнімдерінің сапасы өзгелерден артық болмаса, еш кем емес. Оны көрмені аралаған аймақ басшысы да атап көрсетті. Былтыр Қаныбек Үржар ауданы, Бақты ауылында салынған жаңа мектепті жиһазбен толық қамтып шығыпты. Әзірге, өнімдеріне ешбір сын-ескертпе түспеген.

– Бұл көрмені ұйымдастырып отырғандағы басты мақсатымыз – жергілікті кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау. Айталық, облыстағы баспана салу саласында отандық үлес қазір 94-98 пайызға жетіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Биыл облыста 7 мектеп салынады. Оларға жаңа әрі сапалы жиһаз керек. Оны шетелден не болмаса өзге өңірлерден тасудың қажеті шамалы. Міне, өзіміздің облыстан шыққан кәсіпкерлер заманауи және талапқа сай өнімдер шығарып отыр. Тапсырысты алғашқы кезекте жерлестеріміз алу керек, – деді осы ретте облыс әкімі.

Облыстың барлық мектептері өңірімізде шығарылатын жиһазбен қамтылуы тиіс. Бұдан соң медицина мекемелері де жергілікті жиһаз өнімдерімен жабдықталады. Осындай көрмелер – қазақстандық үлесті арттыру бағытында жасалған кезекті қадам. «Даму» қоры арқылы жергілікті тауарөндірушілер 8 жылға арналған 8,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады.Бұл – шығысқазақстандық кәсіпкерлерді қолдаудың бір шарасы.

Сонымен қатар, өз ісін кеңейтіп, шикізат қорынан тапшылық сезініп отырғандарға облыс аумағындағы ормандардан ағаш кесуге лицензия да берілмек.
Көрмеге шақырылған мектептер мен балабақшалар басшылары жергілікті өнімнің сапасына көз жеткізіп, олармен тығыз байланыс орнатуға ниет білдірді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button