Денсаулық сақтау

Медициналық жабдық алуға, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді

Медициналық жабдық алуға, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді

Аймақтың медицина саласын жабдықтауға, 48 білім ошағына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, өңір спортын, сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХI сессиясында айтылды.

Бұл жолғы сессияда «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 8/75-VI шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралып, ол жөнінде баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев қайта бөлінген қаражаттардың қай салаларды дамытуға бағытталғанын тарқатып айтып берді.

– Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша медициналық жабдықтарды алуға 4 миллиард теңге қаралса, білім басқармасы бойынша 1 635,8 млн. теңге бөлінді. Оның 1434,8 млн. теңгесі аймақтағы 48 мектепті жөндеуге, 201,0 млн. теңгесі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне біздің оқушылардың қатысуына берілді. Бұдан бөлек облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына 372,7 млн. теңге бағытталды. Бұл қаржы Зырян қаласының қазандығын жаңғыртуға, Өскемен, Риддер қалаларын және Тарбағатай ауданын абаттандыруға, «Өркен-ЖМК» индустриялық аймағының инфрақұрылымы құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жұмсалады, – деді басқарма басшысы Алмасхан Сматлаев.

Сондай-ақ, өңірдің спорт саласы нысандарын жөндеуден өткізіп, қажетті жабдықтармен қамтуға, Зырян, Тарбағатай аудандарының, Риддер қаласының жолдарын және басқа да нысандарды жөндеуге қаржы қарастырылып отыр.

Депутаттар облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап тиісті шешім қабылданды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button