Денсаулық сақтау

Медициналық стандарттарға сай болады

Медициналық стандарттарға сай болады


Медицинаны дамыту, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын нығайту, саланы цифрландыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осыған орай облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі бірқатар медицина мекемелерінде болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановқа және емханалардың бас дәрігерлеріне нақты тапсырмалар берді. Әсіресе ана мен бала денсаулығы, онкология, қан айналымы жүйесі ауруларын емдейтін кемінде 30 дәрігерді шет елдерде оқытып, біліктілігін арттыру қажеттілігі баса айтылды.

Дәрігерлердің біліктілігін арттыру маңызды

Өңірімізде соңғы жылдары медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Десек те, аймақ басшысы айтып өткендей, Ана мен бала орталығы қатардағы балалар ауруханасынан жоғары білікті мамандармен, заманауи технологиялармен қамтылған орталыққа айналуы үшін әлі де тер төге еңбек ету керек.

– Әзірге бұл – қатардағы емхана. Аналарды босандыратын, емханалық қызмет және орташа деңгейдегі медициналық көмек көрсететін мекеме. Күрделі деген науқастарды емдеп, аяғынан тік тұрғызған кезде ғана орталық атына сай болады. Ал бұдан биік деңгейге жету үшін оқу керек, үйрену керек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы жаңа компьютерлік томограф және көз ауруларына арналған құрылғылар орнатылған кабинеттерді аралап көрді.

– Орталықта балаларға арналған компьютерлік томограф орнатылғанына қуаныштымыз, – дейді немересін жетектеген әжей Валентина Слимбаева.
Үш немеремнің бірі науқас болғандықтан, тексерілу үшін Астанаға апаратынбыз. Енді Өскеменнен тексерілетін болдық. Балаларға деген қамқорлығыңыз үшін сізге және орталық басшылығына алғысымыз шексіз.

Функционалды сәуле диагностикасы бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Даниярова мен басқа да бірқатар дәрігерлерді Англияға оқуға жіберуді ұсынған аймақ басшысы жоғары технологиялық, күрделі құрал-жабдықтармен, қондырғылармен сауатты жұмыс істеуі үшін дәрігерлер ұдайы білімін көтеріп отыруы тиіс дегенді баса айтты.

– Бұл сіздердің кінәларыңыз емес, бәрімізге ортақ мәселе, – деді аймақ басшысы Ана мен бала орталығының ұжымымен кездесу барысында. – Әлемдік медицина жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Жаңа стандарттарға жетуге ұмтылу керек, ол үшін білікті дәрігерлер қажет. Тек басшылар ғана емес, медицина қызметкерлері де оқып, білім-біліктерін арттырып отыруы тиіс. Өйткені ауруханаларға ең соңғы үлгідегі қондырғыларды сатып алып, орнатқанмен, оның тілін білмейтін маман науқасқа дұрыс диагностика жасауы екіталай. Жас мамандарға қосымша ағылшын тілін үйреткен жөн.

-Жалпы елімізде дәрігерлерді дайындау дұрыс жолға қойылмаған деп есептеймін. Европалық стандарттарға көшкен дұрыс. Мәселен, өзге елдерде дәрігер мамандығын алу үшін 11 жыл, одан кейін төрт жыл интернатурада оқиды. Тек 15-16 жылында ғана білікті дәрігер атанады. Ал біздің елде небары бес жылдың ішінде маман дайындап шығаруға тырысады. Сондықтан жылына 30-50 дәрігерді Европаға оқуға жіберіп, біліктілігін арттырамыз. Екі жылдың ішінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласы барлық медициналық стандарттар бойынша толық қамтылатындығына кепілдік беремін.

Облыс басшылығының айтуынша, жақын болашақта дәрігерге жазылудың электрондық жүйесі облыс орталығындағы емханаларда ғана емес, барлық аудандық ауруханаларға да енгізілетін болады.

Жуықта роботтандырылған кешенде ота жасалады

№1 қалалық аурухананың бас дәрігері Юрий Старокожев жаңа роботтандырылған кешендегі соңғы үлгідегі ғажайып техникаларын, сонымен қатар, науқас туралы нақты мәлімет алуға, зертханалық талдауларды автоматтандыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйесін көрсетті. Мұнда жуықта газбен қамту жүйесі де іске қосылмақ.

– Былтыр Дүниежүзілік даму банкінің жобасы бойынша медициналық ақпараттық жүйе орнату жұмыстарын бастадық. Бағдарламаны барлық бөлімдерге енгізумен айналысатын IT-бөлім құрылды. Бес сервер, 258 компьютер орнатылды, – дейді Юрий Старокожев. – Қазір урология бөлімі қағазсыз жұмыс істеуге көшті. Бұл жаңа жүйені енгізу арқылы дәрігерлердің үш-төрт сағатын үнемдейміз. Сондай-ақ ол республикалық базаға қосылатын болады.

Трансплантология бөлімі де қозғалмалы операциялық үстелдер, ауа жіберетін консольдер сияқты заманауи құрылғылармен жабдықталыпты.

Роботтандырылған кешенде дәрігерлер қан тамырларын немесе ағзадағы ота жасалатын өзге де органдарды бірнеше есе үлкейтіп көрсететін монитор цифровизациясының жұмысымен таныстырды. Бас дәрігердің айтуынша, сәуір айының соңына қарай еліміз бойынша алғаш рет роботтандырылған кешенде ота жасалады.

Медициналық стандарттарға сай болады

Онкологиялық диспансердегі жаңа технологиялар

Мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру қажеттілігін аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Гүлмира Сағидуллинаға да тапсырды.

– Жаңа қондырғылармен жұмыс істеп жүрген мамандардың барлығы биыл, болмаса келесі жылы Европаға барып, қайта даярлықтан өтуі тиіс, – деді облыс әкімі. – Мұнда заманауи хирургиялық корпус, жансақтау бөлімі, гибридті операциялық бөлім болатындығы қуантарлық жайт. Бюджеттен бөлінген бірнеше миллиард қаражатты алдымен ең қажетті деген жабдықтарға жұмсаңыздар.

Бүгінде онкологиялық диспансерде қайта жарықтандыру, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге дәрігерлер ескі ғимаратта болғанымен, жаңа қондырғылармен жұмыс істеуде. Компьютерлік томография, бейне құрылғылары, стерилизаторлық аспаптар бұрынғы жұмыстарды біршама жеңілдетіп тұр.

Ғимарат неліктен бос тұр

Медициналық жедел жәрдем ауруханасы аумағындағы ғимараттар әлі күнге дейін бос тұрғаны белгілі.

– Егер мұнда Буров көшесіндегі балаларға арналған психоневрологиялық бөлімді көшірсек, ол ғимаратта дәрігерлерге арналған жатақхана ашуға болады. Келісемін. Бірақ осында тері аурулары диспансерін де көшірсек, бұрынғы балабақша ғимараты босайды. Бұл тұрғындар үшін пайдалы шешім болар еді. Осы нұсқаны да қарап көріп, жағдайды жылдамдатып шешу керек, – деді облыс әкімі өзінің орынбасары Әсем Нүсіповаға.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button