«Дидардың» қонағы

Мәдина СӘДУАҚАСОВА, әнші: – Өзіммен тіл табыса алатын адам іздеп жүрмін

Әсем әуезді әнімен һәм көркем келбетімен тыңдаушысын тәнті етіп келе жатқан әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова Өскеменде өткен Шәмші әндерінің байқауында өнер көрсеткен еді. Сол сапарында талантты қыздың өнердегі жолы мен болашаққа бағдарлаған жоспарлары жайлы сыр бөліскен едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

Мәдина СӘДУАҚАСОВА, әнші: – Өзіммен тіл табыса алатын адам іздеп жүрмін

Жуықта жаңа бейнебаяным жарық көреді


– Ең әуелі шығармашылығыңызға тоқталсақ. Естуімізше, жаңа бейнебаян түсіріп жатыр екенсіз. Сол туралы айта кетсеңіз.

– Менің шығармашылығымда бейнебаян көп емес. Алғашқы бейнебаяным «Махаббат жалыны» деген әніме түсірілген болатын. Екіншісі «Сүйген жүрек» әніне, үшіншісі – араға алты жыл салып барып, қолға алған осы соңғы түсірілім. Бұл әннің сөзін кезінде қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жазған. Әнінің авторы – Ғалымжан Искеев. Осынау «Айтатын саған сырым бұл» өлеңін алғаш оқығанымда-ақ менің айтатын әнім екенін бірден ұқтым. Сол себепті бейнебаян түсіруге бел байладым. Қазір монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Шынын айтсам, осы дүниемді көруді өзім де асыға күтіп жүрмін. Алтын Алтайды мекен еткен халық үшін қосымша айта кетейін, бұл бейнебаянның сюжеті де күрделі. Онда айталық, шығармашылық адамның музасы келмей қалған кезде қандай күйде болатыны келтіріледі. Соңғы нұсқасын өзім де байқаған жоқпын, түсірілім кезінде байқағаным, бір кішкентай балаға муза келеді, жалпы сол баланың өмірінің үш кезеңі айтылады. Кейін жарыққа шыққанда өздеріңіз де көріп, бағасын бере жатарсыздар. Бір білетінім, бұл туынды менің өмірімдегі салмақты да тұщымды бір жұмысым болып қалары шындық.

– Сіздер үнемі ел алдында жүргендіктен, қалың қауым сүйікті әншілерінің ғұмыр-тірлігін білгісі келеді. Құпия болмаса отбасылық жағдайыңыз туралы бірер ауыз сөз айта кетсеңіз.

– Мен үйдің үлкенімін. Ата-анаммен бірге тұрамын. Соңымнан ерген екі сіңлі, бір бауырым бар. Жеке басыма келсем – тұрмыста жоқпын. Соңғы кездері журналистер қауымы «тұрмыс құрмайсыз ба?» деп, мазамды алып жүр. Сіздерден өтінерім: мені қуалай бермеңіздерші.

– Мұның бәрі қуанышыңызды көргіміз келетіннен болар…

– Мен бәрін де түсінемін. Журналистердің өзі де – менің жанкүйерлерім. Сондықтан олардың да менің бақытымды тілейтіні сөзсіз. Десе де, орынды-орынсыз түрткілемей-ақ қойса екен.

– Сіз қанша қашқақтағанмен, сұрауыма тура келіп тұр. Сонда тұрмыс құру деген мүлде ойыңызда жоқ па?

– Әрине, бар. Әйел болып жаралған соң ол бақытты кім жек көрсін. Бір ошақтың басында келін болып, ана болып отырған жақсы ғой. Оның бәрі бір Алланың қолында. Осы орайда айтарым, ойбай, уақытым өтіп барады немесе ата-анам мен журналистер қауымы асықтырып жатыр деп, асығыс қадам жасағым келмейді. Ең бастысы, өзіммен тіл табысатын, ортақ әңгімеміз таусылмайтын адам іздеп жүрмін. Егер дәл сондай адам кезіге қалса, бұл мәселені созбайтыныма бек сенемін.

Ресейлік режиссердің сөзінен сасқалақтадым


– Сіздің өнер жолыңыздағы бір биік дейміз бе, жоқ, әлде бір сәтсіздігіңіз дейміз бе, қалай айтсақ та, Алматыда өткен жетінші қысқы Азиаданы жүргізу барысында сіздің біраз ағаттықтар жіберіп алғаныңызды жұрт біледі. Соның себептеріне тоқтала кетсеңіз.

– Биік шыңым деп айтпай-ақ қояйын, қалай десе де, ол – өмірімнің бір кезеңі. Бұл кезең мен үшін сәтті болмағанын жасырмаймын. Ол менің жүргізуші ретінде журналистика саласына алғаш қадам басқаным болатын. Азиада өткеннен кейін бұл мәселе көп сөз болды. Біреулер «дұрыс дайындық болмады» десті. Меніңше, ол жерге ешқандай дайындықтың керегі жоқ болатын. Бірақ мен онда жүргізуші болып тұрғанда өзіме де беймәлім қолайсыздықтар туындады. Отырған жеріміздің өзі ыңғайсыз болды және негізгі сценарий болған жоқ. Бұрындары бес сағат бойы өтетін концерттерді сценарийсіз-ақ жүргізіп үйренген болатынмын. Ал бұл жерде халыққа өте жақын тұрғандықтан, біреулер суретке, біреулер бейнесуретке түсіріп, ал кейбір жанкүйерлер қолындағы нәрселерін лақтырып жатты. Екінші бір қиналғаным, құлағыма таққан тыңдағыштан ресейлік режиссердің тоқтамай сөйлеуі болды. Сол сәттегі «ана кісіні тыңдаймын ба, әлде сөйлеймін бе?» деген ойлар мені қарбалас жағдайға түсірді. Соңынан күліп те, жылап та алдым. Ең ауыр тигені Азиада өткеннен кейінгі жайлар болды. Өздеріңіз білесіздер, баспасөздерде де, халық тарапынан да реніштер толып кетті. Тіпті, интернеттерде «Мәдина мұны өзіне қара пияр жасау үшін жасады» деген сөздер де шықса, бір телеарна «Қара пияр» атты бағдарлама да жасады. Өз елі мен өзінің мемлекетін, халқын сүйетін жан атаулы әдейі жаманшылық жасамайды ғой. Әрине, халықтың бір артқан жүгін ойдағыдай көтере алмағанымды мойындаймын. Алайда, екінші рет тағы осындай мүмкіндік болып жатса, еш бас тартпаймын. Өйткені, «бір сәтсіздік – бір сабақ» дегендей, қателеспейтін адам жоқ шығар, келесіде сол олқылықтардың орнын толтыруға күш салатын боламын.

– Жалпы, негізгі мамандығыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Ең бірінші мамандығым музыка саласы бойынша хор дирижері, екінші мамандығым – психолог. Бес жыл осы сала бойынша жұмыс та істегенмін. Азиада кезінде Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитынмын. Ал Азиаданы жүргізуге қалай таңдалғаным жайында айтар болсам, ол шара өтер алдында ресейлік ұйымдастырушылар халық арасында сауалнама жүргізіпті. Сол сауалнама нәтижесінде мен таңдалыппын.

– Бұдан бұрын қандай концерттерді жүргізген едіңіз?

– «Қазақстан аруын», 14 мемлекеттің басшылары қатысқан Астананың 10 жылдығындағы «Москва поздравляет Астану» атты концертті, «Казахстан встречает олимпийцев» атты жобаны жүргізгенім бар. Мен концерттерді, қалың ел алдында өтетін үлкен шараларды жүргізгеніммен, жабық корпоративтік кештерді, тойды жүргізуге барған емеспін, өйткені, оған менің табиғатым сай келмейді. Мен конферансье есебіндегі жүргізушімін.

Кейде күніне 300-400 қоңырау қабылдайтыным бар


– Сіз жарық жұлдыздардың бірісіз. Оның үстіне басыңыз бос. Талантыңызға табынушылар тарапынан қандай да бір қызық жағдайлар орын алған кезі болды ма?

– Менің өмірімде ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Әсіресе, жас жігіттер жағынан жиі кездеседі. Бірде Дәурен деген жігіт қол телефоныма хабарлама жіберіп: «Мәдина, қазір маған хабарласпасаңыз, көпірден секіріп кетемін» деп жазыпты. Мен амал жоқ оған хабарласып, өзімнің ол ойлағандай керемет емес екенімді түсіндіріп жүріп, зорға дегенде иландырғаным бар. Шынын айтсам, кейде азаннан кешке дейін 300-400 қоңырау қабылдаймын. Сол себепті қазір нөмірімді ауыстырып жатырмын. Орайы келгенде жанкүйерлеріме айтарым: мен де сіздерді жақсы көремін. Өнерімді бағалағандарыңызға рақмет. Ал мен үшін өмірін қиғалы жүргендерге айтарым: Мәдина өмірдегі қарапайым ғана қыздардың бірі!

– Сонда табынушыларыңызға ренішіңіз бар ма?

– Олай емес. Ауыл-ауылға барғанда халықтың сенің де дәл солардың өздері сияқты адам екеніңді, тамақ ішіп, ұйықтайтыныңды ұмытып кетіп, «менімен суретке түс, анда-мында жүр» деп, әуреге салатындары да бар, мұндайда мен ренжімей, керісінше, сол адамдардың риясыз пейіліне мәз болып қаламын. Мен де дәл солар сияқты адаммын ғой, тек маған Алла ән айтатын өнер берген, сол өнер үшін басқалар маған осынша құрмет көрсетіп, сыйлап жатса, оған қалай қуанбайсың?

– Репертуарыңызда қанша ән бар?

– 200-ден астам ән бар, тағы да толықтырып, жаңа альбом жазу үстіндемін. Бұл жинақ бұрынғыдан сәл өзгешелеу болатын сияқты. Оның негізі – заманауи әндер. Оған қоса би билеуді де үйреніп жүрмін. Болашақта осының барлығын көретін боласыздар.

– Сізді сүйетін жандар көп… Сіз біреуді сүйіп көрдіңіз бе?

– Әрине, ғашық болғам, қазірдің өзінде де ғашықпын, алдағы уақытта да бір адамдарға ғашық бола берерім сөзсіз. Бірақ ол адамның атын айта алмаймын. Менің ойымша, шығыс әйелінің өзіндік бір құпиясы болғаны дұрыс. Сондықтан бұл менің құпиям болып қалсын.

– Қазіргі әншілерді тыңдармандарынан алыстатып бара жатқан фонограммамен ән салу туралы не айтар едіңіз?

– Фонограмма тек сахнаның талабы үшін ғана қажет, әйтпесе, оны әншілердің басты қаруы деп қараудың еш қажеті жоқ және біздің әншілердің көбі фонограммасыз ән орындай алмайды деген пікірге мен қосылмас едім. Әнші болған соң сенің ерекшелігің әнді дауысыңды шығарып айту ғой. Ал студияда жазылған әнді аузыңды жыбырлатып қана орындау – өзіңді-өзің ән айту ләззатынан айыру деген сөз. Басқаларды қайдам, өз басым талай байқаудан өткен, жетігеннен басқа аспабы жоқ президенттік оркестрде ән шырқаған әншімін. Сондықтан маған жанды дауыспен ән салудың ешқандай қорқыныштылығы жоқ. Ал ол жетістігімді көрсету үшін жарысқа түсіп, байқауда бақ сынауға қарсымын. Дауысыңды ел естісін десең, жанды дауыста концерт өткіз не болмаса басқа бір бағдарлама жаса.

Шығысқа жиірек келгім келеді


– Хоббиіңіз бар ма?

– Кітап оқу. Мәселен, өз еліміздегі жазушылардан айтар болсам, өздеріңіздің жерлестеріңіз Қабдеш Жұмәділовтің шығармаларын, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін ерекше сүйіп оқимын.

– Шығысқа жиі келіп тұрасыз ба?

– Өкінішке қарай, жиі келе алмаймын. Бірақ, үнемі келіп тұрғым келеді. Мұнда «Гүлдер» ансамблімен бірге бұдан үш жыл бұрын келгенмін. Содан кейін келіп тұрғаным осы. Сондағы келгенім мен осы жолы келгендегі әсерімді мүлде салыстыруға келмейді. Себебі, Өскеменнің көркі көз сүріндірердей болып өзгеріпті. Тіпті, халықтың ажары да басқаша сияқты. Негізінен бұл өңір небір біртуар жандарды дүниеге әкелген киелі жер ғой. Осы бір қасиетті ортаға жиірек келуге жол түсе бермейтіні өкінішті…

– Жасырып-жабары жоқ, қазіргі әншілердің көбі той-томалақтан жақсы нәпақа табады. Сіздің бұл реттегі бағаңыз қандай?

– Қатып қалған, тұрақты баға жоқ. Ал нақты бағасын өзім шешпеймін. Ондай жұмыстармен айналысатын Айжан деген ұйымдастырушым бар. Мен тек шығармашылықпен айналысамын.

– Қазақстандағы қалың әншінің ішінен сіздің әдемі дауысыңызды бірден ажыратуға болады. Бұл да болса әншінің бақыты шығар…

– Ол – ең алдымен Алланың берген сыйы. Екіншіден, менің ұстаздарым мықты болды. Мысалы, бокалдан Бибігүл Төлегенованың шәкірті, қызылордалық Қаракөз Ақдәулетова сынды ұстаздардан тәлім алдым.

– Осындай дегдар өнерпаздық тегіңізде бар болар?

– Менің отбасымда анамның аздап ән айтатыны болмаса, ешқандай өнер адамдары жоқ. Менің дауысым тура сол кісінің дауысына ұқсайды. Ол той-томалақтарда ән айтса, халықтың мен екен деп те қалатын кездері болатыны бар. Бірақ ол кісі сахнаға шығып, өнер жолын қумаған адам.

– Сіз көлікті жылдам жүргізетіндердің қатарына жатады екенсіз, жол полициясы қызметкерлері өнеріңізді сыйлайтын болар?

– Иә, олар да мені сыйлайды, мен де оларды сыйлаймын. Дегенмен жол жүру ережесін бұзбауға тырысамын. Асығып, жылдамдықты асырыңқырап жүретінім рас. Қалайда «мен Мәдинамын!» деп, ешкімнің өміріне қауіп төндіргім келмейді.

– Уақытыңызды бөліп, әдемі әңгіме өрбіткеніңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жұлдызыңыз жарқырай берсін!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button