Қоғам

«Мәдениет» мал тұқымын асылдандыруға мән береді

«Мәдениет» мал тұқымын асылдандыруға мән береді


Маралды ауылдық округіне қарасты Қыстаукүршім ауылында орналасқан «Мәдениет» шаруа қожалығы өз іргесін 1996 жылы бекемдей бастаған еді. Сол ауылдың іскер азаматы Сәтбаев Мәдениет заманның ағысын, уақыттың тынысын қапысыз болжай біліп, қолда бар малын, пайға тиген техника мен қора-қопсыны заңды түрде рәсімдеп алып, бала-шағасымен өз алдына жеке шаруашылық құрған болатын. Не нәрсенің ыңғайын білетін еңбекқор азаматтың қадамы сәтсіз болған жоқ, малы мыңғырып өсе бастады.

Сөйткен әкесі өмірден мезгілсіз өтіп кетіп, отбасы бір дағдарысты кезеңге тап болған уақытта шаруашылық тізгінін Мәдениеттің кенже ұлы Берік қолға алды. Қолға алып қана қойған жоқ, әке мұрасын өркендетіп, одан әрі дамытуға білек сыбана кірісті. Тынымсыз еңбек, тоқтаусыз ізденістің арқасында ісі ілгері басқан «Мәдениет» шаруа қожалығы бүгінде аудан көлеміндегі іргелі шаруашылықтардың қатарынан бой көрсетіп отыр.

– Қожалыққа тау етегінен орын тепкен «Орысай» мен «Қарағаш» қыстақтары қарайды, – деп пікір бөлісті бізбен Берік арнайы барып жолыққанымызда. -Осы жайылымға қолайлы телімдерде малымыз өсіп-өніп жатыр. Қарамағымызда 1000 қой, 300 ірі қара, 120 жылқы түлігі бар. Қойды ауылдасымыз Бөкенов Болатхан он жыл бойы тиянақты түрде бағып келе жатыр. Ал сиырдың бақташысы – Махаббат Бекұлы деген азамат. Жылқыға Тәрбие деген жігіт ие болуда.

Малшыларымыз жыл сайын межелі уақытта еңбек демалысын алады. Зейнетақы қорына төлемдер уақтылы жасалып отырады. Мал төлдеген кезде ауылдан төрт сақманшы аламыз.

Шаруашылықтағы аналық малды ұрықтандыратын бұқалар мен қошқарларды Берік екі жыл сайын ауыстырып отыратын көрінеді. Өйткені, мұндағы қой мен сиыр түліктері – асыл тұқымды малдар. Олардың тұқымын аздырмас үшін, аталық малдың текті болуына баса көңіл бөлу қажет. Сондықтан да Б.Сәтбаев аудандағы «асыл тұқымды шаруашылық» мәртебесі бар қалғұтылық «Арын» және Бурабай ауылындағы «Ұлан» шаруа қожалықтарынан бес бұқа сатып алып, мал тұқымын асылдандыруға бел шеше кірісіп жатыр. Алдында үш бірдей қазақтың ақбас тұқымды бұқасын алған Б.Баймұхамбетовтің «Арын» шаруа қожалығынан Берік тағы да 15 қошқар сатып әкелген екен.

– Осының барлығы түбінде түлік атаулыны тегіс асылдандыру үшін жасалып жатқан тірлік қой, – дейді Берік. – Сонымен бірге малды жазда жайып, семіртуге де баса ден қоямыз. Малымыз түгелдей жайлауға шығады. Жылқы мен сиыр – Өгізсыймас жайлауында, ал қойды Көлшілік жайлауындағы Бесбастау деген жерде бағып отырмыз.

Берік енді ірі қараның бір бөлігін қолда ұстап, бордақылауды жолға қоюға кірісіп жатыр. Ол үшін барлық талапқа сай қора салдырған ол бір дегенде 100 басты бордақыға қоюды межелеп отыр. Жыл сайын 50-60 ірі қара мен 150-дей қойдың етін саудалайтын Берік Мәдениетұлы бұл бағытта ауқымды да нақтылы жоспар құрып отыр. Шаруақор азаматты әсіресе, қазіргі кездегі жүн мен терінің ешкімге қажетсіз болып қалғаны қынжылтады. «Есіл шикізат жерге көміліп, ысырап болып жатыр», – дейді ол. Кезінде қырық-елу қойы бар адамның жүннен табатын пайдасы сол малдың жарты бағасынан асып түсіп жататын еді.

«Мәдениет» шаруа қожалығының техникасы шөп шабу науқанына төрт құбыласы түгел қалыпта даяр тұр. Әсіресе, лизингке алынған барлық агрегаттары сақадай сай МТЗ-82 тракторлары көрген адамды қызықтырады.

– Мына тракторды 2015 жылы алғанбыз, – деп түсіндірді Берік, – сол кезде бағасы 7,5 млн, теңге болатын. Оның қарызын өтеп болдық, несиенің жартысын мемлекет төлеп берді. Ал биыл алған мына жаңа трактор 12 млн. теңгеге бағаланып отыр. Жұмыс көп, жаңа техникасыз болмайды.

Өз игілігін еселеп, сонымен қатар, оннан артық адамды жұмыспен қамтып отырған «Мәдениеттің» қадамы қарымды, табысы татымды. Тізгінін Беріктей іскер де сауатты азамат ұстап отырған шаруашылықтың алдағы уақытта да сол биігінен аласармай, жүйелі жетістіктерге жете береріне жұрт сенімі селкеусіз.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button