Қоғам

Мамырсуда комбинат құрылысы басталмақ

Мамырсуда комбинат құрылысы басталмақ
Осыдан үш жыл бұрын ауданда өндірістік қуаты ауысымына 1400 бас қой-ешкі сойып, өңдейтін комбинат ашу жоспарланып, оған Мамырсу ауылдық округінен отыз гектарға жуық жер телімі де бөлінген болатын.
Жоба сәтті жүзеге асса 204 адам жұмыспен қамтылып, отбасын асыраудың жаңа мүмкіндіктері де ашылады деп жоспарланған. Қазір Мамырсу ауылдық округіндегі аталмыш жер теліміне байланыс және жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастыру басталды. «EurasiaAgroHolding» ЖШС жоба мердігері болып отырған бұл құрылыстың бүгінгі күні құжаттама жұмыстары аяқталып, нақты іске кірісер күн басталған іспетті. Таяуда ғана «EurasiaAgroHolding» ЖШС атқарушы директоры Серғазы Исембаев пен австралиялық Tony J. Kairouz Andrew Fernuhough сынды инвесторлар келіп, құрылыстың мән-жайы мен бағыт-бағдарын айқындап қайтты.
– Жалпы, бұл құрылысқа облыс әкімі Даниал Ахметовтің үлкен қолдауы болып отырғанын айтқым келеді, -дейді Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов, – облыс көлеміндегі ірі жобалар қатарына жататын бұл құрылысқа Үкімет тарапынан 450 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұйырса, осы қаражатқа су мен электр желілерін тарту жоспары енгізіліп отыр.
Аягөз ауданының жері шұрайлы, малға жұғымды қыраты мен жайлауының шөбі аса нәрлі болып келетіндігін зерттеген шетелдік инвесторлардың ұтылмайтындығы анық. Іс тетігін тауып, жұмыссыз жастарға жұмыс орындарын ашуды мақсат еткен компанияның аяқалысы жұрт назарында.

Беікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button