Білім

Мұғалім мәртебесін көтеретін кез келді

Мұғалім мәртебесін көтеретін кез келді

Облыста 334 педагог жетіспейді. Соңғы кезде денсаулық саласы мен басқа да бағыттарда кадр жетіспеушілігі жайында көп айтылып, бұл тығырықтан шығудың жолдары қарастырылып жатқаны белгілі. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен білім басқармасының алқа мәжілісінде осы мәселеге ерекше назар аударылды.
Басқосуда жалпы білім беретін мектептердің деңгейін 2020 жылға дейін Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейіне дейін жеткізу туралы Елбасының тапсырмасын орындау, өңірдегі шағын мектептердің оқу-әдістемелік деңгейі, аудандағы білім ошақтарында спорт сыныптарын ашу және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сияқты өзекті мәселелер де қаралды.
-Біздің өңірдің мұғалімдер қауымының алдында ауқымды тапсырмалар тұр. Облыста үш тілді меңгерудің қанатқақты жобасы қолға алынды. Осы бағытта құрылған жұмысшы тобы біршама жұмыстарды атқарды, алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Бүгінде оқулықтарға тапсырма берілген, педагогтардың білімін жетілдіру курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Ұлт көшбасшысының аудандарда спорт сыныптарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындауымыз керек, -деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Күршім, Катонқарағай, Ұлан, Тарбағатай және Бородулиха аудандарындағы шағын мектептердің жұмыстарына талдау жасаған «Восток» дамытып оқытудан мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталығы-мектеп-кешенінің директоры Гүлбараш Маткаримованың сынына ұшырамаған мектеп некен-саяқ. Аудандардағы білім бөлімдерінің ресурс орталықтарының жұмыстары ешқандай сын көтермейді. Мектептерде оқушылардың жеке істері, құжат айналымы, журналдар дұрыс толтырылмаған. Күршім ауданындағы Ақши мектебінде бар болғаны 29 бала болса, солардың жеке істері толық емес. Мысалы, Тарбағатай, Бородулиха аудандарында бірінші қыркүйекте оқушылардың тізімі толық анықталмаса, Катонқарағай ауданының бір мектебінде 10-11 сыныптың оқушылары тарих пәнін бір бағдарламамен оқитыны белгілі болды. Білім куәліктері мен аттестаттардың ешқандай бұйрықсыз оңды-солды таратылатыны кездеседі.
Білім сапасында да кемшіліктер аз емес. Мұғалімдер сабақ жүргізгенде оның мазмұнына мән бермейді. Сабақтың тиімділігі отыз пайыздан аспайды екен. Оқушылардың қазақша да, орысша да сауатсыз жазатындары анықталған. Мұғалімдер өз сабақтарына қажетті бағдарламаларды Ресейдің сайттарынан көшіріп алады, тіпті, онда кездесетін «муниципальный», «федеральный» деген сөздер де оларға ешқандай кедергі болмайтын көрінеді. Бұл сөздерді «муниципалды» «федералды» деп аудара салған, оның Қазақстанның оқу бағдарламасына ешқандай қатысы жоқтығына ешкім бастарын қатырып жатпайды.
-Мұғалімдер өз жұмыстарына шығармашылық тұрғыдан келмейді. Дарынды балалармен жеке шұғылдану жоспарланбайды. Ал Кэмбридж технологиясында талапты оқушылармен жұмыс істеудің ерекше модулі көрсетілген. Мектеп басшыларының тарапынан бақылау, сабақтарға қатысу жүйелі жолға қойылмаған. Сол себепті де бағаларды көтеріп қою фактілері кездеседі. Пәндер бойынша білім сапасы 85 пайыз деп көрсетілген, – дейді Гүлбараш Маткаримова.
Бұл кемшіліктердің барлығы біз жоғарыда айтқан кадр жетіспеушілігінен туындап отырғаны да белгілі. Басқосуда Жақсылық Омар бірер жылдың ішінде қойшының көмекшісі, кассир, еден жуушыдан педагог дәрежесіне дейін көтерілген мұғалімдері бар мектептердің директорларын орындарынан тұрғызып, мұндай жүгенсіздікті қысқарту қажеттігін ескертті.
-Күршім ауданында СЭС-тің санитары болған адам бүгінде мұғалім болып жүр. Тағы бір мысал, 1998 жылы шопанның көмекшісі, 1999 жылы еден жуушы, 2013 жылы диплом алып, ұстаздыққа қол жеткізген. 2011 жылы күзетші болған кісі қазір информатикадан сабақ береді. Тана Мырза мектебінде мал шаруашылығының маманы мұғалім. Аспазшыдан мұғалімдікке ауысқандары бар. Бұл біздің барлығымыз үшін өте ұят нәрсе. Мектептерде құжат айналымы жоқ, аттестаттарды оңды-солды таратамыз. Оралман оқушыларды қазақша дұрыс білмейді деп шеттетеміз. Мұның бәрін доғару керек, – деген облыс әкімінің орынбасары білім басқармасының басшысы Айжан Садықоваға барлық шағын мектептердің жұмысын тексеру жөнінде тапсырма берді.
Облыс орталығындағы №44 мектеп-лицейдің директоры Таңатқан Түменбаев жиналғандарды облыстағы білім беру мекемелерін 2016-2020 жылдарда педагог кадрларымен қамтамасыз етудің кешенді жоспарының жүзеге асуы жайында әңгімелеп берді. Байырғы ұстаз кадр жетіспеушілігі проблемасын шешуге қатысты өз ұсыныстарымен бөлісті. Ең алдымен, ұстаз мәртебесін көтеру қажет. Директор бес жүз түлекпен әңгімелесу барысында олардың ешқайсысы да мұғалім болуға талпынбайтындарын байқағанын айтты. Мұғалім мамандығының дәрежесін арттыру үшін жас мамандарға баспана мәселесін шешіп беру қажет. Мамандық жәрмеңкесін ұйымдастыруда да өзгерістер енгізген дұрыс.
– Неге барлық факультеттер мамандар жәрмеңкесін бір күнде өткізеді? Уақыттың тығыздығынан жұмыс берушілер болашақ мамандармен танысып та үлгермейді. Оларды әр айда өткізуге қолдау көрсетсеңіз, – деген өтінішін де ортаға салды.
Студенттерді барлық курстарда да бір мектепте тәжірибеден өткізу үрдісін қалыптастыру қажет, бұл олардың арасынан қажетті маманды таңдап алуға мүмкіндік бермек. Таңатқан Түменбаев ең жақсы мұғалім алдымен колледж бітіріп, сосын жоғары білім алғандардан шығады деген пікірде. Өйткені, колледждерде сабақтар мектептегідей күнде өтеді және оқушылардың қатысуы үнемі тексеріледі екен. Мұғалім мамандығын тартымды ету үшін педагогтардың жалақысын үнемі өсіру, оларға еңбек демалысы кезінде басқа мекемелердегі сияқты қосымша бір жалақы төлеу (қазір тек бір жалақы мен санаториялық-сауықтыруға қосымша төленеді), педагогикалық колледж оқытушыларына категория үшін ақша төлеу, педагогтарды сырттай және қашықтықтан оқытуды тоқтату қажет деген сияқты ұсыныстар айтылды. Жақсылық Омар қазір облыс орталығында жас мамандар үшін салынып жатқан үш жатақханадан 15-20 пәтерді жас педагогтарға бөлу мүмкіндігін қарастыратындарын жеткізді. Сонымен қатар, дуальді оқыту жүйесіне сәйкес студенттердің сабақтан кейін мектептерде жұмыс істеулеріне, сол үшін жалақы алуларына жағдай жасау қажеттігін айтты.
Алқа мәжілісінде облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Елдос Чекенов аймақтағы білім ошақтарының спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілуі, жалпы білім мектептерінде спорт сыныптарын ашу және Президенттік тесті тапсыру қорытындыларымен таныстырды. Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова балалардың жазғы лагерьлерін ұйымдастыру жөнінде баяндады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар білім саласы ең маңызды бағыттардың бірі екенін, ал мұғалім мамандығы мәртебелі болу қажеттігін қайталады. Сондықтан да бұл салаға ерекше көңіл бөліп, барлық проблемаларды тез арада шешу қажет.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button