Қылмыс

Мал ұрлаушылар тобы ұсталды

Облыстың үш тұрғыны біреудің жайылып жүрген жылқысын атып алып, әрі қарай етін бөлшектеп, сатпақ болған.

Патрульдік полиция батальонының инспекторлары “Шешек” асуында ертеңгілік патрульдеу кезінде шамадан тыс жүкпен келе жатқан автокөлікті тоқтатады. Күршім ауданының 29 жастағы тұрғынының басқаруындағы автокөліктің салонында жүргізушіден басқа тағы екі жолаушы отырған.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік құралын тексерген тәртіп сақшылары тиісті құжаттары жоқ малдың етін табады, сонымен қатар полицейлер көліктің жанынан мылтықты көрген.

Жолаушылардың бірі көлікке қарай келе жатқан полиция қызметкерлерін көрген кезде автокөліктің есігін ашып, қарға мылтық лақтырып жібереді. Күдіктілер атыс құралынан осылайша құтылмақ болған.

Жауап алу кезінде күдіктілер түнгі сағат екіде Ұлан ауданы Мамай батыр ауылына мақсатты түрде аттанғандарын айтты. Ер адамдар жақын жерде жайылып жүрген жылқыны мылтықпен атып алып, етін  бөлшектеп, терісі мен басын жолда лақтырып жіберіп, етін сату үшін әрі қарай Өскеменге жолға шыққан.

–Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның барысында қылмыстық топтың бұрын да Ұлан ауданы аумағында мал ұрлығымен айналысқаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қаскүнемдерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ер адамдарға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы кесілуі мүмкін, – деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button