Ауыл шаруашылығы

Мал неге азайып кетті?

Мал неге азайып кетті?Облыстың ауыл шаруашылығы саласы мал басын көбейту, егістікті әртараптандыру, егіннің түсімін арттыру, өнімдерді экспорттау бағыттары жағынан өзге аймақтарға қарағанда біршама артта қалып отыр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жер қатынастары басқармаларының ағымдағы жылдың жеті айының жұмысын қорытындылаған жиында соңғы екі сала бойынша да көңіл бөліп, ширатуды қажет ететін бірсыпыра шаруа бар екені айтылды.

Бөлінген ақша мақсатсыз жұмсалған

– Былтыр да аусыл мен бруцеллезден шығын болған малдың орнын толтыруға Үкіметтен қыруар қаржы бөлінді, бірақ өлген малдың орны толтырылған жоқ. Себебі, тиісті мал сатылып алынбай, басқа мақсатқа жұмсалған. Ақша қайда кетті? Аудан, ауыл әкімдерімен неге жұмыс істемейсіздер? Жағдайды неге білмейсіздер? – деді мал басының өспей отыруының басты себептеріне тоқталған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов баяндағандай, өткен жылы мал санының азайып кетуіне аусыл, бруцеллез ауруларының шығуы себепші болған. Бірақ, мал індетіне байланысты жағдай биыл да жақсара қойған жоқ. Аусыл ауруы шыққан Үржар мен Тарбағатай аудандарында қазір карантиндік мерзім алынып тасталды. Мемлекеттен бұл аудандардағы шығынға ұшыраған малдардың орнын толтыруға бір млрд. теңге өтемақы бөлінді. Қазіргі күні аталған аурудың беті қайтқанымен, Өскемен, Зайсан, Абай, Үржар, Көкпекті аудандарында бруцеллез ауруы азаймай отыр.

Сала басшысы сонымен қатар аусыл ауруына қарсы егіліп жатқан вакцина сапасының да нашар екенін жеткізді, оның өзі де жетпей жатыр. Бұл инфекциялық аурудың қайтадан бас көтеруі қаупін тудырып отыр. Бруцеллезден сауықтыру шараларында да шалағайлықтар көп. Жергілікті жердегі осы жәйттерді ретке келтіріп, мәселелерді шешу жөнінде әлденеше рет ұсыныстар жазылып, хат жолданып жатқанымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінгі күнге дейін көңіл аудармай отырған көрінеді.

Өңірдің ауыл шаруашылығындағы тағы бір түйткілді мәселе мемлекеттен бөлінген субсидиялардың дер уақытында игерілмей жатуында. Егіншаруашылығы бойынша өткен жеті ай ішінде субсидия 87 пайыз көлемінде ғана игерілген. Қаржының қолға тимеуіне көктемгі егіс жұмыстарының ұзаққа созылып, құжаттарды өткізудің кешіктірілуі, жаңадан қосылған талаптар бойынша қосымша құжаттар жинаудың машақаты, оған қоса аудандарда егін шаруашылығының егжей-тегжейін жақсы білетін білікті мамандардың, агрономдардың аздығы да кедергі келтірген.

Риддер мен Өскемен өңіріндегі шаруашылықтардан егін шаруашылығына субсидия алуға бірде-бір құжат тапсырылмаған болса, Глубокое, Шемонайха, Зайсан аудандарының жіберілген құжаттары талапқа сай болмауына байланысты бірнеше рет кері қайтарылған.

Аяқсыз қалған жобалар көп

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жиында үш саланың қай-қайсысында болмасын басы дардай, аяғы қылдай болып кеткен талай іс бар екенін атап айтып, сала басшыларының, оған қоса өз орынбасарының жаңа жобаларды, болашағы бар жоспарларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстарды нәтижесіз, жүйесіз жүргізіп жатқандығын айтты.

Облыс басшысының ағаш өңдейтін қайта өңдеу өндірістерін ашу, ауыл маңындағы ормандарда қурап, шіріп жатқан ағаштарды тұрғындарға отынға беру, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, жер үлескілерін аукционда сату мәселелерін ұйымдастыруға орай берген тапсырмалары шалағай орындалып, көпшілігі әлі шешілмеген мәселе күйінде қалып келеді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қалиқан Байғонысов орманды тиімді пайдаланып, ағаш өңдеуді дамытуға қолданыстағы заңдылықтардың кедергі келтіріп жатқандығын алға тартты. Орман шаруашылықтарына мемлекеттік орман қоры заңды тұрғыда бекітіліп берілмеуі себептен орман алқаптарын пайдалануда мемлекеттік құрылымдар мен жеке ағаш өңдеушілер арасында түсініспеушіліктер тууда.

Осындай жағдайға әкеліп отырған мәселенің бірі – ешкімге тиесілі емес иесіз жатқан орман қоры. Елді мекендердің жанында орналасқан бірнеше мың гектар орман алқабы жергілікті аудандық, қалалық әкімдердікі делінгенімен, заңды тұрғыда олардың орман қорына құқықтық құзыреті жүрмейді.

Бұл жәйттермен осы мәселелерді қадағалайтын менің орынбасарым Владимир Кошелев мақсатты түрде айналысуы керек, – деді облыс Әкімі. – Алдымен орман қорын есепке алып, тіркеу жүргізу қажет, орман үлескілерін кімге пайдалануға беру керектігін сосын барып шешу керек.

Ағаш өңдеуде де алдымен басын ашып алатын мәселе көп. Сәуір айында биоотын ретінде қолданылатын шақпақтар шығару туралы жақсы жоба қолға алынғанымен, оның өзіндік құны, бағасы күмәнді күйінде қалып отыр.

– Егер мұндай шақпақтардың бағасы көмірдің бағасымен бірдей болса, одан екі-үш есе қымбат болса, оны кім сатып алады? – деді сұрақты төтесінен қойған облыс Әкімі. – Бұл жағдай да Зайсан газының жобасына ұқсас. Зайсандықтар газды тұрмыста қолдануға келісіп отырғанымен, оның бағасы көмірдің бағасынан қымбат екенін білгенде, жобаға деген көзқарастары бірден өзгерді.

Биыл облыста бар-жоғы 18 млн. теңгенің 55 жер үлескісі сатылған. Өткен жылы Глубокое, Бородулиха, Күршім, Үржар, Ұлан, Шемонайха аудандары мен Семей қаласы маңында барлығы 3425,3 мың гектар алқап ауыл шаруашылығы бағытындағы жер ретінде есепке алынып, соның 335,8 мың гектары пайдаланылмай жатқаны анықталған.

– 350 мың гектардың бос жатқаны белгілі, оны жекеменшікке береміз бе, мемлекет қарамағына бекітеміз бе, мал өрісіне пайдаланамыз ба, мәселе осында болып отыр. Жер үлескілерін есепке алу, оны мал жайылымы ретінде пайдалану, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру бағытындағы шаралар жүйесіз жүргізілуде. Мал жаятын жер жоқ, жерді есепке алдық дейсіздер, неге соның нәтижесі көрінбей отыр, – деген облыс басшысы жерді есепке алу, мемлекетке қайтару шараларының баяу жүргізіліп жатқанын айтты.

– Әр ай сайын талдау жасап, есеп беріп отыру қажет. «Тері былғары комбинатын» не үшін қалпына келтірдік, үш ауданда сервистік дайындау орталықтарын не үшін құрдық? Сүтті тіпті, Павлодардан да келіп сатып алып кетіп жатқаны туралы айтады. Ал өзіміздің зауыттар 30 пайыз жүктемемен ғана жұмыс істеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен жұмыс істеу керек, – деп өзінің орынбасары Владимир Кошелевке ауыл шаруашылығында, орманды пайдалану, жер қатынастары салаларында басы басталып, соңы аяқсыз қалған талай жоба бар екендігін айта отырып, аталған шаруалармен шындап айналысуды тапсырды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button