Мәдениет

Әміренің әншілері Майамиге барады

 Семейде облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 74-ші  маусымашар концерті өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

Өнердің қарашаңырағы саналатын ұжымның іргетасы құрылғаннан бастап өнерпаздар шетелдерге шығып, тыңдарманын тәнті етіп келеді. Ал биылғы маусымашар «Рухани жаңғыру», «Жастар жылы» және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шәкәрімнің «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, бұл маусымашар концерт те бұрынғыдан өзгерек болғанын көзі қарақты көрермен бірден байқады. Шығармашылық ұжымның айдан аса уақыт жүргізген дайындығы еш кетпеді. Көрерменнің көңілін дөп басты. Жақсы ән мен тәтті күй көңілдерге түрлі ой салып, әркім әнді өзінше сүйіп, өзінше тыңдады. Талғам таразысынан шыққан таңдау түскен тамаша әндер құлақтан кіріп бойды алды.

– Жаңа маусымды жаңа форматта, жаңа бағытта өткізу басты міндетіміз болған. Ойлағанымыз жүзеге асқан тәрізді. Оны  көрерменнің өнерпаздарға  деген құрметі мен қошеметінен анық аңғардық. Біз үшін көрерменнің ықыласынан асқан мәртебе жоқ. Театрландырылған концерт ұсына алдық деп ойлаймын, – дейді филармония директоры Адай Азаматов.

Концерт шымылдығы этно-фольклорлық ансамбльдің Абайдың «Аттың сыны» өлеңіне құрылған композициясымен түрілді. Осыдан-ақ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын насихаттау өнер ұжымының басты ұстанымы екенін аңғардық. Мерекелік кеште өнер ордасының халықаралық байқауларға, фестивальдерге қатысқанын айшықтайтын деректі фильм көрсетіліп, көрермендер ұжымның жүріп өткен жарқын сәттерін жадында жаңғыртты.

Сондай-ақ «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен «Тұмар» би ансамблі сахна сәнін келтірді. Абай операсынан көрініс те  көпке ұнады. Әсіресе Абай ауылына атақты Біржан салдың келуі, Майраның, Нартайдың, Кененнің, Үкілі Ыбырайдың, Әміренің әуелеген әндері шырқалғанда, көрермен біткен тына қалды. Музыкалық театрландырылған композиция еліміздің Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Көшеровтің Абай операсындағы «Абай» ариясын орындаумен шырқау шегіне жетті.

Өнер ордасының жастары да көрерменді әлемнің үздік классикалық әндерімен сусындатып, таланттарымен тәнті етті. «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен жергілікті композитор М.Қоқымбаевтың «Самғау» күйіне биші Айнұр Асқар және «Тұмар» би ансамблі мың бұрала билеп, керемет  үйлесімділік  көрсетті. Домбырашылар мен қобызшылар арасындағы күй тартыс та көрерменнің көңіл пернесін дөп басты.

Өнер ұжымының мэтрлары, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Баян Сағынбаева, Омаровтар отбасы, Бақытгүл Исаева, Мейрамбек Ахметов «Ақбұлақ» әнін орындап, есті де ескі эстрадалық әндер легі шырқалды. Еліміздің Мәдениет қайраткері, «Шапағат» орденінің иегері Мапруза Утуленовадан бастаған, Гүлдана Ноғайбаева қостаған таланттар көрермендердің көзайымына айналды. Жастар жылына орайластырып, филармония әртістерінің орындаған «Қазақ жастары» әні маусымашар концерттің шырқау шегіне жеткенін көрсетіп, көрермендер ұзақ қол соқты.

Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның баспасөз қызметінің мамандары айтқандай, әрдайым тың жаңалықтарымен көрерменді таңғалдырып жүрген ұжым бірнеше елде гастрольдік сапармен болған екен.

– Биыл маусымның ашылуын театрда ерекше атап өтеміз. Көрермендер үшін біз ең үздік әртістердің қатысуымен бір жарым сағаттық концерт ұсынамыз. Жақын арада біздің концерттеріміз жақын аудандарда және Өскеменде өтеді. Қараша айында біз Моңғолияға баруды жоспарлап отырмыз. Ал жыл соңында біздің фольклорлық ансамбль Майамиге аттанады, – деді облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Адай Азаматов.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button