Экономика

Ұлтарақтай жерге қолы жетпей жүр

Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша облыс орталығының жұмыссыз тұрғындарына несие беруге 235 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Несие алуға ниеттеніп, бизнес жобасын ұсынған алпысқа тарта адамның ішінде балық өсіру, омарта шаруашылығымен айналысу сияқты тың кәсіп көзін ашуға бел буып отырған азаматтар да көп.

Ұлтарақтай жерге қолы жетпей жүрАл Қытайдан атажұртқа көшіп келіп, Согра кентіне қоныстанған оралман Берік Мұрат несиеге үш миллион теңге алып, қолындағы малының басын екі еселеуді көздеп отыр.

Берік «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы былтыр да мемлекеттен бір жарым миллион теңге несие алыпты. Ол қаржыға бес сиыр сатып алып, өсіріп жатқан жайы бар. Көктемде малдары төлдеп, бес ірі қараның саны төрт бұзаумен толығып, тоғызға жеткен. Алайда сол ақ уыз жегізіп, аққа кенелтіп отырған малдарды жаз бойы емін-еркін өріске шығарып жайып, күзде шөбін шауып алатын не жайылымдық, не шабындық жер жоқ болып тұр. Несиеге берген қаржыға әрқайсысын үш жүз мың теңгеден сатып алған сиырлары мен олардың төлін Берік ауылдың маңындағы өріске қашып-пысып жайып жүр. «Қашан тағы біреу келіп қоқаңдап: «Менің жерім, кет!» деп айтар екен деп зәре жоқ» дейді ол.

– Ескі Согра кенті деп аталатын бұл ауылдың маңында жайылымдық жер де, шабындық жер де жетеді. Жер көп, бірақ жер жоқ. Қарап тұрсаңыз бәрі бос жатыр. Барып мал жайсаң, біреудің жері болып шыға келеді. Шөбін шауып алсаң да дәл солай. Осы жақта алдыңғы жылы да, былтыр да, биыл да жан баласы аяқ баспаған жер көп. Бірақ олардың бәрі біреудікі, иесі бар. Сол пайдаланылмай, текке жатқан жерлерді көргенде маған қашан ұлтарақтай жер бұйырады екен деп ойлаймын. Жер сұрап барған жерім көп. «Бос жер жоқ» деген жауап аламын, – дейді Берік.

Берік Мұраттың отбасы Қазақстанға 2006 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағынан көшіп келген. Ол жақта да мал бағып, егін салып нанын ауыл шаруашылығынан айырған екен. Осында келген соң сол үйреншікті кәсібін жалғастыруды жөн көрген. Отбасындағы еңбекке жарамды жастағы әке-шешесіне, дәрігерлік мамандығы бола тұра бос отырған әйеліне, екі баласына, апайына, бір үйдегі бірнеше жанға күнкөріс кәсіп болады деп үміттеніп бастаған ісі берекелі болып келе жатқанымен егіндік, шабындық, тым болмаса жайылымдық жерінің жоқтығы жігерін құм қылып тұр.

Бір ірі қараны қысы-жазы бағып-күткенге орта есеппен 200 мың теңгедей қаржы кететін болса, оралман жігітке жазда қашып-пысып жүріп баққан малын қыс ішінде асыраған одан бетер қиын тиіп келеді. Себебі, малдың қыстамасына қажетті жемшөптің бәрін сатып алуда. «Егер егіндік жерім болса, мал азығындық дақылдарды өзім-ақ өсіріп, өңдеп алар едім. Ол менің үйренген кәсібім» деген ол жер тиіп қалар деп әлі де үмітін үзбей жүр.

Өскемен қалалық №1 жұмыспен қамту орталығының директоры Шоқан Есімханов Берік Мұраттың несиеге алған малдарын бағып-күтіп, қарызын мерзімінде қайтарып жатқандығын айтады. Сол үшін оған биыл да шағын несие беруді ұйғарыпты.

Облысымызда иесінің өзіне де, өзгеге де бақыр тиын пайда бермей иесіз жатқан, бос жатқан, пайдаланылмай жатқан жер көп. Қандасымыз айтқандай, жер көп, бірақ жер жоқ. Біреу жерді игермей, тоздырып жатса, біреудің қолы бір сүйем жерге жете алмай сергелдеңге түсіп жүр. Еңбек етсем, жағдайымды жақсартсам, жетілсем деп мемлекеттен несие алып, үлкен үмітпен үлкен шаруаға кіріскен оралманның мәселесі оңды шешімін таба ма? Оралман отбасымен қоштасқанда біздің көкейімізде осы сауал тұрды.

Жанаргүл Мұқатай

Суретте: Берік Мұрат несиеге алатын қаржысының
бір бөлігін қоражайын кеңейтуге жұмсамақ.

Осы айдарда

Back to top button