Қоғам

Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы

Латын әліпбиіне көшу - уақыт талабы


Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан тақырып, ол – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Елбасының бастамасымен қолға алынған, уақыт талабынан туындаған жаңа ауқымды реформаны Шығыс жұрты да кеңінен талқылауда. Күн тәртібіндегі өзекті мәселені жан-жақты қаузаған осындай дөңгелек үстел облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Өскемендегі Талдау және болжау институтының базасында ұйымдастырылды.

Талқылауға қатысқан өңірдегі ҮЕҰ, саяси партиялар, БАҚ өкілдері, облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс-сараптамалық тобы жетекшілері, тіл мамандары мен ұстаздар, жастар өкілдері негізінен латын әліпбиіне көшудің ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін сыртқы әлеммен байланысқа шығуға аса тиімді екендігіне тоқталып, жаңа реформаны қолдайтындықтарын білдірді. Ендігі алдымызда тұрған негізгі мақсат – мұның қаншалықты пайдалы екендігін халыққа ұғынықты тілмен түсіндіру екендігін айтады мамандар.

– Жаңа бастаманы жатсынудың қажеті жоқ. Себебі, естеріңізде болса, 1940 жылдарға дейін Қазақстанда латын әліпбиі қолданыста болды. Біздің аталарымыз бен апаларымыз сол уақытта латын тілінде жаза алды. Сондықтан мұны қайта оралу үрдісі деуге болады. Кейбіреулер мұны орыс тілінің құрдымға кетуі деп байбалам салуда. Бұл қате пікір. Мен шетелдік азаматтармен жиі араласатын адам ретінде айтар болсам, қазір ғылым мен білімнің бәрі ағылшын тілінде. Ақпараттық технологиялар да сол тілде. Бізге тек аударма арқылы ғана жетеді. Сондықтан ғылым, білімге жол саламыз десек, көшуіміз, үйренуіміз қажет. Ал жастарға, балаларға латынға өту тіпті оңай болмақ, себебі олар қазірдің өзінде ағылшын тілін жақсы меңгерген. Күнделікті өмірде, оқу барысында қолданып та жүр. Жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша аймақта жастардың 95,2 пайызы көшуді қолдаған. Сол себепті, латынға көшуді насихаттауға жастар да белсене атсалысуы керек, – дейді облыстық Азаматтық Альянсының төрағасы Олег Чернышов.

Ал өз тәжірибелерімен бөліскен өңірдегі ЖОО-ның ғалымдары мен оқытушылары латынға көшуді асықпай, кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жөн санайды. Мәселен, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да латынға көшкен өзге елдердің тәжірибесін зерттейтін және кадрлар дайындаумен айналысатын жұмыс тобы құрылған.

– Ғылыми әдебиеттердің 80 пайызы ағылшын тілінде жазылған. Бұл тек ақпараттық технологиялар саласына ғана емес, физика мен химияға, Нобель лауреаттары ашқан ғылыми жаңалықтар материалдарына да қатысты. Әлемдік деңгейдегі ғылым мен жетістіктердің көшінен қалыс қалмас үшін латыншаға ауысуымыз қажет. Бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз. Реформа үштілділікпен де тығыз байланысты. Сондықтан да Президент алдымызға алдымен үштілділік міндетін, содан соң латынға ауысу мақсатын қойып отыр. Мұның бәрі бір күнде бола салатын дүние емес. Қазақстан 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен толық көшіп бітеді. Үштілділік бойынша облыс әкімінің қолдауымен өңірде жұмыс тобы құрылып, үлкен шаруа атқарылып жатқанын білесіздер. Бәрі де өз орнымен келе жатыр, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.

Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Ботабаеваның пікірінше, әліпбидің ұсынылып отырған қазіргі жобасын әлі де жетілдіре түсу қажет.

– Латынға өту мәселесі Парламент отырысына ұсынылғаннан кейін қазақ қоғамында кеңінен талқыланып жатыр. Жұмыс тобының ұсынысы бойынша 25 таңба және оған қосымша 8 диаграф қосылып отыр. Менің жеке пікірім, осы диаграфтарға келіспес едім. Мысалы, «а» әрпін, «ае» деп беру негізгі төл дыбыстарымыздың жоғалуына әкеп соқтырады. Мұнымен көптеген ғалымдар да келіседі деген ойдамын. Әрі әлеуметтік желідегі қарама-қарсы пікірлер де осыдан туындап жатыр. Сондықтан, жыл соңына дейін бұл жоба дұрыс шешімін табады, өз тарапымыздан ұсыныстар беруіміз керек, осындай жиындар барлық тілдік орталықтарда өтуі қажет деген ойдамын, – деді ол.

Айнұр Ботабаева сонымен бірге алдағы тілдер күні қарсаңында облыста Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл институты мамандарының арнайы қатысуымен латын қарпіне көшуге байланысты үлкен талқылау шарасы өтетінін де жеткізді.

Маманның пікірін жиынға қатысып отырған өңірлік БАҚ өкілдері де қостады. Облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Айнагүл Ескенқызының айтуынша, бұл диаграфтар бірінші кезекте тілшілердің жұмыс қарқынын айтарлықтай тежегенімен қатар, материалдың қажетті көлемін де ұлғайтып жібермек.

– Біз осындай талқылаулар өткізу арқылы жыл соңына дейін бірыңғай стандартты бекітіп алуымыз керек. Әйтпесе, бәріміз шатасатын боламыз. Егер қазіргі нұсқа қабылданып кетсе, артынан өзгерту қиын болады. Мәселен, диаграфтардың орнына диакритикалық таңбаларды қолдансақ, ең тәуір нұсқа сол болар еді. Бұл Ахмет Байтұрсыновтың нұсқасында бар. Тіл институты да осы жобаны ұсынып отыр. Әрине, түпкілікті бекіту жағын біз шешпейміз, алайда облыстың тіл саласындағы мамандары біріге отырып, нақты негізге сүйенген ұсыныстарды жолдауымыз қажет, – дейді журналист.

Жоғарыда аталған лингвистикалық орталықтың маманы Сәния Исаханқызы ұсынылып отырған әліпби нұсқасында қазақтың кейбір сөздерінің мәні мен мағынасы өзгеріп кететіндігіне нақты мысалдар келтірсе, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Ережепова қазіргі жастар ақ парақ секілді жаңалықты тез қабылдайтынын ескертіп, олардың санасына тек толыққанды жетілдірілген нұсқаны ғана сіңіру керектігін жеткізді.

Ал облыстық ішкі саясат басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Есімбекованың мәлімдеуінше, жаңа бастаманы біздің қоғам әлі жете түсінген жоқ. Әсіресе, зейнет жасындағы тұрғындар. Сол себепті ертеңнен бастап жазу, сызу, іс-қағаздары, сөйлеу – бәрі латыншаға өзгереді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын, латынның маңызын, пайдасын әлеуметтік желілер арқылы қоғам өкілдері көптеп насихаттауы керек.

– Мәселен, ЭКСПО-ға барып қайтқан адам тіл білмеудің қаншалықты қиын болатындығын байқады. Әлем жұрты қай тілде сөйлейтінін байқады. Сондықтан, осыны сезіне отырып, насихаттаған жөн. Әсіресе, бұған жастар атсалысуы қажет, – дейді ол.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков мұның бәрі келешектің қамы үшін, цифрлы Қазақстан үшін қолға алынып жатқан кешенді реформалар екенін нақты мысалдармен алға тартса, «Регион-пресс» газетінің редакторы Елена Березовская-Абилова Шығыс өңірі қашанда өміршең бастамалардың, жаңа идеялардың бастамашысы болғанын айта келе, латынға көшудегі ұсыныстарды да жоғары мінберлерге бірінші болып жолдауды ұсынды.

Ал аға буынның атынан сөз алған қоғам белсенділері Серік Оразбайұлы мен Жаңабай Әшімов латын тілінің аса қажетілігін атады.

– Естеріңізде болса, 1940 жылдарға дейін Қазақстанда латын әліпбиі қолданыста болды. Біздің аталарымыз сол уақытта латын тілінде жаза алды. Медицина тілі латынша болды. Одан еш жамандық болған жоқ. Ал қазір цифрлы Қазақстан туралы айтып жатырмыз. Оның негізінде де латын әрпі жатыр. Сондықтан мұны қайта оралу үрдісі деуге болады. Бұл жерде ешкімге, еш халыққа қысым жасалып отырған жоқ. Жаңалықты қабылдамай, өзге дамыған елдермен теңесе алмасымыз анық. Ол үшін жұрт болып жұмылуымыз тиіс, – дейді Серік Оразбайұлы.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, бүгінде әлем бойынша латын әліпбиін ғаламшар тұрғындарының 4 млрд-тан астамы қолданады екен.
Жиынды қорытындылаған қатысушылар латын әліпбиіне көшу уақыт талабынан туындап отырғанын айтып, оны жеткілікті түрде жаппай насихаттау қажеттігіне мақұлдасып тарқасты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button