МәдениетӨнер

Қылқалам ұшындағы ұлылар бейнесі

Өткен тарихтың өрнегін өшпестей етіп таспалап келе жатқан өнердің бірі – сурет өнері. Отарлық заманның отына күйген біздің ұлтта суреттің сырын, күйдің тілін түсінетін жандар азайып кеткені ақиқат. Солай екен деп суретшілеріміз қылқаламын, күйшілер домбырасын қолынан тастаған емес. Оған облыстық өнер музейінде өткен көрмеде куә болып қайттық. Ертіс бойының суретшілері тарихи тұлғалар бейнесін таспалап, ұлыларды ұлықтапты.

Бұл күні облыстық өнер музейі Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновқа, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке, бұлбұл көмей әнші Роза Бағлановаға, қазақ батырлары Ізғұтты Айтықов, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановаға төрден орын беріпті. Өйткені өнер музейінде есімі елге әйгілі тұлғалардың мерейтойларына орай «Тарихымыздың ұлы тұлғалары» атты өңірлік суретшілер байқауының қорытынды шарасы өтті. Осыған орай музей қызметкерлері жеңімпаздарды марапаттау барысында байқауға келіп түскен қылқалам шеберлерінің суреттерінен көрме жасап, көпшіліктің назарына ұсынған.

– Облыс орталығында өтіп жатқан бүгінгі рухани шараның мәні терең, маңызы зор. Өйткені бұл шара қазақтың ұлы тұлғаларының мерейтойларына арналып, олардың бейнесін тарихқа таспалап қалдырып отыр. Оған облыс суретшілері ғана емес, Абай және Павлодар облыстарының суретшілері де үлес қосты. Осылайша өнер музейінің сурет қоры жаңа туындылармен толыға түсті. Үнемі осылай қылқалам шеберлерінің арасында байқау өтікізіп, шығармашылығын бағалап отырсақ, рухани мұрамыз молая түсері анық, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.

Иә, музей мұрасын ұлылар бейнесімен толықтырған суретшілердің еңбегі бағаланып, алтын қолды қылқалам шеберлері марапатталды. Жеңімпаздарды қазылар алқасы «Кескіндемелік портрет», «Графикалық портрет» және «Сюжеттік картина» аталымдары бойынша бағалап, жүлделі орындарды белгілеген. Нәтижесіне павлодарлық Зура Асылғазина, тарбағатайлық Әлібек Шоқанов, өскемендік Ержан Тұрғанбаев қатарлы суретшілер ынталандыру сыйлығына ие болып, 80 мың  теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі үшінші орын иеленген катонқарағайлық Әділбек Қуаныш 100 мың теңге, өскемендік Ольга Плотникова 150 мың теңге, павлодарлық Ағертіс Солтанбаев 200 мың теңге ақшалай сыйлықты байқаудағы жеңісті еңбектеріне қаламақы етті. Ал екінші орынды еншілеген өскемендік Әділет Ниязбеков 200 мың теңге, өскемендік Мәди Қайырхан 250 мың теңге, семейлік Аманбек Бейсембаев 300 мың теңге ақшалай сыйлық пен марапатты қоржынға салды. Бәйгенің бірінші орнын жеңіп алған семейлік Солтанбеков Нұржан 300 мың теңге, павлодарлық Анар Әубәкір 400 мың теңге, өскемендік Есбол Нұрсадықов 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Өнер музейінде өткен өңірлік суретшілер байқауының 700 мың теңгелік бас жүлдесін семейлік Тілеуғазы Жұбанышев қанжығаға байлады.

Осылайша ойдан-қырдан жиналған қылқалам шеберлері өзара мықтыны анықтап, өнер бәйгесін бөліске салды. Байқауға барлығы 26 автордан 42 сурет келіп түскен.

– Бейнелеу өнері – басқалармен салыстырғанда ерекше талантты талап ететін өнер. Сондықтан бүгінгі байқау жеңімпаздарының барлығын дарынды суретшілер деп бағалауға толық негіз бар. Бұл кісілер бүгін тарих жасады. Өйткені өткен өмірдің өрнегін, яғни, тарихи тұлғалар бейнесін бояу арқылы болашаққа қалдырып отыр. Әлі суреттің сырын түсінетін заман келгенде бұл картиналар құнды жәдігерге айналатын болады, – деді Суретшілер одағының мүшесі, Лондон қаласындағы «Гильдия» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, Өнер академиясының академигі Әділғали Баяндин. Сондай-ақ игілікті іс-шара барысында бір жыл бұрын өткен «Дала дидары» өнер фестивалінің каталог-кітабының тұсауы кесілді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Дала Дидары» өнер фестивалі барысында облыстың 16 ауданы музей сахнасында өздерінің музыкалық өнерлерін көрсетіп, көрермен залында шығармашылық көрмелерін жайған болатын. Аталған аудандық көрмелерде облыс суретшілерінің төрт мыңнан астам туындылары көпшіліктің назарына ұсынылған. Соның ішіндегі үздік дегендері бұл жолғы каталог-кітапқа қатталып, оқырман қауымға жол тартты.

Осылайша бұл күні көрермен қауым сурет әлеміне саяхат жасап, қалам ұшындағы ұлылар бейнесін тамашалап қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button