Тағдыр

Күресінде адам жатыр…

Иә, күресінде адам жатыр. Құлағымызбен естігенімізді емес, көзімізбен көргенімізді айтып отырмыз. Бойларында жаны бар, құр сүлдері ғана көрінгенмен, өлместің қамына кіріскен. Олардың өз тірліктері бар.

Өскеменнің күн шығысындағы аумағы ат шаптырым күл-қоқыс, тағам қалдықтарын төгетін қалалық күресінде иесіз малмен бірге жайылып жүр. Сырттай қарағанда құбыжық көргендейсің. Іштерінде әйелі де, еркегі де, жасы да, жасамысы да бар. Еттеріне су тимеген бейшаралардың ту сыртынан жүру мүмкін емес, еркегінің сақал-мұрты қауғадай, әйелінің беті көлкілдеп, қол-аяғы кір-қожалақ. Күресіндегі қолқаны қабар сасық иіске еттері үйренгені сондай, күл-қоқысты айнала күрке жасап тастапты. Осында жатып, осы араны мекен етіп тұрады. Қаладан қоқыс-қалдық тасып ағылган көліктер кетісімен жемтікке шүйілген құзғын-қарғаны тас лақтырып үркітіп, жемқор сиырларды сырғауылмен қуып әбігерге түседі де, қалғанына өздері ие болады. Осы жерде тамағын тауып жейді, бөтелке, темір-терсекті өткізіп, тиын-тебенге айналдырады. Тепсе темір үзетін соқталдай жігіттердің қимылы ширақ, қоқысты шошқаша сүзгілей қопарып, қорс-қопасын шығарады. Одан әйелдері де қалысар емес, сиыр саууға асыққан бикелердей шелектеріне толтырып жатыр.

Ешқайсысы мүсіркеуді керек етпейді. Азғындық кейіп пен қолқаны атар сасық иіс ешкімге керексіз пенделерге жиіркеніш туғызады. Сырттай қарап тұрғанда, бұл адамдар асау толқын жағаға лақтырған жаңқадай, қым-қуыт қоғамның уақыт безбенінен ойсырай ұтылған мүскін мүшелеріндей, құдайдың кәріне ұшырап аластатылған, «адамның басы алланың добындай» көрінді.

…Күресіннің қақ ортасына дүңгіршек машина келіп тоқтады. Кабинадан түскен жігіт ағасы ентелеп келген екі қаңғыбасқа айыр ұстатты. Әлгі екеуі машина қорабына секіріп шығып, сойылған малдың борсыған ішек-қарнын, өкпе-бауырын, бұзылып кеткен қоң еттерін айырлап лақтыра бастады. Күрке-лашықтан, таса-тасадан атойлап ағылған қырық қаралы әлгілер қарқ болып қалды, етсіреген болуы керек, пышақ үстінен бөліп алды. Артынша басқалқаларының алдынан түтін будақтап, қазан көтеріле бастады.

– КамАЗ келеді, – деген жас қыздың ащы дауысын желемік іліп әкетті. Ауажайылғандар селт етті. Күресінге жегілген көлікке көздері   әбден   үйренген.   Ал,   бөтен   көліктің  олжасы  бөлек.  КамАЗ-дың тиегені іші түскен қауын-қарбыз, уақыты өтіп, бұзылған көкөніс қалбырлары екен. Уақыт оздырмай, суын сорғалатып ақтара салды. Аш қасқырдай анталаған қаңғыбас қауым сала құлаш тілінен сілекейі шұбырып, ентелей еңкілдеген сиырлардың алдын орап, қызылды-жасылды көмбеге тарпа бас салды. Омырауы аңқиған дудар бас орта жастағы әйел емшектегі баласының аузына қауынның жылбыраған сірнесін уыстап тығып жатыр. Быжынаған боқ шыбыннан бұлт үйіріледі. Төбе шашың тік тұрып, айныған жүрегіңді бірге құсып тастағандайсың.

Міне, күресінде жатқан адамдардың күнделікті тірлігі осы. Сонда жергілікті үкіметтің, жұртшылықтың назарынан тыс қалған бейбақтар кімдер? БОМЖ-дар ма (белгілі мекен-жайы жоқ адамдар), маскүнемдер ме, әлде жұмыссыздар ма? Күресін қақпасына кіргенше сұраған адамдардан тұшымды жауап ала алмадық. «Қаңғыбастар қатары көбейіп келеді». «Үйсіз-күйсіздер де, маскүнемдер де осында». «Күресіндегі күркеде әйелдер босанып та алады». «Жұмыстан қысқарып, пәтерақысын төлей алмағандар болуы керек». «Көң-қоқыстан бағалы металл іздейтін кооператив құрылыпты». Олар туралы алып-қашпа сөз осы.

Қасымызда облыстық теледидардың операторы бар біздер мұрнымызды басып, күресіндегі күркелерге жақындай бергенімізде ондағылар басқа планетадан түскен адамдарды көргендей таңырқап, жарықтан қашқан тарақандай сай-салаға сүріне-қабына қашып берді. Олардың арасындағы қол ұстасқан қос қара көзді көргенде көңілдегі кірбің тіпті ұлғая түсті. Қашуға шамалары келмегендері бет-әлпеттеріндегі баттасқан кірден көздері ғана жылтырап, бей-жай ыржияды.

– Осында күнкөріс үшін келеміз. Жиналған бөтелке, темір-терсекті ақшаға айырбастаймыз. Әкем осындағы кооперативте жұмыс істейді. Өзім биыл екінші класқа барамын, – дейді өзін Нина Гвоздева деп таныстырған қаршадай қыз. Екі тізесін құшақтап қазанда қайнаған қара суды күзетіп отырған Нинаның әкесі артына жалтақтай қарап, көзұшында ұзап бара жатты.

– Кірпіш заводынан қысқарғанмын. Жұмыс таба алмаған соң, біреулердің ақылымен осында келдім. Мыстан, жезден жасалған заттарды өткізіп, күнделікті нанымды айырамын. Кейде қағазға оралған шошқаның майын, қатқан нан тауып аламын. Бұл – өзін Геннадий Ермолаев деп таныстырғанның сөзі. Арнайы құжаттары болмағаннан кейін кімнің кім екенін айыру да қиын. Шығарып салма сөз төркінін ұқтық.

Сонда күресінде құрылған кооперативі несі? Осы мәселе құзырына қарайтын бұрынғы арнайы коммуналдық көлік кәсіпорны, қазіргі «Воробьев басқару серіктестігі және компания» мекемесінің бастығы Николай Владимирович Воробьев мырзаға жолығуға тура келді.

– Иә, өндіріс қалдықтарынан қажетті заттарды жинайтын кооператив құрылғаны рас. Еріксіз сол адамдарды қабылдауға тура келді. Меніңше, бәрінің мекен-жайы бар. Өздерін жұмыста жүргендей сезінеді, – дейді ол.

Сонда бөтен адам көрсе, «кооператив мүшелері» жұмыстарын тастап неге қашады екен? Сасық иістің жел жағынан ғана жүріп, күресіндегі арзан жұмыс қолымен күреп пайда тапқысы келетін компания басшылығынан жоғары жақтағы құзырлы органдар арнайы құжат сұраса ұялып қалары кәміл.

Жерден жеті қоян тапқандай, жұртшылықты жиіркендіріп, баяндағанымызбен «Американы аштық» дей алмаймыз. Қазір ешкімді таң қалдыра алмайсың. Бәрі қалыпты жағдай сияқты. Америка демекші, бұдан он-он бес жыл бұрын капитализм билеген дүниенің сиқы деген дәл осындай хабар-ошарды суретімен баспасөз беттерінен оқитынбыз. Заман ағымына орай қоғам өзгерсе, «күлгенге күле жетер, екі етегін түре жетер» деген осы. Бірақ, дәл сол кезде Америкада мұндай сорақылық орын алмапты. Оған да бүгін көзіміз жетіп отыр.

Сөздің тоқ етері, өз проблемамызға келейік. Осы баяндалған жағдайды теледидардан көріп, газеттен оқыса, экология комитеті, санитарлық-эпидемиологиялық станция, санитарлық милиция, қала әкімшілігі еріксіз ойға батып, шара қолданғаны дұрыс-ау. Өйткені, түрлі аурудың ошағына айналар қала сыртындағы күресіннің тұрғындары Өскеменнің көшелерінде де қаңғып жүр. Бұрыш-бұрышта қайыр сұрап, қол жайып тұрғандары да баршылық. Олардың арасында маскүнемдер мен панасыздар да, арамтамақтар мен қылмыскерлер де кездеседі. Олардың аражігін ажыратып, есепке алу құзырлы орындардың міндеті. Әлеуметтік кеселге әлеуетті шара ғана тосқауыл қояды.

…Күресінде жайылған сиырдың сүтін ішуден де жиіркенеміз. Ал, осы жиіркеніштен ада адам күресінде жатса ше?…

Уәлихан Тоқпатаев

21 тамыз 1997 жыл

 

Осы айдарда

Back to top button